сенбі, 24 мамыр, 2025 13:10

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Тараз қаласы бюджетінің кіріс жоспары 83,3 миллиард теңгеге орындалған

Тараз қаласы бюджетінің кіріс жоспары 83,3 миллиард теңгеге орындалған
Фото - ашық дереккөз
Тараз қалалық мәслихатының тұрақты комиссияның бірлескен отырысы өтті

Мәслихаттың экономика, бюджет және кәсіпкерлік жөніндегі тұрақты комиссиясының төрайымы Дүйсенкүл Керімбаеваның төрағалығымен өткен жиында облыс орталығы бойынша 2024 жылғы бюджеттің игерілу барысы талқыға түсті, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Басқосуға өңірлік тексеру комиссиясының мүшесі Ермек Қарабаев, қала әкімінің орынбасары Гүлдана Жауынбекова, қалалық мәслихатының депутаттары мен мекеме, бөлім басшылары қатысты. Отырыстың күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша қала әкімінің орынбасары Гүлдана Әлімжанқызы баяндама жасап, өткен жылдың қорытындысымен көне шаһар бюджетінің атқарылуы туралы есеп берді. Ол өз сөзінде қала бюджетінің кіріс бөлігінің жоспары 83,3 миллиард теңгеге орындалғанын жеткізді. Сондай-ақ, бекітілген түсімдер жоспарына сәйкес, жоғары тұрған бюджеттен 36,7 миллиард теңге көлемінде трансферттер бөлінгенін атап өтті.

– Бюджет кірісінің 63,2 пайызын қаланың өзіндік кірістері құрайды. Өзіндік кірістің жоспары – 46,6 миллиард теңге көлемінде орындалды. 2023 жылдың тиісті кезеңінен қазынаға 6,2 миллиард теңгеге артығымен түсті. Дегенмен, жоспар 93,9 пайызға орындалып, «Азаматтарға пәтерлер сатудан түсетін түсімдер» 3 миллиард теңге кем түсті. Оған «Ұлы Дала» мөлтек ауданында 580 пәтерлі 9 көпқабатты тұрғын үй құрылысының мерзімінде аяқталмауы себеп болып отыр. Яғни, мердігерлердің өз міндеттерін толық орындамауына байланысты әрі сот процестерінің жүруіне орай нысандардың пайдалану мерзімі 2025 жылға өтпелі болды, – деді Г.Жауынбекова.

Қала әкімі орынбасарының айтуынша, кірістің 76,9 пайызы салықтық түсімнен құралса, салықтың басым бөлігі корпоративтік, жеке табыс салығы мен әлеуметтік салықтарға тиесілі екен. Сөзінше, жоспардың сапалы және толығымен орындалуына қол жеткізу мақсатында бюджет түсімдерінің әр түрі бойынша жыл бойы талдаулар жүргізіліп, тиісті уәкілетті органдармен бірлесе жұмыстар атқарылған.

– Қала бюджетінен қаржыланатын бюджеттік мекемелердің төлем көзінен ұсталынатын жеке табыс және әлеуметтік салықтарын бюджетке уақтылы түсіру, еңбек ақыларының әр айдың 28-не дейін толық төленуі – бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің бақылауында. Жыл соңында қаланың бақылау шотында қаражат тапшылығы орын алған жоқ. Бюджетке түсетін салық және басқа да міндетті төлемдердің толық түсуін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, бюджет түсімдерге талдау жүргізе отырып, жоспарға қажетті өзгерістер енгізілді. Нәтижесінде, салық органдары әкімшілендіретін жіктеме кодтары бойынша жоспардың орындалуына қол жеткізілді, – деді ол.

Сондай-ақ, спикер өз баяндамасында қала бюджетінің шығыс бөлігіне, республикалық бюджеттен берілетін трансферттер есебiнен іске асырылатын бағдарламалар мен облыстық бюджеттен берілген трансферттерге кеңінен тоқталды. Бұдан бөлек жергілікті атқарушы органның  резерві есебінен жүргізілген шығыстар жөнінде, тұрғын үй, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласы және әлеуметтік салалар бойынша бюджеттің атқарылуы жөнінде айтып өтті.

Мұнан соң, облыс бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Ермек Қарабаев сөз алып, қала бюджетінің атқарылуына қатысты өз ой-пікірін ортаға салды. Жиын соңында мәслихаттың экономика, бюджет және кәсіпкерлік жөніндегі тұрақты комиссиясының төрайымы Дүйсенкүл Керімбаева атқарушы билік өткен жылы қалалық бюджет параметрлерін негізінен орындағанын тілге тиек етті. Жалпы, қала бюджетінің кіріс бөлігінің орындалуы – 96, бюджет шығыстары – 97,6 пайызды құрайды. Атап өтерлігі, былтыр қала бюджетіне бас-аяғы 7 рет өзгерістер енгізілген болатын. Салдарынан бюжеттің кіріс бөлігі –3 043,7 миллион теңгеге кем орындалған. Осыны ескерген мәслихат депутаттары отырыс қорытындысында қала бюджетінің атқарылуын «қанағаттанарлық» деп бағалады.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар