сәрсенбі, 28 мамыр, 2025 23:04

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жасөспірімдер арасындағы лудомания: мамандар дабыл қақты

Жасөспірімдер арасындағы лудомания: мамандар дабыл қақты
Тараз қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Тараз қаласында прокуратура өкілдерінің ұйымдастыруымен жасөспірімдер арасында белең алып бара жатқан ойынқұмарлық пен лудоманияның алдын алу мақсатында арнайы конференция өтті.

Жиынға Жамбыл облысының прокуроры Нұрғалым Әбдіров, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, құқық қорғау органдарының өкілдері, республикалық деңгейдегі психолог-сарапшылар, өз тәуелділігін жеңе алған азаматтар, педагогтар және өңірдегі бірқатар оқу орындарының ұстаздары қатысты, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Шараны облыс прокуроры Нұрғалым Мәжитұлы ашып, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құмар ойындарға тәуелділік мәселесіне қатысты Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында айтқан сөздерін еске салды.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысында «Соңғы жылдары елімізде құмар ойынға тәуелділік белсенді өршіп, кейбір отбасылар үшін үлкен қасіретке айналғанын» атап өтті. Бұл дерттің жастар арасында таралуы олардың өмір салтына, қарым-қатынастарына және болашағына кері әсерін тигізуде. Соңғы жылдары лудоманиядан қайтыс болу фактілері тіркеліп, құмар ойындар қылмыстардың да себебіне айналуда. Статистикалық мәліметтерге сәйкес кәмелет жасқа толмаған 23 бала құмар ойын ойнау үшін үйінен қашып, ата-аналарымен іздеу салынған. Проблеманың маңыздылығын ескеріп, бүгін арнайы мамандарды шақырып, осы жиынды ұйымдастыруды жөн көрдік," – деді прокурор.

Конференция алты негізгі бөлімнен тұрды: ойынқұмарлық пен лудоманияның заманауи проблемалары және оларды шешу жолдары, тәуелділік психологиясы, медициналық және психикалық аспектілері, алдын алуда отбасы, мектеп және қоғамның рөлі, құқықтық және әлеуметтік ұсыныстар, сондай-ақ жалпы қорытынды.

Баяндамашылардың бірі – Астана қаласындағы “Сана-сезім” оңалту орталығының психологы Динара Қожахметова. Ол жиналғандарға арнайы психологиялық тест жүргізіп, ойынқұмарлыққа тәуелділіктің белгілерін көрсетті.

Динара Қожахметованың айтуынша, лудомания – патологиялық ойынқұмарлықтың бір түрі. Бұл ауру адамды материалдық, әлеуметтік, отбасылық тұрғыдан құрдымға жібереді. Ол психикалық аурулардың халықаралық классификациясы бойынша жеке кодпен тіркелген. Емі ұзақ әрі күрделі.

Психолог онлайн құмар ойындар мен видеоойындарға тәуелділікті ажырата отырып, олардың айырмашылықтары мен қауіпті тұстарына тоқталды.

Құмар ойындардағы негізгі мотивация – қаржы табу.

Ал видеоойындарда – шынайылықтан қашу, уақытша ләззат алу.

Екеуінің де ортақ қаупі – әлеуметтік оқшаулау, денсаулықтың нашарлауы, агрессия, оқуда үлгерімнің төмендеуі.

Психологтың пікірінше, балалардың телефонындағы ойындардың ішкі мазмұнын бақылау – ата-ананың тікелей міндеті. Қарапайым гаджет арқылы көзге көрінбейтін, бірақ рухани жағынан қауіпті тәуелділік қалыптасуы мүмкін.

Конференция соңында қатысушылар ойынқұмарлықтың алдын алу үшін ата-аналар, мектеп, құқық қорғау органдары мен медициналық қызметтердің бірлесіп жұмыс істеуі қажет деген тоқтамға келді. Әсіресе, ата-аналардың цифрлық сауаттылығын арттыру, мектеп бағдарламасына психологиялық қауіпсіздік сабақтарын енгізу – нақты ұсыныстардың бірі ретінде ұсынылды.

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар