сенбі, 27 сәуір, 2024 5:36

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыныз

Байланыс

Елі еркелеткен Есет!

Елі еркелеткен Есет!
ашық дереккөзі
Елі еркелеткен Есет!

Сөз өнерінің һәм төл өнеріміздің төресі саналатын айтыста да, аймақтың баспасөз саласына да Есет Досалының есімі етене таныс. Ақкөңіл, ақжарқын, ақеділ азамат ретінде бұқараға оның аты ғана емес, заты да құрметті. Талас өлкесінің тумасы, әріптесіміз Есет ақын күні кеше ғана туған өлкеге ат басын бұрып, ел-жұртымен емен-жарқын дидарласып, жүрекжарды жыр маржанын шашып қайтты.

Талас ауданы әкімдігінің қолдауымен һәм аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, Ұлбике ақын атындағы Мәдениет орталығы ұйымдастырған «Қайран аңғал, балалық шақ, балдәурен» атты бенефис шоуы LED экран арқылы айтыскер ақын туралы мәліметтер, суреттер мен «77 TV» телеарнасы түсірген хабардан үзінді көрсетумен басталды. Әдеби сазды жүздесуді ашып берген аудан әкімінің орынбасары Қайрат Серімов ақын шығармашылығы жайлы әңгіме өрбітіп, туған жерге өлең-жырмен ту тіккен Есет ақынға ақ тілегін жаудырып, шапан жапты. Одан кейін текті сөзді тізгіндеген Есет ақын туған өлкедегі қайталанбас балалық шағы, өкше басып, өнеге алып өскен ортасы, әріптестері, айтыс өнеріне келген алғашқы қадамдары мен өзінің авторлық кітаптары жайлы кеңінен сыр шертті. Толғана толқып жыр оқып, жерлестерінің қошеметіне кенелді. Ал LED экран арқылы көпшілікке тілегін арнаған ақынның асқар тау әкесі Жаңабай ақсақал бала күннен еңбекке бейім өскен перзентінің жан дүниесі қара домбырамен ғана емес, қаламмен де сырлас болғанын аңғарып, өмірлік рухани қолдау бола білгені жөнінде лебізін жеткізді. Сөз арасында әріптесіміз өзінің баспасөз саласына алғаш келуіне сеп болып, «ARAI» жастар газетіне жұмысқа қабылдаған тұңғыш ұстазы, марқұм Болат Бекжановқа риясыз разылығын тілге тиек етті. Бұдан әрі кеш кейіпкері өзінің перзенті Маржан екеуі «Менің әкем жақсы адам» әнін қосыла шарықтата шырқап, залда отырған Жаңабай ақсақалға үлкен құрмет көрсеткені көпшіліктің көңілін тебірентіп, жүрегін елжіретті. Кеш барысында Талас ауданының Құрметті азаматы Сабырғали Рысбаев, республикалық айтыстардың жүлдегері Асқарбек Айдаров ізгі ойларын, ақжарма ақ тілектерін арнаса, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғайни Әлімбекқызы Есет Досалыға арнаған өлең жолдарын оқыды. Экран арқылы Есет ақынның ел жадында қалған айтыстарынан үзінділер көрсетіліп отырды. Сөз арасында кеш иесі өзінің өнер мен өмірдегі аға буын өкілдерімен қатар, қазіргі таңда өзіне ізбасар болып жүрген шәкірттері жайлы да ой-пікірін ортаға салды. Өз кезегінде айтыс аламанында соңынан ерген інілері Мейіржан Жекебаев, Дидар Апбасов ұстаздарына деген алғысын өлең шумақтарымен жеткізсе, Нұрлыбек Құрманов, Мейіржан Жекебаев, Нұржан Манатбек, Дидар Апбасовтар Құлманбет айтысының үлгісін көрсетіп, көпшіліктің ықыласына бөленді. Ақынның қызы Інжу Жаңабай әкесінің «Балалық шақ балдәурен», қарындасы Іңкәр Жаңабай «Аппақ қар» атты өлеңдерін мәнерлеп оқып, соңында Іңкәр «Әкежан» атты әнді шырқады. Шара барысында сөз алған «AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Нұрбек Бекен Есет ақынның айтыскерлігі, журналистігінен бөлек, бүгінде газеттің әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы «Ел сыншысы – Есет» айдарын көпшіліктің жүрегіне жеткізіп, халықтың қордаланған мәселелерін өткір тілмен жеткізіп жүргендігіне тоқталып өтті. Ал облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт ақынның жан-жақты азаматтық, адамгершілік қырларын сөз етіп, еңбексүйгіштігін ерекше атап өтті. Ізін ала кеш иесіне «AULIEATA-MEDIA» серіктестігі атынан салтанатты түрде арнайы сыйлық табыс етілді. Есет ақынның өмірдегі, саладағы есте қаларлық, жүрек жылытарлық әзілдері жайлы әріптес ақын інісі Табиғат Абаилдаев сөз етті. Әпкесі Нұрбала Жаңабайқызы інісіне ақ батасын берген кеште Есет Досалы шабыттана жыр оқыды. «Көңілашар» триосы әуелеткен «Таласым» әні көңіл тербетіп, кешке арнайы келген меймандардың мөлдір тілектері ақынның шабытын шалықтатып, туған елге деген сағынышын басты.

  Нұржан ҚАДІРӘЛІ
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар