жұма, 5 шілде, 2024 0:50

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Шағын ауылдар интернеттің игілігін қашан көреді?

Шағын ауылдар интернеттің игілігін қашан көреді?
ашық дереккөзі
Шағын ауылдар интернеттің игілігін қашан көреді?

Облыс әкімдігінің мәжіліс залында аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өңірдегі елді мекендерді кең жолақты интернет желілерімен қамту мәселелері бойынша кеңес өтті.

Кеңесте Бердібек Машбекұлы ҚР Үкімет басшысы Асқар Мамин өңірлерді кең жолақты интернетпен қамту жөнінде арнайы тапсырма бергенін тілге тиек етіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та биылғы Жолдауында бұл мәселеге тоқталғанын жеткізді. Сондай-ақ, аймақ басшысы өз сөзінде өңірдің кең жолақты интерпен қамтамасыз етілуі өзге өңірлермен салыстырғанда төмен екенін алға тартып, мұның себебін байланыстың жоқтығымен түсіндірді.

– Өңірде байланыс аясын кеңейту жөнінде жауапты мамандарға тапсырма берген едім. Дегенмен бүгінгі күні ол тапсырманың орындалуына көңіл толмай отыр. Біз өңірді аралау барысында интернет тартылуы керек деген 200 елді мекенді анықтап, жұмыстарды бастадық. Алайда, оның да іске асырылуы өте баяу. Айта кетерлігі, Мемлекет басшысы Қордай ауданына келген кезде осы мәселеге баса назар аударды. Әсіресе, көрші мемлекеттердің байланыстардың біздің елді мекендерде жұмыс істеуі, олардың күші біздің байланыстан артық екенін қадап айтып, министрлікке тапсырма берген болатын. Осыған орай, елді мекендерде өзіміздің байланысты күшейту туралы тапсырма жүктеді, – деді Б.Сапарбаев.

Мұнан соң облыстық инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару  және цифрландыру орталығының басшысы Дамир Егізбаев баяндама жасап, өңірдегі елді мекендерді кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету жұмыстарына тоқталды. Ол өз сөзінде, Мемлекет басшысы биылғы жылдың соңына дейін 250-ден астам тұрғыны бар әр ауылды жоғары сапалы интернетпен қамтамасыз етуді тапсырғанын атап өтіп, облыста мұндай 308 ауылдың 166-сы кабельдік кең жолақты интернет қамтамасыз етілгенін және жыл соңына дейін қосымша 11 елді мекен ғаламторға қосылатынын жеткізді. Сонымен қатар 308 елді мекеннің 234-і жоғары жылдамдықты мобильді интернетпен (3G және 4G) қамтамасыз етілген болса, 50 ауылда тұрғындар ғаламтордың төмен жылдамдығына (2G) байланысты қиындықтарға тап болып отыр екен. Бұл олқылықты орнын толтыру мақсатында 23 ауылда ұялы байланыс операторлары мобильді интернеттің жылдамдығын арттыру жұмыстарын жүргізіп жатқан көрінеді.

– Аймақта 50 ауылда мобильді интернеттің жылдамдығы өте төмен. Ондағы тұрғындар ғаламторға кіре алғанымен мультимедиалық файлдарды көре алмайды және көлемі үлкен файлдарды жүктеуге мүмкіндіктері жоқ. Сондай-ақ 250 адамнан аз халқы бар 63 ауылдың 20-сы жоғары жылдамдықты мобильді интернетпен қамтамасыз етілген. Жыл соңына дейін тағы бір ауылда байланыс пайда болады. Айта кетерлігі, Талас, Жамбыл, Қордай аудандарында ұялы байланыс операторлары ұялы антенналарды орнатуда қиындықтарға тап болуда, – деді Дамир Алтынбекұлы.

Мұнан соң сөз тізгіндеген «Қазақтелеком» АҚ Оңтүстік өңірлік коммуникация дирекциясы Жамбыл жергілікті желілерінің техникалық торабының директоры Нұрлан Шотықов облыста 2018-2020 жылдар аралығында 72 елді мекен оптикалық-талшықты кабельмен қамтылу жоспарланғанын атап өтіп, қазіргі таңда 64 елді мекенде аталған жұмыстардың аяқталғанын мәлім етті. Нәтижесінде, ауылдағы мектептер мен мемлекеттік мекемелер сапалы интернетке қол жеткізген. Ал қалған 8 ауылға оптикалық-талшықты кабель тарту жұмыстары 15 қазанға дейін аяқталуы тиіс екен.

Сол секілді «Транстелеком» АҚ Тараз қалалық «ЖамбылТрансТелеком» филиалының директоры Дархан Орманов 2018-2019 жылдары 46 елді мекенге интернет тартылғанын тілге тиек етті. Биыл осы ауылдардың барлығына инвестор тартылып, сапалы ғаламторға қосылыпты. Филиал мұндай жұмыстарды негізінен Жамбыл ауданында іске асырған. Осылайша, жыл соңына дейін 10 мың абонентті интернетпен қамтамасыз етпек.

Жиында облыс әкімі «КаР-тел» (Билайн Қазақстан) ЖШС, «Мобайл Телеком-Сервис» (Алтел/Теле2) ЖШС мен «Kcell» акционерлік қоғамының өкілдеріне де жұмысты жүйелеу керектігін тапсырып, ұсыныстарына назар аударды.

  Шынболат Сейдуалиев
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар