“Аллергиясына дейін көңіл бөледі”. Алматыға шетелдік блогерлерді шақыру үшін 42,6 млн теңге төленеді
- авторjambylinfo.kz
- 19 ақпан, 2024
- 753
Алматы қаласының бұрынғы туристік ақпараттық орталығы, қазір "Алматы туризм бюросы (Almaty Tourism Bureau)" болып өзгерген компания мемлекеттік сатып алу сайтында 42 млн 600 мың теңгенің лотын жариялап, осы қаражатқа алыс-жақын шет елдердің қоғамдық пікір көшбасшылары мен блогерлерін қарсы алмақ, деп жазады jambylinfo.kz.
12-ақпанда жарияланған лотқа құжат қабылдау мерзімі наурыздың алтысы аяқталады. Лоттың техникалық сипаттамасына сүйенсек, осы тендердің жеңіп алған компания «Алматы қаласын шетелде ілгерілету мақсатында қоғамдық пікір көшбасшылары мен блогерлердің кездесуі мен қабылдауын, жақын және алыс шетелден келген қоғамдық пікір көшбасшылары мен блогерлердің кездесуі мен қабылдауын» ұйымдастыру керек.
«Қоғамдық пікір көшбасшыларына блогерлер, музыканттар, әншілер, әртістер және басқа да медиа тұлғалар кіруі мүмкін. Жобаның бұл түрі танымал атақты адамдармен ынтымақтастықты дамытуға, туристік бағыт ретінде қаланың қолайлы имиджін қалыптастыруға, сондай-ақ оны халықаралық деңгейде ілгерілету мақсатында туризмнің оқиғалық және өзге де түрін дамытуға бағытталған», - дейді лотты сипаттаған "Алматы туризм бюросы.
Бұл қаражат аясында қандай қызметтер ұсынылмақ?
Лоттың техникалық сипаттамасын оқи келе, тендерді ұтып алатын компанияға қойылатын талаптармен таныстық. Бір қызығы, шетелдік қонақтардың қалауы ма әлде «Алматы туризм бюросының» қонақжайлылығы ма, техникалық сипаттамаға сәйкес, қонақтарды тек премиум кластағы көліктер күтіп алуы керек екені белгілі болып отыр.
«Тапсырыс берушінің өтінімі бойынша бір жыл ішінде кемінде 50 премиум туристік класты трансферттерді (Mercedes Viano (2021 ж. кеш емес), Mercedes V-class (2021 ж. кеш емес), Mercedes Sprinter (2021 ж. кеш емес) ұйымдастыруға және ұсынуға міндеттенеді. Көлік құралының моделі, маркасы және Шығарылған жылы өтінімге сәйкес әрбір жеке жағдайда Тапсырыс берушімен жеке келісіледі», - деп жазылған лоттың техникалық сипаттамасында.
«Алматы туризм орталығының» қонақжайлылығы сол, олар тіпті шетелдік блогерлерге қандай да бір тамаққа аллергиясы бар не жоқ екенін тексеріп барып қана кешкі ас ұсынбақ.
«Жеткізуші Тапсырыс берушімен әр кешкі ас пен түскі асқа арналған мәзірді алдын-ала келісуге міндеттенеді, алдымен сынықтармен олардың дәмдік талғамдарын және белгілі бір тағам түрлеріне аллергиялық реакциялардың болуын талқылайды», - деп жазылған лотта.
Бұдан өзге, осы тендерді ұтып алған компания қонақтарға кем дегенде 50 ұлттық стильдегі сыйлық қораптарын жинауға және ұсынуға міндеттенеді. «Бокстың құрамына Ұлттық тәттілер мен ұзақ сақталатын өзге де азық-түлік өнімдері, керамикадан, киізден, ағаштан және ұлттық стильдегі өзге де материалдардан жасалған бұйымдар кіруі мүмкін», - деп жазылған техникалық сипаттамада.
Жалпы, Алматы әкімдігі қаланың туризм саласын дамыту үшін бұрыннан-ақ шетелдік блогерлер мен танымал тұлғаларды шақыруға әуес келеді. Мәселен, 2023 жылдың күзінде дәл осы «Алматы туризм бюросы» БАӘ, Катар, Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия, Израиль, Түркия, Сингапур, Оңтүстік Корея, Испания мен Қытайдан ұшып келетін блогерлердің жолына шамамен 70 миллион теңге қаражат бөлген. Оның алдында, 2021 жылы әкімдік шетелдік блогерлер үшін шамамен 20 млн теңге бөлген болатын.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз