Спорт
Бердібек Сапарбаев қазақ футболының ардагері Сейілда Байшақовты мерейтойымен құттықтады
- авторjambylinfo.kz
- 5 қыркүйек, 2020
- 205
Бердібек Сапарбаев қазақ футболының ардагері Сейілда Байшақовты мерейтойымен құттықтады
Жамбыл футболы бірден екі мерейтойды атап өтуде. "Тараз" клубының құрылғанына биыл 60 жыл толса, жергілікті футбол мектебінің даңқты түлегі Сейілда Байшақов 70-ке келді. Осы орайда «Тараз» бен «Қайрат» клубтарының ардагерлері арасында жолдастық кездесу жоспарланды.
Жасыл алаңға айтулы мерейтоймен құттықтау үшін аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев @saparbayev_bm та келді. Ардагер футболшының ерен еңбегін, толағай жетістігін ерекше атаған Жамбыл облысының әкімі ала доп майталманына құрмет көрсетіп, шапан кигізді.
Сейілда Байшақов КСРО футбол құрамасында доп тепкен алғашқы қазақ ретінде атын тарихта қалдырып отыр. Сол кезде одақтас республикалар арасынан шығып, бас команда сапында ойнау үлкен жетістік болатын. Сейілда Байшақовтың өмір жолы қазіргі өскелең ұрпақ үшін өнеге. Сізді мерейтойыңызбен құттықтап, ең бастысы амандық тілегім келеді! Жетпіске келсеңіз де спорттан алшақтамай, әлі тың екеніңізді көрсетіп тұрсыз. Бұл көпке үлгі, - деп Бердібек Сапарбаев ақжарма тілектерін білдірді.
Сейілда Байшақов 1950 жылы сол кездегі Жамбыл, қазіргі Тараз жерінде дүниеге келген. Осы аймақтың футбол мектебінің түлегі. Спорттық карьерасының басым бөлігін алматылық «Қайрат» командасында өткізді. Көп жыл ұжымның тас қамал қорғаушысы, лидері, капитаны болды. Спорттық мансабын тәмамдаған соң да спорт саласынан алыстамады. Алдымен «Қайрат» футбол клубының әкімшілігінде жұмыс істеді. Қазақстан футбол федерациясында бірқатар лауазымды қызмет атқарып, 2016 жылы ұйымның Президенті болып сайланды. Сондай-ақ, еліміздің Футбол ардагерлері одағының Президенті атағына да ие. Отандық спорт саласына қосқан өлшеусіз үлесі үшін «Парасат» орденін алған.
Осы жолы жетпістің желкесіне шыққан Сейілда Байшақов кезіндегі командаластарымен бірге «Тараздың» ардагерлеріне қарсы алаңға шықты. Жолдастық кездесудің тұсауын даңқты футбошымен бірге Бердібек Сапарбаев кесіп, ала допты ойынға қосты. Тартысты кездесудің алғашқы кезеңінде Тараз ардагерлері ойн тізгінін қолға алып, бірнеше өткір шабуылдар ұйымдастырды. 20 минутта екі гол соғып есепте алға шықты. Екінші таймда ойын қарқыны үдеп, қос қарсылас алма-кезек шабуылдаумен болды. Ақыры жолдастық кездесу 5:5 есебімен аяқталып, командалар тең тарқасты.
Тағы бір мерейтой иесі «Тараз» футбол клубы да құрқол қайтпады. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ұжымға 5 миллион теңгенің сертфикатын табыс етті.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Ұқсас жаңалықтар
Спорт
Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметінен кетуі мүмкін
- авторМағжан Орынбасар
- 12 қараша, 2024