жұма, 27 желтоқсан, 2024 12:56

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жеті жұрттың тілін білген жерлесіміз Әсел Төленова АҚШ-тың ақ үйінде қызмет атқарады

Жеті жұрттың тілін білген жерлесіміз Әсел Төленова АҚШ-тың ақ үйінде қызмет атқарады
ашық дереккөзі
Жеті жұрттың тілін білген жерлесіміз Әсел Төленова АҚШ-тың ақ үйінде қызмет атқарады

АҚШ-тағы Президент сайлауынан кейін Ақ Үйде жауапты қызмет атқаратын жерлесіміз Әсел Төленованың есімі әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Жерлесіміздің АҚШ Президенті протоколы бастығының орынбасары болып жұмыс істейтіні белгілі болды.

Әрине Ә.Төленова әлемнің алпауыт мемлекеттерінде қызмет атқарып жүрген жалғыз қазақ қызы емес. Мәселен кіндік қаны қазақ жерінде тамған Жәмила Алмасқызы – Еуропада министр атанған алғашқы қазақ. Медицина ғылымдарының докторы, 53 жастағы чехиялық саясаткер Жәмилә Стехликованың (күйеуінің тегінде) есімі 2007 жылы Еуропада және Қазақстанда жиі атала бастады. Өйткені 2007 жылдың 9 қаңтарында Чехия Республикасының Премьер-министрі Мирек Тополанектің Жарлығымен қазақ қызы Ж.Стехликова Адам құқықтары және шағын ұлттар мәселесi жөнiндегi министр болып тағайындалды. Тіпті бір кездері президенттік сайлау додасына да қатысты. Ал Талас ауданы Ойық ауылының тумасы Ержан Біртанов Еуропа Қауіпсіздігі және Ынтымақтастық Ұйымы басшысының Хатшылығы меңгерушісі қызметін абыроймен атқарып келеді. Енді міне қазақтың атын жаһанға танытқан тағы бір қандасымыз – Әсел Қалилулла жайлы ақпарат желіде желдей есуде. Әсел Төленованың ата-аналары Талас ауданындағы Ойық ауылында дүниеге келген. Ойық ауылдық билер кеңесінің төрағасы Пана Рахманбердіұлының айтуынша, атасы Бағышбек Төленұлы 1971 жылға дейін «Ойық» кеңшарында (Қазіргі Ойық ауылдық округі) бас есепші қызметін атқарса, әжесі Жаңакүл Қуанышбекова Көктөбе елді мекеніндегі Б.Әлменұлы атындағы орта мектебінің кітапханашысы болып істеген екен. Кейіпкеріміздің әкесі Қалилулла (Қали) Төленов Ойық ауылындағы Д.Қонаев орта мектепті үздік бітірген. Әселдің анасы Сәуле ақпараттық технологиялар саласының маманы. Тағдыр талайымен бұл әулет Алматыға қоныс аударады. Әселдің өзі 1976 жылы сонда дүниеге келген. Талантты қыз 1993 жылы АҚШ-тың Джорджтаун университетіне оқуға түсіп, «Халықаралық дипломатия» мамандығын тәмамдаған. 1998 жылдан бастап АҚШ мемлекеттік департаменті протокол басқарушысының сыртқы қатынастар жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеген. Ал 2014 жылы АҚШ Президенті протоколы бастығының орынбасары қызметіне дейін көтеріледі. Ресми мәліметтерге сүйенсек, қазір сол қызметті абыроймен атқарып жүр. Протокол дегеніміз не дейтін шығарсыздар? Бұл Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін ең маңызды оқиғалар, істер, кездесулер тізбегі. Протокол – күнтізбе. Мұндай жоғары деңгейдегі кездесуде Президенттің отыратын орны, қасына кім жайғасады, қай басшыға күліп қарау керек, қай мемлекет өкіліне жәй ғана бас изеп өту керек бәрі-бәрі уақытымен жазылады. Протокол – этикет емес, бұл қызметті кез-келген дипломат алып кете алмайды. Оның үстіне Президенттің протоколын құру үшін ол адам жоғары білікті, географиялық, діни мәдени көкжиегі терең, жан-жақты білімді, сондай-ақ елеусіз болуы керек. Сырт көз бұл шараны Президент протокол бойынша емес, өздігінен жасап жатқандай ой қалыптастыруы керек! Америкада әр 4 жыл сайын 4 қарашада президенттік сайлау, ал 20 қаңтарда президенттік ұлықтау салтанаты өтеді. Міне Әсел Төленова жақында ғана сайланған АҚШ Президенті Джо Байденді ұлықтау рәсіміне дайындық жұмыстарын бастап та кетіпті. Айтпақшы бұл жөнінде оның тәжірибесі жеткілікті. АҚШ-тың бұрынғы Президенті Барак Обама мен қазіргі сайлауда жеңіліс тапқан Дональд Трампты ұлықтау рәсімінің жоғары деңгейде өткізілуі Әсел қарындасымыздың шебер дипломат екендігін көрсетеді. Әрине оқырмандардың Әсел Төленованың отбасы, шыққан ортасы жайлы білгісі келетіні анық. Ауылдастары Қали деп атап кеткен әкесі Қалилулла елімізге белгілі өнертапқыш. 2019 жылға дейін Алматы қаласында тұрып, қызының қалауымен қазіргі таңда АҚШ-та уақытша ғұмыр кешуде. Ал кейіпкеріміз Әселдің бүгінде тегі өзгерген. Америкалықтар Әсел ханым Робертс деп құрметпен атайтын көрінеді. Қайтеміз, ол да өмірдің заңы шығар. Бірақ қандасымыз өз ұлтын ерекше қадірлейді. Содан болар жыл сайын туған Отанына сапарлап тұрады. АҚШ-та тұрып жатқан қазақ жастарына қолдан келген көмегін аяған емес. Жаһанданған дәуірде «өзге елде сұлтан» болудың еш әбестігі жоқ. Сондықтан жастарымыз әлемдік тұлғаға айналып жатса, оған тек қуануымыз керек.

 

Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ, Талас ауданы

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар