Дерек пен дәйек: 1991-2020
- 1991 жылдың 16 желтоқсан күні КСРО-ның ыдырауына байланысты Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялады және халықаралық қауымдастық тарапынан тәуелсіз мемлекет ретінде мойындалды.
- 1992 жылдың 8 ақпанында Жамбылда көше аттарына жаңа атаулар беру ісі басталды. Сонымен бірге Жамбыл қалалық советі атқару комитетінің шешімімен мөлтек аудандар бұдан былай реттік санымен емес, тиісінше «Ақбұлақ», «Қаратау», «Жайлау», «Салтанат», «Қарасу», «Талас», «Самал», «Алатау», «Мыңбұлақ», «Аса», «Жансая» деп аталатын болды.
- 1992 жылы 18 ақпанда Өмірбек Байгелдиев Жамбыл облысына әкім болып тағайындалды.
- 1992 жылы 10 сәуірде Шу механикалық жөндеу зауыты алғашқы жылжымалы вагон шығарды.
- 1992 жылдың 15 сәуірінде «Талас» асыл тұқымды мал зауыты акционерлік қоғам болып қайта құрылды.
- 1992 жылы 1 мамырда Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің шыға бастағанына 70 жыл болды.
- 1992 жылдың 9 маусымында Жамбыл қаласының орталығындағы жалғыз қазақ орта мектебінің қатарына енді тәуелсіздік жемісі ретінде тағы бір мектеп қосылды. №8 бұрынғы орыс мектебі қазақ тілінде тәлім-тәрбие беретін мектепке айналды. Ол оқу орны бүгінде Төлеби атындағы №8 мектеп-гимназия.
- 1992 жылдың 3 қазанында Жамбыл қалалық кеңесінің 13-сессиясында қаланың қазақ және орыс тілдеріндегі атауы тек «Жамбыл» транскрипциясында бекітіліп, орыс тіліндегі «Джамбул» атауы келмеске кетті.
- 1992 жылдың 9 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің батыры, Мойынқұм ауданының тумасы Қайрат Рысқұлбековке «Халық қаһарманы» атағы берілді.
- 1993 жылы 2 сәуірде Жамбыл облысы әкімдігінің қаулысымен облыс әкімшілігінің жастар ісі, туризм және спорт жөніндегі басқармасы құрылды.
- 1995 жылы «Арыс-Шу» теміржолының аралығындағы электрленген учаске іске қосылды. Осынау салтанатты рәсімге орай Шу қаласында өткен шараға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы қатысты.
- 1995 жылы 6 қазанда Амалбек Қозыбақұлы Тшанов Жамбыл облысының әкімі болып тағайындалды.
- 1996 жылдың 5 қаңтарында Ақбақай кенішінде Қазақстан мен Аустралия бірлесіп салған алтын балқытатын жаңа зауыт іске қосылды.
- 1996 жылдың шілде-тамыз айларында Жамбыл қаласы (қазіргі Тараз қаласы) мен Талдықорған облысында жыр алыбы Жамбылдың 150 жылдығына арналған шаралар өтті.
- 1996 жылдың 11 тамызында Атланта Олимпиадасында жамбылдық ұландар, даңқты боксшылар Болат Жұмаділов – күміс, Болат Ниязымбетов қола медаль жеңіп алды.
- 1997 жылдың 8 қаңтарында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен облыс орталығы Жамбыл қаласына бұрынғы Тараз атауы қайтарылды. Бұл тарихи шешімді Нұрсұлтан Әбішұлы облысқа жасаған сапары кезінде мәлімдеп, арнайы Жарлыққа қол қойды.
- 1997 жылы 3 қарашада ҚР Үкіметінің 1997 жылғы қаулысымен Жамбыл университетіне көрнекті ғалым, тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулатидің есімі берілді.
- 1998 жылы 21 қаңтарда Сарыбай Сұлтанұлы Қалмырзаев Жамбыл облысының әкімі болып тағайындалды.
- 1999 жылы 17 ақпанда Серік Әбікенұлы Үмбетов Жамбыл облысының әкімі болып тағайындалды.
- 1999 жылдың 11 наурызында Мемлекет басшысының Жарлығымен Луговой ауданының атауы қазақтың біртуар азаматы Тұрар Рысқұловтың есіміне өзгертілді.
