сәрсенбі, 23 қазан, 2024 4:31

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Бақыт пен табысқа кенелетін жыл болғай!

Бақыт пен табысқа кенелетін жыл болғай!
ашық дереккөзі
Бақыт пен табысқа кенелетін жыл болғай!

Құрметті жамбылдықтар! Сіздерді төрімізге озғалы тұрған жаңа 2021 жылмен шын жүректен құттықтаймыз! Жаңа жыл – болашаққа тың қадам жасайтын, жақсылыққа ұмтылып, жаңа жоспарлар, арман-ойлар айқындалатын, қуанышқа толы ғажайып мереке. Өтіп бара жатқан жыл еліміз үшін және біздің өңіріміз үшін де тарихи және маңызды оқиғаларға толы болды. Біз Алтын Орданың 750, әл-Фарабидің 1150, Абай Құнанбаевтың 175, Жеңістің 75, Конституцияның 25 жылдығы сынды айтулы даталарды лайықты түрде атап өттік. Бұл маңызды даталардың тағылымы жамбылдықтарға рухани азық болары сөзсіз. Коронавирустық пандемия салдарынан барша әлем елдері секілді Қазақстан да бірқатар қиыншылықтарды бастан өткеруде. Бірақ соған қарамастан еліміз әлеуметтік-экономикалық дамуда елеулі жетістіктерге, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізе алды. Бұл орайда жамбылдықтардың да қосқан үлесі орасан. Еліміздің салиқалы саясатының негізінде, мемлекеттік бағдарламалар аясында облысымызда көптеген әлеуметтік-экономикалық маңызды мәселелер шешіліп, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсаруда. Елді мекендер газбен, ауызсумен қамтылып, көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар бой көтеріп, халық игілігіне берілуде. Сондай-ақ 2020 жылы автожол саласын дамытуға бөлінген қаржы өткен жылмен салыстырғанда 2,3 есеге артып, мемлекеттік бағдарламалар аясында 136 шақырым жолдар салынып, жөнделді. Бұдан бөлек, өтіп бара жатқан жыл ішінде өңірде бірқатар маңызды жобалар мен игі бастамалар қолға алынып, жүзеге асуда. Атап айтсақ, ескі ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту және қалпына келтіру бойынша «trade-in» жобасы іске қосылды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске асырылып жатқан «Алқаптан сөреге дейін» пилоттық жобасына 1 миллиард теңге бағытталды. «Асарлатып үй салу» жобасы аясында да ауылдардағы жүздеген мұқтаж және көпбалалы отбасылар баспаналы бола білді. Сонымен қатар облыс орталығы – Тараз қаласында да атқарылған шаруалар аз емес. 160-тан аса аула абаттандырылып, 80 көпқабатты тұрғын үй жаңғыртылды. Биыл «Қазақ халқына мың алғыс», «Біз біргеміз», «Домбыра» ескерткіш-стелалары бой көтеріп, «Арбат» жаяу жүргіншілер аллеясы салынды. «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінің құрылысы да тиісінше жалғасын табуда. Тарихи шаһарымыздың шырайын арттыратын жобалар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады. Құрметті жерлестер! Біз биылғы Жаңа жылды індеттің таралуының алдын алу бойынша бірқатар шектеулермен қарсы алып отырмыз. Осы талаптарды сақтауға баршаңызды шақыра отырып, түсіністік танытқандарыңызға алғысымызды білдіреміз. Көп ұзамай бұл күндердің де артта қаларына сенеміз. Келе жатқан сиыр жылы бақыт пен табысқа кенелетін, игілік пен парасаттың қанат жая түсетін, үміт пен тілектердің орындалатын жылы болғай! Баршаңызға елімізді өркендету жолындағы еңбектеріңізге сәттілік, отбасыларыңызға береке мен шаттық тілейміз! Жаңа жыл құтты болсын!

 

Бердібек САПАРБАЕВ, облыс әкімі.

Бағлан ҚАРАШОЛАҚОВ, облыстық мәслихаттың хатшысы.

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар