Алматыда бүйректің созылмалы ауруын емдеуге арналған инновациялық дәрі өндірісі іске қосылды
- авторБақытжан Бекболат
- 29 мамыр, 2025
- 170

"Форсига" деп аталатын препарат Алматыдағы «Нобел Алматы фармацевтикалық фабрикасында» өндіріледі. Бұл дәрі созылмалы бүйрек ауруын (СБА), жүрек жетіспеушілігін және екінші типтегі қант диабетін емдеуге қолданылады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Шетелдік инвестор жобаға 5 миллион доллар немесе шамамен 2,5 млрд теңге құйған. 2030 жылға дейін бұл көрсеткіш 40 миллион долларға (20,4 млрд теңге) дейін артады деп күтілуде.
– Созылмалы бүйрек ауруын емдеуге арналған дәріні ел ішінде өндіру – стратегиялық маңызы бар қадам. Бұл науқастарды үздіксіз әрі қолжетімді еммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов.
Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстанда әрбір оныншы адам, яғни шамамен 2 миллион тұрғын, созылмалы бүйрек ауруына шалдыққан және олардың бір бөлігіне гемодиализ қажет болуы мүмкін. Алайда ауруды ерте анықтау және заманауи емдеу тәсілдері бүйрек жеткіліксіздігінің дамуын тежейді немесе алдын алады.
Бұл дәрілер Қазақстанда 2018 жылдан бастап амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесіне енгізіліп, тегін беріле бастады. Қазір бұл топтағы үш түрлі препарат тіркелген, енді олардың бірінің өндірісі елімізде жолға қойылады.
Препараттың елде өндірілуі – 2020–2025 жылдарға арналған фармацевтика саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспар аясында қабылданған шешім.