Қатерлі індет еліміздегі бірқатар салаларға тұсау салып, ісін тұралатып тастағаны белгілі. Оның ішінде мал базары да бар. Сәуір айында жабылған Жамбыл ауданындағы «Ас-Ер» мал базары тіршілігін түлікпен тіктеген ауылдағы ағайынның күнкөрісіне кедергісін келтіргені ақиқат. Дегенмен аурудың беті қайта бастаған соң, 27 тамыздан базар қайта ашылған болатын. Осы орайда аталмыш базардың санитарлық жағдайын көзбен көріп қайтқан едік.
Өңірдің бірнеше аудандарының түлігі саудаланатын мал базарға қашан барсақ та көпшіліктің қарасы қалың екенін байқаймыз. Өңірдегі эпидемиологиялық жағдайды ескерген базар басшылығы жұмыс істейтін жексенбі күнін жұма күніне ауыстырыпты. Мұндағы басты мақсат – базарда адам санын шектеу. Сонымен қатар талап бойынша базар тек 50 пайыз сыйымдылықпен жұмыс жүргізу қажет екен. Бірақ біз жұма күнгі базардан мұндай жағдайды мүлде көре алмадық. Олай дейтініміз көлік тұрағынан бастап, базардың іші түгел жан мен малға толы. Соған қарамастан онда санитарлық жағдай да өз деңгейінде қарастырылмаған. Базар ішіне кірер бірнеше қақпалардан қызметкерлердің тек сыртқа шыққан малға ақша жинаумен ғана айналысып жатқанына куә болдық. Мал базарының түрлі аурулардың ошағы екенін ескерсек, алыс-жақын ауылдан келген жұртшылықтың бетперде таққанын қадағалап, дене қызуын өлшеуге арналған құрылғыны қолына ұстаған бір жанды кездестірмедік. Бұдан өзге алыпсатарлар мен сатып алушылар да санитарлық талапты мүлде естен шығарғандай. Базарды аралап жүріп, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Олжас Баққараев бастаған бірнеше жауапты мамандарды кездестірдік. Олар өз кезегінде базардың негізгі қақпасында істен шыққан дене қызуын өлшейтін құралды пайдаланып тұрған базар қызметкерлеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізіп тұр екен. Аудан әкімі орынбасарының айтуынша, құрылған мобильдік топ әр жұма сайын мал базарына санитарлық жағдайдың сақталуына зерделеу жұмыстарын жүргізетін көрінеді. Нәтижесінде санитарлық талаптар мүлде сақталмаған соң бір рет базарды мүлде жауып та тастаған. Осыдан соң халық талапқа бағына бастағанын айта кеткен жөн. Сол секілді мал саудасы жүретін орталықта дауыс зорайтқыш арқылы азаматтарға ескерту айтуды да қолға алыпты. – Санитарлық талапты сақтамауға байланысты осыған дейін базар басшылығына екі рет ескерту берілді. Себебі базар қақпасындағы адамның дене қызуын өлшейтін құрал-жабдықтар істен шыққан. Өткен аптада 11 хаттама толтырып, азаматтарға ескерту бердік. Сол секілді айыппұлдар да салынуда. Мұндай айыппұл көлемі әр адамға 40 мың теңге көлемінде. Бүгінде жергілікті полиция қызметкерлерімен бірігіп мобильді топ жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар аудандық жастар ресурстық орталығының қызметкерлері халыққа тегін бетперде таратып жатыр. Сондай-ақ індеттің алдын алу бойынша таратпа материалдарын да бердік, – деген аудан әкімінің орынбасары базарда санитарлық талаптың көңіл көншітпейтінін жасырмады. Жалпы аудан әкімі орынбасарының сөзінен түсінгеніміз, базардағы көпшілік санитарлық талапты сақтамаса, сол секілді оған жауапты базар басшылығы оны талап етпесе, базарды қайта жабуға тура келеді екен. Себебі жұқпалы дерттің таралуы қайта өршіп келеді. Өз кезегінде «Ас-Ер» мал базарының директоры Сәбит Алатаевтың айтуынша, санитарлық талаптарды қанша сақтауға тырысқанымен мұнда адам санын шектеу мүмкін емес. – Жасыратыны жоқ ауылдардан базарға келетін адам саны өте көп. Оларға «Ішке кіруге болмайды» деп тағы айта алмаймыз. Малын алыстан алып келген сатушылар сыртта сауда жасамайтыны белгілі. Сондықтан біз 3 дезинфекциялық дәліз қойдық. Сумен және құрғақ жұмыс істеуге арналған ол дәліздің біреуі малға арналған. Сол секілді базар ішіне кіретіндердің медициналық бетперде тағуын қадағалаймыз. Осы орайда мұнда келетін адамдардың санитарлық талаптарды сақтамайтынын атап өткен жөн. Біз қанша жерден талап етсек те, оны көпшілігі ескере бермейді, – дейді С.Алатаев. Расында базардың бүгінгі тыныс-тіршілігінен байқағанымыз, санитарлық талаптың сақталуы өз деңгейінде емес. Осыған орай Жамбыл ауданының әкімдігі базар жабылып қалатындығын да жасырмайды. Бұл өз кезегінде мал шаруашылығымен айналысатын халыққа өз кедергісін келтірмей қоймайтыны ақиқат. Өйткені түлігінің қыстық жем-шөбін мал сату арқылы дайындайтын шаруалар биыл толықтай қомданып үлгермепті. Сондай шаруа адамының бірі – Жамбыл ауданы Бірлесу-Еңбек ауылының тұрғыны Абылайхан Пернебаев. Оның айтуынша жаз бойы мал базары жұмыс істемегендіктен шөп қорын толық алып үлгермепті. – Індеттің барлық салаға кері әсерін тигізгені белгілі. Оның ішінде біз секілді малмен күнелтетін шаруа адамдарына да оңайға соққан жоқ. Себебі жоспар бойынша жаз айында қолда бар малды сатып, шөп сатып алуымыз тиіс болатын. Дегенмен жаз айларында малымызды сата алмадық. Сондықтан мал базарының тоқтамастан жұмыс істегені дұрыс. Өйткені әр апта сайын малдың өткеніне байланысты қымбат болса да шақтап шөп алып жатқан жағдайымыз бар. Рас әлі де індеттің қаупі сейілген жоқ. Дегенмен базарға келушілер санитарлық талаптарды сақтағаны жөн. Бірақ көпшілік мұны ескеріп жатқан жоқ, – дейді тұрғын А.Пернебаев. Қалай болғанда да, малға қарап жан бағып отырған халық үшін бүгінгі жағдай оңай соғып отырған жоқ. Себебі уақытында шөп жинай алмағандар қыс мезгіліне санаулы күндер қалғанда жандарын шүберекке түйіп отыр.
Шынболат СЕЙДУАЛИЕВjambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Кооперативтер қалың ұйқыға кетті
Ұқсас жаңалықтар
Валюта ауырбастау пункттерінде доллар нешеден саудаланып жатыр
- авторjambylinfo.kz
- 23 желтоқсан, 2024
«Заң және тәртіп»: Жуалыда прокурорлар жастармен кездесу өткізді
- авторjambylinfo.kz
- 20 желтоқсан, 2024