2026 жылғы 10 наурыз күні сағат 03:30 шамасында ауа райының күрт бұзылуына байланысты республикалық маңызы бар бірқатар автожолдарда барлық көлік түрлерінің қозғалысына уақытша шектеу енгізілді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Атап айтқанда, Жамбыл облысында «РФ шекарасы — Мәртөк — Ақтөбе — Қарабұтақ — Қызылорда — Шымкент — Тараз — Қордай — Алматы — Қорғас — ҚХР шекарасы» республикалық автожолының 534-593 шақырым аралығы, яғни Айша бибі ауылы мен Түркістан облысының шекарасы арасындағы бөлігінде қозғалыс тоқтатылды.
Сондай-ақ Түркістан облысында аталған автожолдың 593-654 шақырым аралығы, яғни Жамбыл облысының шекарасы мен Машат ауылы аралығында барлық көлік түрлеріне қозғалысқа шектеу қойылды.
Жауапты қызметтердің мәліметінше, жол қозғалысын 2026 жылғы 10 наурыз күні сағат 10:00-де қайта ашу жоспарланып отыр.
Қосымша ақпаратты тәулік бойы 1403 байланыс орталығына хабарласып алуға болады.






