«Бармақ басты, көз қысты әрекеттер болған». Серікзат Дүйсенғазының ұлының ісіне қатысты сот үкімі шықты
- авторМағжан Орынбасар
- 3 мамыр, 2024
- 752
Ақын Серікзат Дүйсенғазы шаңғы базасында қаза тапқан ұлының өліміне қатысты сот процесі аяқталғанын айтып, жазба жариялады. Оның айтуынша, Ақмола облысы, Зеренді аудандық сотының судьясы Аида Каримова төрағалық еткен сот процессі жәбірленуші тараптың талабын оң нәтижеге шешкен, деп хабарлайды jambylinfo.kz
Серікзат Дүйсенғазы әлеуметтік желідегі парақшасында сот үкімі шыққанымен, «Елікті паркінің» иесі сотталмағанын жазған. Ақынның айтуына қарағанда, парк қожайынының жиені сотталған.
«Оның жиені сотталды. Себебі, сол уақытта оның бизнесі уақытша сол жиенінің атына жазылған екен. Сот Әлихан сырғанаған күні де, одан бір апта кейін зардап шеккен Динара Муксулова мен Бірімжановалар сырғанаған уақытта да ешқандай қауіпсіздік ережелері сақталмағанын дәлелдеп, сотталушыға қауіпсіздігі ең төмен колонияға төрт жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Біз олардың ұйымдасқан түрде баламызды тауда бір жарым сағат тығып тастағанын дәлелдей алмадық. Себебі, тауда баламның жатқанын көрген куәгерлердің сөздері әртүрлі шықты. Көбі бір-бірін танитын адамдар ғой. Камера болмаған соң дәлелдеу қиын екен»,- дейді ақын.
Ол өз жазбасында қарсы тараптың қорғаушыларының айлалы әрекетін атап өтіп, материалдық шығын өтелмегенін жазды.
«Сот моральдық шығынымызды ішінара қанағаттандырғанымен, материалдық шығынымызды қанағаттандырмады. Оның барлығына чек керек екен. Өзіміз азан-қазан болып жатқанда кім чек жинап жүреді? Адам өлімінің өзі дәлел емес пе? Біздің заңдарымыздың да қызық жері көп екеніне көз жетті. Енді он бес күннің ішінде екі тарапқа да аппеляциялық сотқа шағым беруге мүмкіндік бар»,- деп жазды белгілі өнер иесі.
Сондай-ақ, Серікзат Дүйсенғазы аталған тау-шаңғы кешенінде талай бала мерт болып, соның ішінде Әлиханның ісі ғана сотқа дейін жеткенін айтқан. Ол бұл істе «бармақ басты, көз қысты» әрекеттер болған деп айыптайды.
«Дәл менің Әлиханым сияқты талай бала осындай шаңғы базаларында қайтыс болған. Сот біткенше барлығының аманаты мойнымда жүргендей күй кештім. Солардың арасында Әлиханның ісі ғана сотқа дейін жетті. Оған бізді қолдаған қалың қазағымның да үлесі бар деп ойлаймын. Өскемендегі Арай Болтабаеваның он бес жасар қызы Аружан, Талдықорғандағы бір отбасының үміт күткен жалғыз баласы Ілияс Қанғабылов сияқты марқұмдардың ешқайсының ісі сотқа жетпеген. «Несчастный случай» деп тергеу кезінде жауып тастап отырған. Оның ар жағында «бармақ басты, көз қысты» әрекеттер тұрғаны айтпаса да түсінікті. Ондай қайғылы жағдайға ұшыраған балалар көп екен. Маған ата-аналардан талай жылаған хаттар келді. Біразына қолдау көрсетіп жауап та жаздым. Көбінің атын қайғыдан қан жұтып жүргенде ұмытып қалдым»,- деді Серікзат Дүйсенғазы.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың 2 қаңтарында Ақмола облысында ақын серікзат Дүйсенғазының баласы шаңғы теуіп жүріп қаза тапқан болатын.
Ұқсас жаңалықтар
Атырауда құтқарушылар саусағы шайбаға кірген балаға көмектесті
- авторМағжан Орынбасар
- 22 желтоқсан, 2024
«Көзіне пышақ кіріп кеткен». Петропавлда үш жасар сәби ауруханаға түскен
- авторМағжан Орынбасар
- 21 желтоқсан, 2024