«Қазақстан» телерадиокорпорациясы ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық және ғұлама ойшыл, «Әлемнің екінші ұстазы» атанған Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына орай қалың көрерменге 6 бөлімді «Абай» және 7 бөлімнен тұратын «Әл-Фараби» телехикаяларын ұсынбақ. Ұлттың ұлы тұлғаларын экран арқылы дәріптеу – дәуір талабы. Өскелең ұрпақ жаһандану заманына бет бұрған тұста, өз ұлтының мақтаныштарын білуге міндетті. «Қазақстан» корпорациясы Ұлы дала дүниеге әкелген Абай мен Әл-Фарабидің өмір жолын, өскен ортасы мен заманын, өз уақытынан оза туған ғұламалығын жас ұрпаққа мазмұнды етіп насихаттауды басты мақсат етіп отыр.
Ләззат ТАНЫСБАЙ,
«Qazaqstan» РТРК» АҚ Басқарма төрайымы:
– Өнердің қай саласында болмасын Абайды тануға талпыну – қатпары мол жұмбақ әлемге тап келгенмен бірдей. Осы уақытқа дейін ақынның сол жұмбақ әлемі заманның ыңғайына қарай бұрмаланып келгенін білеміз. Бүгінге дейін жарық көрген кинотуындыларда Абайдың бейнесі жеке-дара көрініс тауып, әлеуметтік ортасы, тұтас халықтың тағдыры қалыс қалатын. Бұл жолы ел тағдырын сипаттай отырып, халықтың Абайын жасап шығаруға талпындық. Телехикаяның оқиға желісі Абай өмір сүрген кезеңді бейнелейді. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы негізгі оқиғаларды арқау ете отырып, ақын өмір кешкен кезеңдегі қоғамдық тартыс, Абайдың адами болмыс-бітімі, білім мен өнерге алғаш сусындаған сәті, кемеліне келген шақтағы саяси мәселелерге араласып, ұлтын береке-бірлікке шақырған тұстары түгелдей дерлік көрініс табады.
Ұлы тұлғаларымызға қатысты ауқымды жобаларды қолға ала бастағанда көпшілік күткен дүниені лайықты етіп ұсына аламыз ба деген қорқыныштың болғаны белгілі. Абай туралы түсіріліп отырған алғашқы сериал болғандықтан, көрермен мен қоғам алдындағы жауапкершіліктің салмағы қаншалықты ауыр болатынын о бастан түйсіндік. Отандық киноиндустрия, оның ішінде тарихи фильмдер түсіру әлі де даму үстінде, елімізде мұндай күрделі жанрдағы телехикаялар түсіретін, әбден машықтанған продакшн компаниялар жоқтың қасы. Дегенмен тәжірибе жетпейді деп отыра беруге болмайды. Дәл мерейтой қарсаңында халық экраннан Абайды іздейтіні анық еді. Үлкен корпорация ретінде сериал түсіру бастамасын қолға алу қажеттігін түсіндік. Корпорация байқау жариялағанда тек төрт компаниядан ұсыныс келіп түсті. Соның ішінен бұған дейін тарихи тақырыпта көпсериялы фильмдер түсірген режиссер Мұрат Бидосовқа сенім арттық. Жұмыс былтырғы жылдың қарашасында басталған болатын. Сериалдың сценарийін Көркемдік кеңесте саралап, абайтанушы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдерінің пікіріне ұдайы жүгініп отырдық. Сценарий төңірегінде үлкен тартыстар болды. Соңғы нүктені жазушы-драматург Дулат Исабеков ағамыздың араласуымен қойдық. Арнаның Бас редакторы, белгілі қаламгер, журналист Қайнар Олжай жаз бойы шығармашылық процестердің басы-қасында жүрді. Тарихи фильм болғандықтан, екі туындыда да көркемдік жағы басым түсіп, көпшілік күткен кейбір сәттер қамтылмаған болуы мүмкін, сондықтан қалың көрерменге қобалжи отыра ұсынып жатқанымыз мәлім. Телехикая о баста Абай топырағында, Жидебай мен Ералы жазығында, Шыңғыстаудың бөктерінде түсіріледі деп жоспарланғанымен, пандемияға байланысты түсірілім алаңындағы процестер сәт сайын өзгеріп жатты. Карантиндік шектеулер, қаланың жабық болуы, көлік қатынасының тоқтауы қалай да болсын кері әсерін тигізбей қоймады. Түсірілім тобын түгел карантинде ұстаған күндер де болды. Дегенмен, қиындықтарға қарамастан, межеленген мерзімде аяқтап үлгердік. Ал «Әл-Фараби» телехикаясы – Фараби өмірінен сыр шертетін алғашқы телехикая. Түркі, араб әлеміне ортақ тұлға десек те, ол туралы ешбір елде сериал түсірілмеген. Мұны да Ұлттық арна бастап қолға алып отырғандықтан, мойнымызға екі есе міндет арттық. Бұл жобада Нұриддин Паттеев жетекшілік етіп отырған «Сақ» киностудиясымен шығармашылық бірлестікте жұмыс істедік. Сериалдың бір ерекшелігі, басты және қосалқы рөлдердің барлығына да аймақтық театрлардың актерлері тартылды. Басты рөлді сомдаған Айдар Наурызбаев «Түркістан» театрының актері, Фарабидің анасының рөліндегі Жамилия Бекмұрзаева мен әкесінің рөлін сомдаған Марат Оразметов Шымкенттегі Жұмат Шанин театрының актерлері. Осы тұста түрлі кедергілерге қарамастан түсірілім алаңынан бір сәтке де алыстамаған шығармашылық топқа, жобаның көркемдік, мазмұндық жағынан баи түсуіне атсалысқан қазақ руханиятының жанашырларына алғыс білдіремін. «Абай» телехикаясы 16-17 желтоқсан 20:00-де, «Әл-Фараби» телехикаясы 18-20 желтоқсан күндері 16:00-де эфирге шығады.
* * *
Сериалда Абай өмірінің үш кезеңі қамтылған. Абайдың кемеліне келген шағын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділманов сомдаса, жас Абайдың бейнесін Ғ.Мүсірепов атындағы Жастар мен жасөспірімдер театрының актері Дархан Сүлейменов, ақынның бозбала шағын жас актер Әли Тұрсынхан сомдады. Телехикаяның актерлік құрамы Қазақстанның барлық театрларынан шақырылды.
Болат ӘБДІЛМАНОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
– Мен отыз жыл бойы театр сахнасында Абайды ойнап жүрмін. Өзім де драматург ретінде «Абайдың жұмбағы» атты пьесаның сахналық нұсқасын жасап, Әуезов театрының 95-ші маусымын осы қойылыммен аштық. Қазір көрермен жақсы қабылдап жатыр. Бұл менің театрда ойнап жүрген рөлдерім. Ал енді кино саласына келсек, кезінде Әзербайжан Мәмбетов қойған «Абай» спектаклінде ойнағанымда Әшірбек Сығай: «Шіркін, Абайдың киносын түсірсе, Абайдың рөлін ойнауға Болат Әбділманов дап-дайын ғой, осыны кинорежиссерлер көрсе ғой», деп елдің алдында айтқаны әлі күнге есімде. 19 жылдан кейін Абайдың 175 жылдығына арналған сериалға түскеніме қуаныштымын. Кино тетардан бөлек әлем. Сахнадағы ойнаған рөліңе мүлдем керағар. Актердің шынайы сөйлеуі, ішкі қуаты мен толғанысы камера алдында дәл өмірдегідей көрінеді. Фильм режиссері Мұрат Бидосов түсірілімнің алғашқы күнінде-ақ мені мүлдем басқа арнаға салып жіберді. Тағы бір ерекше айтатын нәрсе, таңдалған актерлік құрам. Біреудің танымалдылығына, болмаса атағына қараған емес. Түр-келбеті, бітім-болмысы сол заманға келеді деген актерлар Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналды. Әрине еш уақытта төрт аяғынан тайпалған жорға болмайды. Бір кем-кетігі болатын шығар. Бірақ осы Абайдың образына деген, Абайдың рухына деген еңбегіміз адал болды деп ойлаймын. Қолымыздан келгенше барлығынан бас тартып, тек қана осы сериалдың атмосферасында жұмыс істеуге тырыстық. Сондықтан да түсірілім барысындағы сәттерді өнердегі ең бақытты сәттерім деп еске алатын боламын. Мұндай бақыт актерге әр кино сайын келе бермейді. Өйткені өзіңнің армандаған рөліңді экранда сомдау – ерекше нығмет. Сондықтан да бұл кеңестік дәуірдің идеологиясына бұрмаланған Абай емес, тәуелсіз рухты бүгінгі күннің Абайы деп есептеймін. Бұл міндетті мойнына алған «Қазақстан» телерадиокорпорациясына артылар жүктің ауырлығын ұмытпау керек. Көзіқарақты көрермен туындыға өз бағасын береді деген сенімдемін.
* * *
Сериалдың түсірілімін Абай елінде жүзеге асыру жоспарланғанымен, елдегі қатаң карантин шараларына байланысты түсірілім жұмыстары Алматы облысында өтті. Десе де, арнайы құрылған декорация мен қазақ ауылы Абай өмір сүрген кезеңнің сипатына сай көрініс тапты деуге болады.
Мұрат БИДОСОВ,
режиссер:
– Жалпы, Абай тақырыбы, Абай әлемі кең көлемде зерттелген, әр қырынан терең насихатталған тақырып. Абай әлеміне айналып соқсаңыз, әр қырынан танисыз. Бұған дейін түсірілген Абай туралы фильмдер көпшілікке мәлім. Әрқайсысында сол фильмдерді жасаған шығармашылық топтың өзіндік қолтаңбасы бар. Дегенмен Абай бейнесі көпшілік көзіне сары уайымға салынған, философиялық оймен отыратын образ ретінде елестейді. Бірақ Абай да адам баласы, Абай да жұртпен бірге ас ішіп, жұртпен бірге жүрген, өзінің мінезімен, мақсат-мүддесімен өмір сүрген. Сондықтан біз телехикаяда ақын бейнесін барынша адами қырынан ашуға тырыстық. Ақындығы, күрескерлігі, терең философиясы оқиға желісінде көрініс тауып отырады. Жалпы, Абай өмір сүрген кезеңді, оның ортасын, бір-бірімен талас-тартысқа түскен қазақтың мінезін көрсету арқылы саяси мәні бар тұстарын да астарлап жеткізуге тырыстық. Түсірілім жұмыстары екі айдан астам уақытқа созылды. Актерлық құрам да аз емес. Сондықтан да іріктеуге баса мән беріп, еліміздің түкпір-түкпірінен лайықты деп таныған әртістерді тарттық.
Қайнар ОЛЖАЙ,
бас редактор:
– Қазақ топырағында өнердің жаңа саласы кино пайда болысымен ақын бейнесі экранда айшықтала бастады. Кешегі кеңестік дәуірдегі «Абай әндері» мен ақынның 150 жылдығына арнап түсірілген «Абай» фильмдерін көрермен ұмытқан жоқ. Екеуінде де өз уақытының талабы, өз кезеңінің табы бар. «Абай әндері» фильмі отаршылдық тақырыбын, ақын қасіретін айналып өтуін түсінуге болады. Екінші «Абай» Тәуелсіздіктің елең-алаңында түсірілгендіктен және той қарсаңындағы уақыт тапшылығынан оның құлашы кеңге сермелмеді. Қазіргісі – «Қазақстан» телерадиокорпорациясы қолға алып отырған «Абай» сериалы. Басшылық сериал түсіру туралы идеяны айтқанда, Көркемдік кеңес отырысында талай талқылаулар өтті. Қорқыныш та, қобалжу да болды. Бірақ, қол қусырып қарап отыра беруге болмайтынын түсіндік. Кеңесе келе, шығармашылық процестерге кірістік. Бас редактор ретінде фильмнің ұтқыр тұсы деп Абайдың образын ғана ту етпей, басқа кейіпкерлер бейнесінің қат-қабат өрбуін айтар едім. Айталық, кешегі кеңестік идеологияда феодал болып суреттелген, ескішіл, қытымыр делінген Құнанбай әлбетте, сол қалыпқа сыймайды. Керісінше даланың королі, қара қылды қақ жарар, елге тез болар Құнанбай бейнесі дараланып шықты. Заманның тартысын әке мен бала арасындағы тартысқа телімеуге тырыстық. Керісінше әке балаға болашақты аманаттап, қисықты түзе, сүрінгенге демеу бол деп емеурін танытып, жұртым адаспаса екен деп дұға етеді. Ел тағдырына іштей егіле отырып, Абайдың алдағы сүрлеуін нұсқайды. Абайдың отаршылдыққа налып, жан-дүниесін ыза мен құса билеп күйзелген сәтіндегі үміті фильмнің финалында өзгеше шешім табады. Сериалдың алдыңғы «Абайлардан» өзгеше тұстары да осы.
* * *
Хакімнің 175 жылдығына орай «Қазақстан» телерадиокорпорациясы түсірген 6 бөлімді телесериал биылғы жылдың 16-17 желтоқсан күндері сағат 20:00-де «Qazaqstan» Ұлттық арнасы және «Abai tv» арнасының эфирінен көрсетіледі.
Тәуелсіздік мерекесі күндері Ұлттық арна ұсынатын тағы бір ауқымды тарихи жоба – «Әл-Фараби» телехикаясы. Бұл да – отандық киноиндустрияда ғұлама ойшыл туралы түсірілген алғашқы телесериал. Фильмде Әл-Фарабидің бала кезінен бастап, адамзатқа танылған ғұлама шағына дейінгі өмірі қамтылды. «Әл-Фараби» сериалының түсірілім жұмыстары Түркістан, Отырар қалашығы, Түркістан облысының Бәйдібек ауданы Аппақ Ишан медресесі, Ысқақбаб медресесі, Қарнақ медресесі, Қапшағай, Түркістан қалашығы, Хиуа, Дамаск қалаларында өтті. Басты рөл ғұлама Фараби рөлін Р.Сейтметов атындағы «Түркістан» театрының актері Айдар Наурызбаев, жас Әл-Фарабиді Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің түлегі, актер Бекзат Жүнісов сомдап шықты.
Нұриддин ПАТТЕЕВ,
«САҚ» киностудиясының продюсері:
– Әрине Қазақ даласы қаншама ұлыларды шығарған. Алайда, солардың ішінде бүкіл адамзатқа «Екінші ұстаз» атанып, ғылымның шыңына шыққаны Әл-Фараби ғана. Сондықтан мұндай ғұламаның өмірін бейнелеу, образын ашу бізге үлкен жауапкершілік жүктеді. Сценарийдің өзін бірнеше ай уақыт жазып, корпорацияның Көркемдік кеңесімен шығармашылық талқыда пісіріп отырдық. Соның арқасында фильм сценарийінің ұтымды тұстары көп болды. Мысалы, телехикая барысында Әл-Фарабидің «Ұлы ұстаз» атанған Дамаскідегі кезеңі мен Отырарда өткен жастық шағындағы көріністер бірдей өрбіп отырады.
Жалпы, жоба барысында өз бетімізше көп ізденіп, Әл-Фараби еңбектеріне тереңінен үңілуге тырыстық. Сонымен қатар ғалымдардың, жазушылар мен этнографтардың кеңесіне жүгіндік.
Түсірілім кезінде бірқатар проблемалар болып, телехикаяның сапасына тікелей әсер еткенін жасырмаймыз. Оған себеп – әлемді жайлаған індеттің қойған тосқауылы болды. Тіпті, түсірілім тобының мүшелері мен басты рөлді сомдаған актерлер сырқаттанып, біраз уақыт жұмысты тоқтатуға тура келген сәттер болды. Бірақ, шығармашылық топ барлық қиындықтарды жеңе біліп, жобаны уақытында аяқтап шықты. Ендігі бағаны көрермендерден күтеміз.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз