сәрсенбі, 23 қазан, 2024 4:14

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Қордайлықтар қуанышқа кенелген күн

Қордайлықтар қуанышқа кенелген күн
ашық дереккөзі
Қордайлықтар қуанышқа кенелген күн

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Қордай ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар нысандарды ел игілігіне берді. Жаңа жыл қарсаңында көпбалалы аналар баспаналы болса, тағы он екі елді мекеннің тұрғындары көптен күткен көгілдір отынға қол жеткізді. Бұл күні облысқа арнайы іссапармен келген ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов аудан тұрғындарының қуанышымен бөлісті.

Ең алдымен облыс басшысы Гвардейский қалашығындағы иммундық препараттар шығаратын биофармацевтикалық зауыттың және зауыт қызметкерлеріне арналған көпқабатты үйдің құрылысымен танысып шықты. Одан кейін Қордай ауданының «Отар» автоматтандырылған газ тарату стансасын табиғи газға қосты. Аталған жобаны жүзеге асыру Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің тапсырмасы бойынша биыл басталған. Бұл «Отар» АГТС-інің қуаттылығы сағатына 15 мың м/куб. Жалпы құны – 1 050 759 мың теңге. Құрылысы ағымдағы жылы тамыз айында басталған. Жаңа станцияның іске қосылуы аудандағы Соғанды, Алға, Қоғадыр, Мұзбел, Кенен, Үлкен-Сұлутөр, Сұлутөр, Көктөбе, Отар, Гвардейск, Аңырақай, Бел сынды 12 елді мекенді газдандыруға мүмкіндік береді. Алғашқылардың бірі болып көгілдір отынға Кенен және Отар ауылдарының тұрғындары қосылды. Нәтижесінде 5 мыңнан астам отбасы табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие болды. Бұл ауыл тұрғындары үшін көптен күткен қуаныш. Облыс басшысы ауданға бөлінген 35 миллиардтан астам қаржының игілігін атап өтіп, алдағы уақытта да атқарылатын ілкімді істерді тілге тиек етті. Аудан тұрғыны Саламат Молдажанов карантинге қарамастан аудан үшін атқарылып жатқан жұмыстарды сөз етіп, көп жыл бойы көгілдір отынға мұқтаж болып келген аудан халқының атынан аймақ басшысына алғысын жеткізді. Одан кейін аймақ басшысы Отар ауылында газға қосылған үйлерді аралап шықты. Қордайлықтардың қуанышы мұнымен шектелген жоқ. Дәл осы көгілдір отынға қосылған Отар ауылында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жаңадан бой көтерген спорттық-сауықтыру кешені ел игілігіне берілді. Облыс әкімі Бердібек Машбекұлы өңір бойынша ашылып жатқан әлеуметтік, спорттық нысандарды айта келе, ұлт пен ұрпақтың дені сау болса ғана мемлекетіміз көздеген мақсаттарды бағындырып, дамылсыз дамитынын жеткізді. Сол үшін де пайдалануға берілген спорттық-сауықтыру кешенін аралап шығып, онда спортты жанына серік еткен жас өрендермен жүздесіп, талпыныстарына сәттілік тіледі. Бұдан кейін көгілдір отынға қол жеткізіп, қуанышқа бөленген Кенен ауылына ат басын бұрды. Ең алдымен қазақтың қаранары Кенен Әзірбаевтың шаңырағына бас сұқты. Тау тұлғаның көзі тірісінде пайдаланған тұрмыстық заттарын тамаша­лап, газ тартылған үйлерді аралады. – Өзім бала кезден осы қарашаңырақта өсіп, өндім. Бала күнімізде Кенен атамыздың талай батасын алдық. Көрші тұрғандықтан еркелеп алдына отырып алатын кездерім де естен кетпейді. Жалпы сол Кенен атамыздың ізі сайрап жатқан осы ауылда қазір үш мыңнан астам халық тұрамыз. Қыс бойы көмір жағатынбыз. Оның тоннасы ең арзан дегенде 16-17 мың теңге. Бірер айда газ құбыры тартылды.

