Жамбыл жаңалықтар
Қант қызылшасын өсірудегі Жамбыл облысының мүмкіндігі
- авторjambylinfo.kz
- 4 қараша, 2023
- 252
Қант қызылшасын өсірудегі Жамбыл облысының мүмкіндігі
Президент тапсырмасына сәйкес егіс алқаптарын әртараптандыру, басым бағыттағы рентабельді дақылдардың себу көлемдерін арттыру, бос жатқан жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына қосу, озық үлгідегі жаңа технологиялар мен ғылыми жаңашылдықтарды пайдалана отырып, саланың дамуын өз биігінен түсірмеу - бірінші кезектегі міндет.
Бүгінгі статистикаға тоқталмас бұрын, қызылша өндірісінің Жамбыл облысындағы тарихына тоқталсақ.
Қант қызылшасын егуді ең алғаш 1932 жылдың көктемінде Меркі ауданында, құлызыған кең далада басталған екен. Алғашқы жылы 500 гектар егіп, әр гектарынан 50 центнерден, небәрі 2500 тонна өнім алып, жартысын тұқымға қалдырып отырған. 1935 жылдары Меркі қант зауыты іске қосылғанда 2000 гектар егістіктің әр гектарынан 150 центнерден жинап, жалпы өнімін 30 мың тоннаға дейін жеткізген. Тәтті дақылды өсіру осылай қолға алынған екен.
1937 жылы Жамбыл қант зауыты біртіндеп іске қосыла бастағанда облыста 6490 гектар қант қызылшасының әр гектарынан 290 центнерден өнім алынып, жалпы түсімді 188,200 тоннаға жеткізген еді. Соғыс жылдары егіс көлемі 17-18 мың гектарды құрады. Алайда жалпы өнім оншалықты мол бола қойған жоқ. Оның себебі тек қана себу мен қопсытуынан басқа жұмыстың барлығы қол күшімен атқарылғандығы.
Осыған байланысты саладағы басым бағыттағы дақылдарға сәйкес әртараптандыруды жалғастыру және олардың өнімділігін арттыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды насихаттау арқылы тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылған «Қант қызылшасы өндірісін дамыту» тақырыбындағы «Егінжай-2023» облыстық дала семинарына облыс әкімі Е.Қарашөкеев, аудан әкімдерінің орынбасарлары мен аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшылары, шаруашылық жетекшілері және республикадағы ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары қатысты.
Байзақ ауданындағы «Аспан Агро» ауыл шаруашылығы кооперативінің қант қызылшасы алқабында өткен семинар барысында қатысушыларға ауыл шаруашылығы техникаларының және өндіруші компаниялардың көрмесі таныстырылды. Сондай-ақ, ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары егін шаруашылығын әртараптандыру, су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша баяндама жасап, шаруалармен өзара пікір алмасты.
Биылғы жылы аймақта қант қызылшасы 10,8 мың гектарға орналастырылса, қуаңшылықтың салдарынан оның 6,2 мың гектары жарамсыздыққа ұшырады. Қазіргі уақытта жиналатын 4,6 мың гектар алқаптың 1,3 мың гектарынан 58 356,9 тонна тәтті түбір алынып, әр гектардағы орташа өнім 424,6 центнерді құрауда. Ал, қант зауытына 46 997,9 тонна қызылша өткізілді.
Сондай-ақ, ағымдағы жылы 57,3 мың гектарға су үнемдеу технологиялары енгізілсе, оның 38,9 мың гектарына тамшылатып, 18,3 мың гектарына жаңбырлатып суару технологиясы енгізілді.
Жалпы егіншілікте озық технологияларды қант қызылшасына енгізу қолға алынуда және осы арқылы мол өнім алуға болатынына көз жеткізіліп келеді. Бұл бағыттағы, яғни жүннен өндірілген аграрлық биотыңайтқышты пайдалану, рентабелді дақылдардың тиімділігін арттыру сияқты жұмыстар семинар кезінде көпшілікке көрсетілді.
Айта кету керек, биылғы жылы 459 гектар қант қызылшасына тамшылатып суару технологиясы енгізілсе, 1 939 гектарға жаңбырлатып суару технологиясы енгізілді.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала