Ұлт тағдырында өшпес із қалдырған Желтоқсан көтерілісінен бері де отыз төрт жыл өтіп барады. Кеңес үкіметінің қылышынан қан тамып тұрған кездің өзінде тоталитарлық жүйеге қасқая қарсы шыққан қазақ жастарының ерлігі әлемді әлі күнге таңдандырумен келеді. Тек Алматыда ғана емес, Колбинді он бес минутта тағайындаған пленумның шешімдеріне наразылық білдірген бейбіт шерулер еліміздің әр өңірлерінде болды. Облыс орталықтарының бірқатар жоғары оқу орындарындағы тәрізді Красногор совхоз-техникумында да (бүгінде Ноғайбай ауылшаруашылығы колледжі) осындай толқу орын алған еді.
Ол кезде Красногор ауданы әлі Қордайға қосылмаған (1989 жылы қосылды). Сол ауданға қарайтын Ырғайтыдағы техникумның мәртебесі өзгеше, теориялық білім беру өндіріспен тығыз ұштастырыла жүргізіліп, шаруашылықтармен біріктірілген бүкіл одақтағы он алты совхоз-техникумдардың бірі еді. Студенттердің жалпы саны 1200-ді құрап, олардың тең жартысы техникум жатақханаларында жатып күндізгі бөлімде оқитын. Қазіргідей ұялы байланыс, ғаламтор әлі жоқ кезде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 16 желтоқсандағы кезектен тыс пленумы туралы хабарды жұрт түс қайта радио мен теледидардан естіді. Елімізді ұзақ жыл басқарған Д.А.Қонаев қызметінен алынып, орнына бүкіл елден лайықты адам табылмағандай Ресейдің бір түкпірінен келген Қазақстанға мүлдем жат Г.Колбиннің тағайындалуы қаны қазақ кім-кімнің де намысын қозғаған жай болды. Келесі күні Алматыдағы Брежнев атындағы алаңда студенттер мен жұмысшы жастардың «Әр ұлтқа – өзінің көсемі!» деген ұран көтерген бейбіт шеруі басталып, оның милицияның күшімен басып жаншылып жатқаны, жастар аяусыз соққыға жығылып, шетінен қамалып, тіпті, өлгендер бар деген жантүршігерлік хабарлар бірінен соң бірі жетіп жатты. Бұл ырғайтылық студенттердің де жанын жай таптырмай, тез жиналып, алматылықтармен бір сапта болуға ұмтылды. Красногор совхоз-техникумының сол кездегі директоры, бүгінде зейнеткер, Қордай ауданының Құрметті азаматы Тұрғанбек Байзақов айтады: – 18 желтоқсан күні таң азаннан қыстаудағы отарларды аралап келіп үйге кіргенім сол еді, соңымнан есікті тарсылдатып мал дәрігері келді. – Ойбай, аға, бәле болды. Сізді іздеп жатыр, – дейді алқынып. – Не болды? – Алматыда кешегі пленумның шешіміне қарсылық танытып жастар орталық алаңға шығыпты, біздің техникумда да студенттер дүрбелең салып жатыр. Олар ешкімді тыңдайтын емес. Дереу кеңсеге бет алдым. Селолық советтің төрайымы Таиса Тющенко үрейден екі көзі алақандай болып алдымнан шықты. Оның айтуынша барлық курстарда сабақ тоқтап, студенттердің бір бөлігі Алматыға баруға жиналып жатқан көрінеді. Шынында да техникум жақтағы адам қарасы мол көрінді. Шұбырып орталық көшемен автобус аялдамасына қарай бара жатыр. Мені көріп, барлығы келесі көшеге қарай ошарыла бұрылды. Жүгіріп алдарын орағытып кес-кестедім. – Айналайындар, тыңдаңдар мені, бұлай етіп ештеңе шеше алмаймыз. Босқа арандап қаласыңдар, оқуларыңа да зияны тиеді, – деп жатырмын. Бірақ жастардың кейбірі әбден ашынып алған: «Алматыға барамыз аға, онда студенттерді тепкілеп, соққыға жығып жатыр», «Қазақтарды қашанғы бүйтіп қорлай береді», «Ең болмаса ауылдағы орыстарды үйлерінен қуамыз, терезелерін сындырмыз» деп өрекпиді. Жиналғандардың саны үш жүзден асып қалар, күндізгі бөлімнің басым көпшілігі осында. Бәрі 14-19 жас аралығындағы өрімдей жастар. Ұлты орыс студенттердің бірі де жоқ, екі неміс бала бар еді, оларға дейін жүр. Ал ауылдағы орыс тұрғындардың барлығы үйлерінің есік-терезелерін тарс бекітіп алыпты. Олар түгілі, ұлты орыс аудан басшыларының өздері біртүрлі момақан күйге түскен. – Бұлай істемеңдер, мұның арты өте жаман болуы мүмкін. Одан да мәжіліс залына барып, жиналыс өткізейік. Бірге отырып талқылайық, ақылдасайық, – деймін балалар орны толмас бір пәлеге ұрынып кетпесін деп. Кеңшар партия ұйымының хатшысы, кәсіподақтың төрағасы, комсорг, техникумның оқу ісінің меңгерушілері, жай мұғалімдері де студенттерді сабырға шақырып жатыр. Сөйтіп, жалынғандай «әке-көкелеп» жүріп оларды біртіндеп техникумның мәжіліс залына жинадық. Осы кезде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Г.Колочев іздеп жатыр деді. Телефонға барып: «Тез келіңіз, студенттерді әрең ұстап отырмын, бірлесіп сабырға келтірейік» деп оны шақырдым. Сөйтіп, сол күні бар ақылымызды айтып жатып ереуілдің алдын алып едік... Білім беру ісінің ардагері, ауданның Құрметті азаматы Фатима Байбекова айтады: – Ол кезде совхоз-техникумдағы партия ұйымының хатшысы едім. 17 желтоқсан күні кешқұрым аудан орталығы Отардан аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Юрий Прилуцкий біртүрлі мазасызданған дауыспен телефон шалды. «Қалайсыңдар, бәрі қалпында ма?» дейді. Мен «иә» дедім. «Кезекшілікті күшейтіп, тәртіпті қадағалаңдар» дейді. Онсыз да бізде тәртіп жақсы еді, мұнысы несі дедім де қойдым. Ертесі таңертең кеңсеге келсем, «техникумның студенттері бүлік салып жатыр» деген хабар төбемнен мұздай су құйып жібергендей болды. Дереу аудандық партия комитетіне хабарладым да, совхоз-техникумның директорына жүгірдім. Ол кісі топтанып жиналып алған балалардың алдында сөз сөйлеп тұр екен. Әділін айту керек, сол күні Тұрғанбек Байзақовтың ауданға танымал абырой беделі, студенттердің тілін таба білуі арқасында үлкен дүрбелеңге жол берілмеді. Сол күні бәріміз студенттермен бірге болып, аудиторияларда да, жекелей де әңгіме жүргіздік. Бірқатарының ата-аналарын хабардар еттік. Соның арқасында бізде бірде-бір студент қудаланып, оқудан шығарылған жоқ... Осы арада мына бір жайға назар аударайық. Негізінен қазақтар мекендеп, мал шаруашылығымен айналысатын айналдырған үш колхоз, үш совхоздан тұратын, бірде-бір ірі өндіріс орны жоқ Красногор атты қуыршақ ауданда аупарткомның бірінші және екінші хатшылары (Г.Калачев, Ю.Прилуцкий), аудандық атқару комитетінің төрайымы (Н.Жукова), Ырғайтыдағы селолық советтің төрайымына (Т.Тющенко) дейін орыс ұлтының азаматтары болатын. Техникумдағы жиналысқа келгенімен, студенттер оларды тыңдай қоймай, көкейдегі сұрақтарын тайсалмай қарсы қойып жатты: «Неге Қонаевты құрметтеп зейнетке шығарып, орнына, мейлі орыс болсын, қазақстандықтан басшы қоймады?», «Біз Чеховтың, Пушкиннің шығармаларын жатқа білеміз, ал сіздер Абайдың бір өлеңін білесіздер ме?», «Ұлт саясатының лениндік принциптері неге бұрмаланады?» деген өткір сұрақтарға аудан басшылары қандай уәж айта қойсын. «Бұл партияның шешімі, оған шек келтіруге болмайды» деп күлбілтелеп, соңында «Алматыдағы бүлік «бұзақы», «нашақор», «маскүнем» жастардың қолымен жасалуда. Сендер де соларға қосылмақшысыңдар ма? Мұның арты жақсылыққа апармайды, өздеріңе де, ата-аналарыңа да қиын болады» деп қоқан-лоққы жасауға дейін барды. Тек, совхоз-техникумының директоры Т.Байзақов, партия ұйымының хатшысы Ф.Байбекова, техникумның бөлім меңгерушісі Д.Қошалиев, комсомол жетекшісі, студент Т.Архабаев, беделді мұғалімдер Ж.Арынов, Қ.Молдажанов, Н.Исанов, Н.Атабаев, А.Медеева және басқаларының жастарды бұлай қорқытып-үркітпей әкелік, аналық мейіріммен «Босқа арандап, өз өмірлеріңе балта шауып аласыңдар ғой, әліптің артын баға тұрайық, аптықпаңдар, мәселені бейбіт жолмен шешудің жолын қарастырайық» деген басу сөздері студенттерді біртіндеп сабасына түсірген еді. Дегенмен билік басындағылар қамсыз қалмау үшін, студенттер бас бермей бара жатса күш қолдануға ауыл сыртына үш бірдей өрт сөндіргіш машина, милиция жасақтарын әкеліп қойғанын айтады куәгерлер. Оқиға ортасында болған сондағы студенттер бүгінде бір-бір шаңырақтың иесі. Апалы-сіңлілі Гүлнар, Райкүл, Гүлсін Сұраубаевалар, Төлеген Архабаев, Исағали Құсайынов және басқа біз тілдескен олардың қай-қайсысы да сол бір ызғарлы желтоқсанда жастарды астананың орталық алаңына алып шыққан ұлы күш ұлттық рух пен патриоттық сезім екенін айтады. Өздерінің де солармен ниеттес болғанын мақтан етеді. Ұлттық рух буырқанған сол күндері Алматыда алаңға шыққандар қатарында көптеген қордайлық та болды. Мәселен, Қуаныш Сәрсенбаев құрылыс техникумында, Гүлсара Сағынбекова мен Айнұр Өтеевалар байланыс техникумында, Асқар Тұрлыбаев сәулет-құрылыс институтында, Сәрсен Әлиев есеп-санақ техникумында, Қуандық Сабыралиев кинотехникумда оқитын. Басқа да оқитын, жұмыс істейтін қордайлық жастар шеруге қатысқаны үшін оқудан шығарылып, жұмыстан қуылса, соққыға жығылып, майып болып қалғандары да болды.
Қырғыз жастарын Қордай асуынан асырмаған
«Қырда арқардың мүйiзi сынса, сайда сиырдың мүйiзi сырқырайды» демекші, сол күні Алматыда болған шерудi билiктiң аяусыз басып-жаншығаны Алатаудың күнгейiндегi айыр қалпақты қырғыз бауырларымыздың да қабырғасын қайыстырған. Суық хабар Фрунзе көшелерінде (қазіргі Бішкек қаласы) желдей есіп, жұрттың көңілін ұйқы-тұйқы қылды. Алматыдағы көтерілістің қатысушылары негізінен жастар, студенттер болғандықтан, қырғыз жастары да көтерілді. Оларды бір топ зиялы қауымның өкілдері де қолдады. Белсенді қырғыз азаматтары жиналып, бауырластарына жәрдем беру үшін Алматыға бет алған. Олардың ішінде кейін Қырғыз Республикасының халық жазушылары атанған Асанбек Стамов пен Мырза Гапаров та бар еді. Жазушылар бастаған топ Қордай асуынан ары өткізілмей кейін қайтарылды. Қырғыз политехникалық институтының да екі автобуспен шыққан студенттері асудан әрі аса алмаған. Тағы бір топ жаяу-жалпылап Отар станциясына жеткенімен, оларды да мұздай қаруланған орган адамдары күтіп алған болатын. Сол күндері көрші елдегі үлкенді-кішілі бірқатар оқу орындарында және қырғыз жастары көбірек жұмыс істеген кәсіпорындарда да қазақ жастарына қолдау білдірген жайлар орын алыпты. Тақырыпқа орай мына бір жай да еске түседі. Желтоқан көтерілісін күшпен басуға, жазалау әрекеттеріне белсене қатысқан құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскерилер кейіннен ордендермен, сый-сияпаттармен марапатталған болатын. Сол тұста Қазақстанда әскер қатарында болған қырғыз жігіті Талайбек Ылаев одан бас тартып: «Менің фашист болғым келмейді. Мен Колбинге, оны қолдаған барлық жендеттерге лағынет айтамын» деп, өзіне берілген Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасынан бас тартып, оны кері қайтарып жіберуге батылы барған. Желтоқсан көтерілісі КСРО аталатын алып империяның іргесін шайқалтқан ең алғашқы дүмпу болды. Ол тек қазақтар ғана емес, кеңестік жүйедегі бодан халықтардың жаппай орыстануының тамырын үзуге себепкер болды. 1987 жылы Саха Республикасындағы, 1989 жылы Балтық елдеріндегі, Грузия, Әзірбайжанда болған демократиялық қозғалыстардың өріс алуына жол ашты.
Құрманбек ӘЛІМЖАН, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қордай ауданы
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз