Астанада 500 отбасыға тегін пәтер: Болат Өтемұратов қоры ауқымды жобаны аяқтады
- авторБақытжан Бекболат
- 27 мамыр, 2025
- 450

Астанада баспанаға мұқтаж азаматтарға арналған ерекше әлеуметтік жоба жүзеге асты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz Болат Өтемұратов қорына сілтеме жасап.
Болат Өтемұратов қоры елорда әкімдігіне жалпы құны 10,5 миллиард теңгені құрайтын 500 пәтерді өтеусіз табыстады. Бұл игі бастама «Баламекен» қайырымдылық жобасы аясында жүзеге асырылды.
Пәтерлердің бәрі – заманауи тұрғын үй кешендерінде, жоғары жылдамдықты лифтілермен, бет-әлпетті тану жүйелерімен және жерасты автотұрақтарымен жабдықталған. Аулалар кең, жайлы әрі қауіпсіз. Қор өкілдерінің айтуынша, бұл үйлер «жайлы» санатындағы баспаналар ретінде бағаланады.
Жаңа пәтер иелерінің қатарында дәрігерлер, мұғалімдер, құтқарушылар және бюджеттік сала қызметкерлері бар. Олардың бірі – өрт сөндіруші Ерлан Шайхымов:
«Мұндай пәтерді алу – біз үшін нағыз мереке. Мен бес баланың әкесімін, бұл – біз үшін үлкен қолдау. Енді біз болашағымызға сеніммен қарап, алаңсыз өмір сүре аламыз. Осындай мүмкіндік үшін алғысымыз шексіз», – деді ол.
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек бұл жобаны бизнестің қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігінің жарқын үлгісі деп бағалап, қор өкілдеріне алғыс айтты:
«Бұл бастама — бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің және қоғам игілігі үшін жасалған ынтымақтастықтың жарқын үлгісі. Азаматтарымыздың өмір сүру жағдайын жақсартуға қосқан үлесі үшін Болат Өтемұратов қорына алғысымызды білдіреміз», - деп атап өтті елорда әкімі.
Айта кетейік, «Баламекен» жобасы 2019 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде Ақтөбе, Ақмола, Қызылорда және Түркістан облыстарында 1 000-нан астам отбасы баспаналы болды. Олардың ішінде мүгедектігі бар азаматтар, көпбалалы отбасылар және табиғи апаттардан зардап шеккендер бар.