Ауылға барған дәрігерлер 8,5 миллион теңгелік төлемін ала алмай жүр – депутат
- авторБақытжан Бекболат
- 21 мамыр, 2025
- 485

Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов ауылға барған медицина қызметкерлері заңмен белгіленген біржолғы төлемдерін ала алмай отырғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Мәселен, Абай облысында аса тапшы медициналық мамандықтар тізімі әлі бекітілмеген. Соның салдарынан ауылға барып жұмыс істеп жатқан дәрігерлер заңда көрсетілген 8,5 миллион теңге көлеміндегі төлемге қол жеткізе алмай отыр.
«Абай облысы, Аягөз ауданының Өркен ауылына жұмыс жасауға барған “жалпы тәжірибелік дәрігер” маманы Айжан Алпысбайқызы ең төмен жалақының бір жүз еселенген мөлшерінде біржолғы ақшалай төлемге қол жеткізе алмаған. Министрліктің ақпаратына сәйкес, 9 облыста “жалпы тәжірибелік дәрігер” маманы аса тапшы медициналық мамандықтар тізбесіне енгізілген, ал қалған 7 облыста бұл мамандық енгізілмеген», – деді депутат.
Сабильянов бұл тізімге жалпы тәжірибелік дәрігерлер мен терапевт дәрігерлерді енгізуді ұсынды. Өйткені халық саны аз ауылдарда көбіне бір ғана дәрігер қызмет көрсетеді. Бұл мәселе шешілмейінше, ауыл медицинасы жақсармайды деп есептейді.