- 2000 жылдың 28 қыркүйегінде Сидней Олимпиадасында Т.Рысқұлов ауданының түлектері – боксшы Ермахан Ыбырайымов алтын, палуан Ислам Байрамуков күміс медальға ие болды.
- 2001 жылдың 5 сәуірінде тоқырау кезінде жабылып қалған елімізге кеңінен танымал «Алатау» жастар ән-би ансамблі қайта құрылды.
- 2001 жылдың 21-22 қараша күндері Жамбыл облысының Астанадағы мәдениет және өнер күндері өтті.
- 2002 жылы 21 маусымда «Әулиеата» әуежайынан Тараз-Астана бағытында қатынайтын жолаушылардың тұрақты рейсінің тұсаукесері болды.
- 2002 жылдың 26 қыркүйегінде Тараз қаласының 2000 жылдық мерейтойы Бәйдібек баба ескерткішін ашудан басталды.
- 2002 жылдың 27 қыркүйегінде қайта еңсесін тіктеген Тектұрмас баба кесенесінің ашылу рәсімі өтті.
- 2004 жылы 14 мамырда Бөрібай Биқожаұлы Жексембин Жамбыл облысының әкімі болып тағайындалды.
- 2004 жылдың 29 тамызында Афина Олимпиадасында Тараз қаласының ұланы, боксшы Бақтияр Артаев алтын медаль жеңіп алды.
- 2005 жылы 23 қыркүйекте Т.Рысқұлов ауданының Құлан ауылында облыстың миллионыншы тұрғыны дүниеге келді. Нәрестеге Данияр есімі берілді.
- 2005 жылғы 13 қазаннан облыс жастарына арналған «Ар-Ай» газеті (қазіргі «ARAI») жарық көре бастады.
- 2005 жылы 15 қазанда Қордай ауданының түлегі Марат Мәзімбаев кәсіпқой бокстан IBA тұжырымы бойынша Әлем чемпионы атанды.
- 2006 жылдың 1 шілдесінде Тараз қаласындағы «Зербұлақ» демалыс аумағы пайдалануға берілді.
- 2006 жылы 6 желтоқсанда Тараз қаласында Бокс сарайының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
- 2007 жылдың 22 желтоқсанында облыс орталығындағы Т.Рысқұлов шипажайы жанынан даңқты хирург Сейітхан Жошыбаевтың кардиохирургиялық орталығының ашылу рәсімі өтті.
- 2008 жылдың 5 желтоқсанында даңқты театр және кино актері, КСРО Халық әртісі, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Асанәлі Әшімовтің туған жеріндегі, яғни Тараз қалалық Мәдениет үйінде шығармашылық орталығы ашылды.
- 2009 жылы көршілес Түркістан (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан) облысымен арадағы қатынасты жақсартатын жаңа жол салынды. Жуалы ауданының аумағында – 10,5, Түркістан облысы аумағында 15,5 шақырым асфальт жол халықтың пайдалануына берілді. Бұл жол қоғам және мемлекет қайраткері Өмірбек Байгелдінің бастамасымен салынған.
- 2009 жылы 30 қарашада Қанат Алдабергенұлы Бозымбаев Жамбыл облысының әкімі болып тағайындалды.
- 2010 жылы 23 қыркүйекте Кеңес Одағының Батыры, аты аңызға айналған қолбасшы Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойына орай облыстық прокуратура ғимаратына ескерткіш тақта орнатылды. Онда Баукеңнің прокуратура саласында қызмет атқарғаны жазылған. Мемориалды тақтаның ашылуына батырдың ұлы Бақытжан Момышұлы арнайы келіп қатысты.
- Тараз қаласында қауіпті террористі құрықтау кезінде ерлікпен қаза тапқан облыстық ішкі істер департаменті жол полициясы жеке батальонының взвод командирі Ғазиз Байтасовқа қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін «Халық қаһарманы» атағы берілді. Бұл награданы Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ғ.Байтасовтың зайыбы Гүлжамал Тәжиеваға тапсырды. 2011 жылы 13 мамырда Таразда тұңғыш облыстық кардиологиялық диспансер ашылды.
- 2012 жылы 25 қыркүйекте Жамбыл облысының түлегі Бейбіт Ыстыбаев «Қазақстан Барысы» атанды.
- 2013 жылдың қыркүйек айында «Тараз-Арена» спорт кешені пайдалануға берілді.
- 2013 жылдың 20 желтоқсанында Кәрім Нәсбекұлы Көкрекбаев Жамбыл облысының әкімі болып тағайындалды.
- 2014 жылы облыс жұртшылығы өңірдің 75 жылдығын, арқалы ақын Кенен Әзірбаевтың 130 жылдығы мен көрнекті мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың 120 жылдығын атап өтті.
- 2015 жылы қазан айында бүкіл қазаққа ортақ Қазақ хандығының 550 жылдық тойы Тараз қаласында бірнеше күн бойы аталып өтті. Оған ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Үкімет мүшелері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, шетелден келген қонақтар қатысты.
- 2017 жылы Талас ауданы Қаратау қаласында орналасқан «Қаратау ПРО» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мәрмәр ұнтағын өндіретін кәсіпорны ашылды.
- 2018 жылдың 10 қаңтарында Асқар Исабекұлы Мырзахметов Жамбыл облысының әкімі болып тағайындалды.
- 2018 жылы Тараз қаласындағы Қ.Рысқұлбеков саябағында Желтоқсан оқиғасының тарихи деректерінен сыр шертетін «Желтоқсан-86» орталығы салынды. Аталған орталықта Қ.Рысқұлбековтің жеке заттары мен оқиғаға қатысты құнды деректер жинақталған.
- 2018 жылғы 9 мамырда жаңғыртудан өткен «Жеңіс» саябағында «Ерлік» мемориалдық кешені ашылды. Ол жаққа «Мәңгілік алау» көшіріліп, батыр Бауыржан Момышұлының сом ескерткіші қайта орнатылды. Сондай-ақ құрылыстың екінші кезеңі бойынша «Даңқ аллеясы» мен «Үшбұлақ» жағажайы пайдалануға берілді.
- 2019 жылы Жастар жылына орай Тараз қаласының Ы.Сүлейменов көшесінің бойындағы бұрынғы «Атшабар» сквері абаттандырылып, қайта жаңартылып, «Жастар аллеясы» атымен пайдалануға берілді. Онда «Ұлы дала ұландары» стеласы, «Білім» алаңы, «Jastar» қабілет орталығы, «Кітап» ескерткіші және «Сахна» алаңшасы бой көтерген.
- 2019 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес Жамбыл облыстық филармониясына Кенен Әзірбаевтың, сондай-ақ Тараз қалалық мәдениет үйіне атақты күйші, қобызшы Ықылас Дүкенұлының есімі берілді.
- 2019 жылдың 25 желтоқсанында «Тектұрмас» этно-тарихи кешені ашылды. Кешеннің айбарын «Көне Тараз» қақпасы арттырып, Әулиеата баба ескерткіші қойылды.
- 2019 жылдың 25 желтоқсанында Жамбыл облысының 80 жылдығына орай «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешені пайдалануға берілді. Мұнда барлық құрылыс жұмыстары ортағасырлық шығыс сәулеттік стилінде жүргізілген. Кешенде «Руханият және тарихтану» орталығы, «Қолөнер шеберлерінің галереясы», «Көркемсурет галереясы», «Облыстық тарихи-өлкетану музейі», «Ретро-фестиваль» амфитеатры, «Көрме» павильоны, «Сағат» стелласы және «Арбат-2» жаяу жүргіншілер алаңы сияқты 8 нысан қамтылған.
- 2019 жылдың 26 желтоқсанында Жамбыл облысының 80 жылдық мерекесіне орай Тараз қаласынан қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері Асқар Тоқпановтың ескерткіші бой көтерді.
- 2020 жылдың 10 ақпаны күні Бердібек Сапарбаев Жамбыл облысының әкімі қызметіне тағайындалды.
- 2020 жылдың 24 қыркүйегінде Тараз қаласында Қазақстан халқы ассамблеясының 25 жылдығына арналған «Қазақ еліне мың алғыс» атты монумент ашылды.
- 2020 жылдың 30 қарашасында Таразда «Біз біргеміз» монументі ашылды.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала