Президент: Уран қорының 40 пайызы Қазақстанға тиесілі
- авторБақытжан Бекболат
- 29 мамыр, 2025
- 223

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық форумының пленарлық отырысында айтты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
«Әлемдегі уран қорының 40 пайызы Қазақстанның еншісінде. Сондықтан еліміз атом энергетикасын дамытуды ұлттық стратегияның басым бағыты ретінде қарастырады. Алайда климат дағдарысы шешілмей, ешқандай орнықты даму болмайды. Орталық Азия – планетадағы климат өзгерістеріне осал өңірлердің бірі. Мұнда ғаламдық жылыну деңгейі әлемдегі орташа көрсеткішпен салыстырғанда екі есе жоғары», — деді Мемлекет басшысы.
Алайда бұл қуатты энергетикалық әлеуетпен қатар, жаһандық климат дағдарысы Қазақстанды жаңа деңгейдегі жауапкершілікке жетелеп отыр.
«Алайда климат дағдарысы шешілмей, ешқандай орнықты даму болмайды. Орталық Азия – планетадағы климат өзгерістеріне осал өңірлердің бірі. Мұнда ғаламдық жылыну деңгейі әлемдегі орташа көрсеткішпен салыстырғанда екі есе жоғары. Аталған қиындықтарды еңсеру үшін өңірлік тұрғыдан үйлестірілген, прагматикалық бағыттағы климат күн тәртібін ілгерілетуге бейілміз. Оның аясында еліміз бірқатар халықаралық ұйымға мүше болып, келісімдерге қосылды. Келесі жылы Қазақстан БҰҰ-мен бірге Өңірлік экологиялық саммитін өткізеді. Бұл алаң Орталық Азия елдерінің стратегиясын жаһандық мақсатпен ұштастыруды көздейді», — дейді Қ.Тоқаев.
Аймақтық даму күн тәртібінде тағы бір маңызды қадам — Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығының құрылуы. Бұл бастама БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен ресми түрде мақұлданды. Орталықтың мақсаты — бірлескен жобаларды қолдап, техникалық сараптамалар ұсынып, өңірлік және жаһандық ынтымақтастықты дамыту.
«Екі ай бұрын БҰҰ Бас Ассамблеясы Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ-ның аймақтық орталығын құру туралы қарарды ресми түрде қабылдады. Бұл – біздің көпжақты дамуға үлес қосқан маңызды жетістігіміз. Аталған орталық бірлескен жобаларға қолдау көрсетіп, техникалық сараптамаларды қамтамасыз етеді және халықаралық ынтымақтастықты үйлестіреді», — дейді Президент.
Президент Тоқаев халықаралық қатынастардағы қазіргі ахуалды "тұрақсыз әрі кереғарлыққа толы" деп сипаттай келе, орта державалардың әділетті және инклюзивті әлемдік тәртіп орнатудағы рөліне ерекше тоқталды.
«Сөзсіз, біз бетпе-бет келіп отырған сын-қатерлер трансұлттық сипатқа ие. Десек те оған қарсы әрекетімізде бірізділік жоқ. Әлемдегі ахуал өте шетін, тұрақсыз әрі кереғарлыққа толы. Сондықтан жаһандық ынтымақтастық үшін құрылған институттар осы жағдайларға сай болуға тиіс.
Қазақстан орта державалар әділетті әрі инклюзивті әлемдік тәртіптің орнауына мүдделі болуы керек деп санайды. Қазіргі жүйені мұқият саралап, тың әдіс-тәсілдерге сүйену қажет. Соған сәйкес, орта державалар да жауапкершілік жүгін көтеруге дайын болуға тиіс.
Жыл соңына таман Нью-Йоркте БҰҰ-ның 80 жылдығын атап өтеміз. 1945 жылы, яғни, дүние жүзіндегі сұрапыл соғыстан кейін 51 мемлекет бірге құрған бұл Ұйым бейбіт әрі қауіпсіз әлемді құрудың батыл жолын ұсынды. Бүгінде Ұйымға 193 ел мүше. Осылайша, ол әлемдегі құрамы әралуан, күрделі әрі өзара тығыз байланысқан қоғамдастыққа айналды», — деді Президент.