Жуалылық спортшы Премьер-министрдің алғыс хатымен марапатталды
- авторБақытжан Бекболат
- Бүгін, 15:18
- 257
Бүгін Үкімет үйінде өткен жиында Премьер-министр Олжас Бектенов биыл 15–26 қараша аралығында Жапонияның Токио қаласында өткен XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарына қатысқан қазақстандық спортшыларға мемлекеттік наградалар табыс етті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Марапатталғандардың қатарында Жуалы ауданынан шыққан еркін күрес шебері, Сурдлимпиада ойындарының қола жүлдегері Ғасыр Тұрғынбай да бар. Ол көрсеткен жоғары нәтижесі үшін Премьер-министр Олжас Бектеновтың Алғыс хатымен марапатталды.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген Премьер-министр Олжас Бектенов спортшыларды қолдау Үкімет жұмысының басым бағыттарының бірі екенін атап өтіп, Ұлттық құрамаға, оның мамандары мен бапкерлер құрамына жеңіске жету жолында табандылық пен ерік-жігердің үлгісін көрсеткен үйлесімді және нәтижелі жұмыстары үшін алғысын білдірді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында бұқаралық спортты дамытуға, ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін спорт ғимараттарын салуға баса назар аудару қажеттігін атап өтті. Сурдлимпиада ойындары біздің еліміздегі сурдлимпиада қозғалысының тұрақты дамып келе жатқанын айғақтайды. Бұл спорттық ұйымдардың, жаттықтырушылардың сондай-ақ, өз еңбегімен болашақ жеңістерге берік негіз қалайтын спортшылардың үйлесімді және тынымсыз жұмысының нәтижесі. Президенттің тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде Үкімет кәсіби және бұқаралық спортты дамыту, спортшыларды қолдау бойынша жұмыстар жүргізуде, жаңа инфрақұрылым нысандары салынуда. Жүйелі және уақтылы шаралар жалпы жетістікті арттыруға және бүкіл спорт саласын одан әрі дамытуға мүмкіндік береді»,— деп атап өтті Олжас Бектенов.
Айта кетейік, 2025 жылғы Сурдлимпиада ойындарына 81 мемлекеттен 3 мыңға жуық спортшы қатысты. Қазақстандық спортшылар сегіз спорт түрінен ел намысын қорғап, 8 алтын, 4 күміс және 13 қола – барлығы 25 медаль жеңіп алды. Нәтижесінде ҚР Ұлттық құрамасы жалпы командалық есепте 9-шы орынды иеленді.





