сенбі, 28 желтоқсан, 2024 0:27

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Кенен ата тойы есімнен кетпейді...»

«Кенен ата тойы есімнен кетпейді...»
ашық дереккөзі
«Кенен ата тойы есімнен кетпейді...»

«ARAI» жастар газетінің табалдырығын алғаш аттаған сәтім әлі есімде. 2009 жылдың тамыз айының басы болатын. әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін тәмамдап, аталмыш білім ордасына магистратураға құжат тапсыратын күннен кешігіп, одан соң М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-ға грантқа түсе алмай, тауым шағылып қайтып келе жатқан бетім еді. Сол күні дипломымды құшақтап, «Жұмыс іздеп жүр едім» деп басылымның сол кездегі бас редакторы Болат Бекжанов ағамызға кірдім.

Аз-кем әңгімеден соң Болат аға: «Құдай айдап келіп қалған екенсің. Оның үстіне, қара шаңырақта оқыпсың. Әзірге редакцияда жарты бірлік орын бос, ертеңнен бастап жұмысқа шыға бер. Білмегенің болса, үйренерсің», деді. Осылайша үйде ата-анам менің грантқа түсіп кетуімді тілеп, тақымдарын қысып отырғанда ұлдары ойда-жоқта облыстық газеттің журналисі болып шыға келді. «Атың барда, желіп жүріп жер таны» демекші «ARAI»-дың арқасында өңірдің түкпір-түкпіріне жолым түсті. Іссапармен жүріп небір қызықты оқиғаларды бастан өткердік. Айталық Қордайда өткен Кенен атаның тойына барып, көкпар, аламан бәйге тамашалап кетіп, салтанатты жиыннан мақала жазып келмегенім үшін басшылықтан ескерту алғаным әлі күнге жадымда. Шудағы Шоқпар бекетіндегі мектептің жайын жазуға барып, таңға жуық пойыздан түсіп алып, бекетте ел-жұрттың оянғанын күткен күндер де кешегідей көз алдымда. Жаңатастағы сол кезде жаңадан соғылған стадионды әр барғанда әр шенеунікке лентасын қидырып, ашылу салтанатын жасағандардың әрекетін сынап жазған мақалалар да еске түсіп отыр. 2009 жылдың тамызынан 2012 жылдың тамызына дейін еңбек еткен «ARAI»-дағы үш жылда өміріме азық болар тәлім алдым, тәжірибе жинадым. Басылымның сол жылдардағы бас редакторлары Болат Бекжанов, Оралхан Дәуіт ағалар қаламымды ұштады. Қабілетімді ашты. Журналистикадағы алғашқы қадамымызды нықтап, белімізді буып, томағамызды сыпырған «ARAI» жастар газетінің алғашқы нөмірі жарыққа шыққанына 15 жыл толып отыр. Айтулы күнмен «арайлық» әріптестерімді құттықтай отырып, жастар газетінің абыройы асқақ болып, таралымы артып, оқырманы көбейе берсін дегім келеді.

  Нұрболат ӘЛДИБЕК, республикалық «Жас Алаш» газетінің облыстағы меншікті тілшісі
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар