сенбі, 7 маусым, 2025 6:07

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ақнәр Хамиттің өлімі: Желіде бұған дейін жарияланбаған видео пайда болды

Ақнәр Хамиттің өлімі: Желіде бұған дейін жарияланбаған видео пайда болды
Гүлістан Хамитованың жеке архиві
Палмановтың айтуынша, қайғылы оқиға қарсаңында Ақнәр Гүлістан өзі таныс қыздар – Дидар мен Раноны шақырып, «қалған тамақты алып, қосымша сыра ішіп, пәтер жалдап тынығуды» ұсынған.

Алматыдағы «Amir» тұрғын үй кешенінде 2024 жылы түнде жетінші қабаттан құлап қаза тапқан 22 жастағы Ақнәр Хамиттің өліміне байланысты қылмыстық іс он айға жуық уақыт өтсе де әлі ілгерілемей тұр. Марқұмның туыстары тергеудің баяу қимылын полицияның салғырттығымен түсіндірсе, күдікке ілігуі мүмкін деген тараптың ­— Қытай Халық Республикасының азаматы, KIMEP түлегі Дидар Мұқияттың ­адвокаты Жандос Палманов баспасөз мәслихатын өткізіп, өз ұстанымын жариялады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz kaz.orda.kz сайтына сілтеме жасап.

Екі тарап – екі түрлі уәж

Палмановтың айтуынша, қайғылы оқиға қарсаңында Ақнәр Гүлістан өзі таныс қыздар – Дидар мен Раноны шақырып, «қалған тамақты алып, қосымша сыра ішіп, пәтер жалдап тынығуды» ұсынған.

 

«Ақнәр ішімдік ішкен соң жігіті басқа қызбен кездесіп жүргенін айтып, түн ортасында сол қызбен арадағы дауды шешпекке талпынды. Дидар мен Рано бұған қарсы шықты да, оны тыныштандыруға тырысты», – деді қорғаушы.

 

Оның сөзіне қарағанда, бейнебақылау камераларында Ақнәрдің терезеге бірнеше рет ұмтылып, өзін-өзі ұстай алмай жүгірген сәттері түсіп қалған. Адвокат көрсеткен үзіндіде Дидар Мұқияттың ағасы марқұмды қытай тілінде сабырға шақырып тұрғаны байқалады.

 

«Желіде тарап кеткен бейнежазба толық емес. Мен бүгін көрсеткен бейнежазбада Ақнәр ішімдік ішкен соң, өздігінен құран сүрелерін айтып, арқасы көтеріліп кеткен болу керек. Дидар мен екінші қыз Рано оны сабасына түсірмек болады. Менің қорғауымдағы қыз марқұмға оның қылығы дұрыс еместігін және түн ортасында ешқайда баруға болмайтынын айтқан. Әрі бастапқыда оны тыныштандыруға тырысқан. Артынан екеуі төбелесіп кеткенде Дидар оларды ажыратуға тырысқан. Содан ол екеуі төбелесіп жатқанда Дидар қорқып әжетханаға кіріп кеткен. Екеуі басқа бөлмеде төбелесіп жатқанда Дидар 103-ке хабарласқан. Әрі туыстарына «өлтіріп жатыр, ұрып жатыр» деген сипаттағы хабарламалар жіберген. Сондықтан ол не болғанын көрмеген», – дейді Палманов.

 

Марқұмның анасы Гүлістан Хамиттің дерегінше, қыздарының ағзасынан алкоголь табылмағанын медициналық сараптама растаған. Ол қызын «ақшадан таршылық көрмеді, біреуге берешегі болмады» деп сипаттап, банк шотындағы жылдық айналым 36 млн теңгеге жеткенін де алға тартады.

 

Адвокат бұған: «Сыра адам ағзасынан 4–5 сағаттың ішінде тарап кетеді. Қолымызда бірге сыра ішкендерін дәлелдейтін толық бейнематериал бар», – деп жауап қатты.

 

Сонымен қатар қорғаушы Ақнәрдің жігітімен арасындағы қатынасы жайлы да сөз етті.

 

«Үшеуі оқиғаға дейін бір отырыста болған екен, содан қалған тамақты өздерімен қосымша сыра мен сусын алып, «пәтер жалдап отырайық» деп Ақнәрдің өзі қос қызға ұсыныс тастаған. Ал арасындағы дауға келсек, Ақнәр арақ ішкен соң жігітінің басқа қызбен жүріп кеткенін айтып, түн ішінде сол қызбен барып ұрыспақшы болған екен. Қыздар түн ішінде «мұндай күйде бармайсың» деп сабасына түсірмекші болған. Оған қоса басында қарыздың бар екенін айтып, күйзеліске түсіп, қабырғаға басын ұрып, шашын жұлған. Екі қыз басында оны сабырға шақырған», – деді қорғаушы.

 

Жарақаттар мен бейнежазбадағы «сұлба»

Тергеп-тексеру материалдарында Ақнәрдің денесінен сынған қолына, мұрнына, жұлынған шаш пен тырнаққа қатысты анықтамалар тіркелген.

 

«Бұл жарақаттардың нақты неден пайда болғанын тергеу анықтайды. Әзірге бізге де белгісіз», – дейді Палманов.

 

Дәл сол түнгі бейнебақылауда қыз құлаған қабаттағы дәлізден белгісіз адамның сұлбасы өткені байқалады. Қорғаушы «кадр толық зерттелуі керек, әзірге нақты қорытынды жасауға ерте» деген пікірде.

 

Куәгер мәртебесі неге өзгермеді?

2024 жылдың 24 қазанында тергеуші екі қызды куәгер санатынан күдікті санатына ауыстыруға санкция алғаны туралы құжат жәбірленуші тарапқа көрсетілген. Алайда Дидар Мұқият пен Рано әлі күнге дейін куәгер күйінде қалды.

 

Бұған Палманов: «Істің барлық материалымен толық таныспағандықтан, бұл сұраққа дәл қазір жауап бере алмаймын», – деп қысқа қайырды.

 

Ақпарат құралдары көтерген тағы бір сауал – қыздардың оқиғадан кейін ертеңгі таңғы сағаттарда банк бөлімшесінен 7–8 млн теңге шешіп алғаны жөнінде. Қорғаушы мұны да жоққа шығарды. Сондай-ақ, журналистер Ақнәрдің дәл осы Дидар Мұқиятқа бір миллион теңге аударған себебін білмек болды, бірақ адвокат ақша аударымы туралы дерекке ие емес екенін жеткізді.

 

Қысым көрген куәгер

Дидар Мұқияттың баспасөз мәслихатына келмеу себебін адвокат әлеуметтік желіде тараған бейнежазбалардан кейінгі «қоғамдық қысыммен» байланыстырды.

 

«Қорғалушыма қатысты негізсіз айыптаулар көп айтылып жатыр. Ол қазір желідегі қауесеттен қауіптенеді», – дейді Палманов.

 

Туыстардың жанайқайы

Марқұмның анасы Гүлістан Хамит бұған дейін полицияның айғақтарды іске қоспай отырғанына шағымданған. Осы аптада ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеоүндеу жолдап, істің тоғыз ай бойы жылжымай тұрғанын, қызын қасақана өлтіргендер жазадан сытылып кетуі мүмкін екенін мәлімдеді.

 

Тергеу жалғасады...

Алматы қалалық Полиция департаменті Ақнәр Гүлістанның өліміне қатысты қылмыстық істі «Адам өлімі» бабы бойынша тергеп жатқанын, барлық сот-медициналық және криминалистикалық сараптамалар тағайындалғанын хабарлады. Тергеу аяқталған соң процессуалдық шешім қабылданбақ.

 

Осылайша, Ақнәр Гүлістанның жұмбақ өліміне қатысты негізгі сұрақтар – сырахана-пәтер отырысының шындығы, бейнекадрдағы белгісіз тұлға, марқұмның денесіндегі жарақаттардың пайда болу себептері, сондай-ақ куәгерлердің күдікті ретінде жауапқа тартылмау себептері – әзір жауапсыз қалып отыр. Тергеу нәтижесі шықпайынша, екі тараптың уәжі де, қоғам күдігі де сейілер түрі көрінбейді.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар