сәрсенбі, 21 мамыр, 2025 8:42

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Нью-Йоркте БҰҰ Қарусыздану жөніндегі комиссиясының жыл сайынғы сессиясы басталды

Нью-Йоркте БҰҰ Қарусыздану жөніндегі комиссиясының жыл сайынғы сессиясы басталды
gov.kz
Нью-Йорктегі БҰҰ Штаб-пәтерінде Қарусыздану жөніндегі БҰҰ комиссиясының дәстүрлі жыл сайынғы сессиясы өз жұмысын ресми түрде бастады.

Бұл маңызды халықаралық жиын әлемдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттер арасындағы диалогты күшейтуге бағытталған әмбебап алаң болып табылады. Биылғы сессияға Парагвай Республикасы төрағалық етуде. Сессияның күн тәртібіндегі негізгі мәселелер: ядролық қарусыздану және оның таратылуына жол бермеу, сондай-ақ заманауи технологиялардың, соның ішінде жасанды интеллекттің қауіпсіздікке ықпалына қатысты туындайтын жаңа сын-қатерлер.

Сессияны ашқан БҰҰ Қарусыздану істері жөніндегі Жоғары өкілі Изуми Накамицу бүгінгі таңда ядролық қару қолдану қаупі қырғи-қабақ соғыстан бергі ең жоғары деңгейге жеткенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, жаһандық тежеу мен бақылау жүйелері әлсіреп, әлемдік қауіпсіздік архитектурасы дағдарыс жағдайында тұр. Сонымен қатар, Накамицу қарулы қақтығыстардың сипатын өзгертіп жатқан жасанды интеллект және автономды жүйелер сияқты технологиялардың жылдам дамуына алаңдаушылық білдіріп, осы салада халықаралық құқықтық нормалар мен реттеу тетіктерін шұғыл әзірлеу қажеттігін мәлімдеді.

Осы жаһандық үнқатысу алаңында Қазақстан атынан сөз сөйлеген еліміздің БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров республикамыздың ядролық қарусыздану ісіндегі тарихи рөлін және осы саладағы ұстанымын жан-жақты баяндады. Ол Қазақстанның бұл бағыттағы саясаты кең ауқымды халықаралық бастамалармен тығыз байланысты екенін және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен дәйекті түрде жалғасып келе жатқанын айтты.

Қазақстан тарапынан айтылған негізгі бастамалар қатарында ядролық қаруға тыйым салу туралы шарт (ЯҚТСШ) шеңберіндегі жұмыстарға белсенді қатысу, оның ішінде шартқа қатысушы елдердің үшінші кездесуіне төрағалық ету, сондай-ақ Орталық Азиядағы ядросыз аймақ мәртебесін нығайтуға қосқан үлес ерекше атап өтілді.

Сонымен бірге, еліміз 2026 жылы күшін жоятын Ресей мен АҚШ арасындағы Стратегиялық шабуылдаушы қаруларды шектеу туралы келісімнің болашағына қатысты алаңдаушылық білдірді. Қазақстан бұл келісімнің тоқтап қалуы жаһандық стратегиялық тұрақтылыққа қауіп төндіретінін ескеріп, оның орнына жаңа, тиімді және дер кезінде жасалатын келісімге қол жеткізу үшін шұғыл келіссөздер бастауды ұсынды.

Мұнымен қоса, Қазақстан ядролық қаруды таратпау туралы шарттың (ЯҚТШ) VI бабын толыққанды орындаудың маңыздылығына назар аударды. Бұл бап ядролық қаруы бар мемлекеттерді қарусыздану бойынша шынайы әрі нәтижелі келіссөздер жүргізуге міндеттейді. Сондай-ақ, Қазақстан Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың (ЯСЖТШ) күшіне енуін тездетуге шақырып, оны жаһандық қауіпсіздіктің негізгі тіректерінің бірі ретінде қарастыратынын білдірді.

Сөз соңында, еліміздің өкілі қазіргі замандағы әскери-саяси шешімдерге ықпал етуі мүмкін автономды жүйелер мен жасанды интеллектке қатысты қауіптерге тоқталып, бұл салаларда халықаралық стандарттар мен бақылау механизмдерін әзірлеу қажеттігін атап өтті.

Айта кету керек, Қарусыздану жөніндегі БҰҰ комиссиясы — Бас Ассамблеяның қосалқы органы ретінде мемлекеттер арасындағы сенім мен ынтымақтастықты нығайтатын, қарусыздану бағытындағы нақты ұсынымдар әзірлеуге арналған беделді халықаралық құрылым болып саналады. Комиссия жұмысы 25 сәуірге дейін жалғасады.

Арайлы Жақсылық
Автор

Арайлы Жақсылық

Арайлы Жақсылық

Ұқсас жаңалықтар