Бұдан кейін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов пен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Қордай ауданының «Батыс» тұрғын-үй алқабындағы 5 қабатты 60 пәтерлі жаңа екі үйдің кілтін табыстады. Жаңа пәтер кілттері көпбалалы аналарға, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға салтанатты түрде берілді. Өз сөзінде Бейбіт Бәкірұлы биылғы жылдың аяғына дейін республика бойынша 15 миллион шаршы метр тұрғын үй беріліп жатқанын тілге тиек етіп, ілкімді іс алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді. Ал облыс басшысы аудан бойынша баспана кезегінде тұрған мыңдаған тұрғынның ішінде пәтерге ие болған отбасылардың қуанышымен құттықтап, шаңырақтарына шаттық тіледі. Салтанатты сәтте сөз тізгіндеген облыстың Құрметті азаматы Төле Сүгірбай көпшілікті қуанышымен құттықтап, мұқтаж отбасыларға баспана – бақыт шамын сыйлаған өңір басшысына алғыс айтты. – Әрине баспанаң болмаса береке жоқ. Осы күнге дейін сегіз баламмен жалдамалы пәтерлерде күн кешіп келдік. Қуанышымызда шек жоқ. Жаңа жылды жаңа үйде, ең бастысы өз баспанамызда қарсы алатын болдық. Облыс басшысы Бердібек Машбекұлына үлкен алғысымды айтамын, – деді пәтерге ие болған көпбалалы ана Жазира Рахым. Осыдан кейін Бейбіт Бәкірұлымен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Қордай» шекаралық өткелінің қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен танысып шықты. Қазіргі жағдайда 6000 адам, 1000 дана көлік өтетін өткел қайта жаңарту жұмыстарынан кейін 23000 адам, 2500 дана көлікті өткеруге мүмкіндік бермек. Сапар соңында Бейбіт Атамқұлов пен облыс басшысы Қордай ауылына табан тіреп, Бауыржан Момышұлы көшесінің бойында «Асарлатып үй салу» жобасымен жаңадан бой көтерген 5 пәтердің кілтін көпбалалы аналарға табыстады. Жалпы қордайлық кәсіпкер Ұлан Сұлтанбековтың бастамасымен аудан азаматтары бірігіп 5 пәтерлі үйді игілікке ұсынып отыр. Ағымдағы жылы 15 үй салу жоспарланып, оның 10-ы пайдалануға берілген. Келесі жылы тағы 10-нан аса үй салу жоспарланып отыр екен. Дәл Жаңа жыл қарсаңында 5 пәтердің кілті табысталып, ауыл тұрғындарын, көпбалалы аналарды қуанышқа бөледі. Салтанатты сәтте аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Әбдібек Сейілханов сөз алып, Елбасының, Мемлекет басшысының сындарлы саясатын өңірде өз деңгейінде жүргізіп, көпбалалы аналардың қуанышын еселеген облыс басшысына алғысын айтты. – Бүгінгі күнге дейін бала-шағамызбен пәтер жалдап тұрып келдік. Баспана біз үшін арман еді. Биыл жазда осы мәселемен облыс басшысының онлайн жүздесуінде сауалымды жолдаған болатынмын. Сөзімді жерге тастамай, көп күттірмей Жаңа жыл қарсаңында жаңа пәтердің кілтін тапсырып отыр. Сондықтан отбасымның атынан Бердібек Машбекұлына алғыс айтамын, – дейді көпбалалы ана, «Алтын алқа» иегері Раушан Қожамқұлова. Осылайша киелі Қордай жерінде бірқатар игілікті істің нәтижесі халықтың алғысына бөленді. Облыс басшысы ауданның болашағына қатысты алдағы уақытта да атқарылатын ауқымды істерді айта келе, көпшілікті еліміз үшін жауапты кезеңнің бірі сайлауға белсенді қатысуға шақырды.

  Нұржан Қадірәлі

Қордай ауданы

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар