жұма, 29 қараша, 2024 15:39

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ұлы ақын тойы – халық тойы

Ұлы ақын тойы – халық тойы
ашық дереккөзі
Ұлы ақын тойы – халық тойы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен күнтізбеміз тағы  бір мерейлі мерекемен толығып, 10 тамыз - Абай күні болып белгіленді. Абай-адамзаттың асылы, ұлт руханиятының темірқазығы. Сондықтан биылдан бастап тойланатын мереке – ел болашағы, ертеңі үшін жасалған, халық мүддесін көздеген тарихи маңызды қадам. Ақын тойы еліміздің әр аймағында індетке байланысты сақтық шараларын сақтай отырып лайықты деңгейде аталып өтті. Ал Әулиеата өңіріндегі Абай күні ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен бастау алды. Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеев, ҚР Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Хамит Есаман, жас ақын Нұржан Қадырәлі ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойып,  рухына тағзым етті. Сондай-ақ Ш. Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы мен «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық музейі Абай Құнанбайұлының ғибратты ғұмырын, шығармашылығын насихаттау мақсатында көрме ұйымдастырды. Көрмеге хакімнің баға жетпес мұраларымен  қатар, қазақтың белгілі ғалымдары мен қоғам қайраткерлерінің еңбектері қойылған.   *** Абай күніне арналған іс-шаралар легі «Jastar» қабілет орталығында жалғасын тапты. Онда облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі ұйымдастырған «Ғылым таппай мақтанба» дельфилік ойындарының және «Мәңгілік елдің алыптары» атты эссе байқауының жеңімпаздары марапатталды. Шараны алғы сөзбен ашқан облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Бейсенқұлов Абай күнімен құттықтап, байқау жеңімпаздарына ақжарма тілегін арнады. Абай мұрасы – Қазақстанның одан әрі өсіп-өркендеуіне жол ашатын баға жетпес құндылық. Ұлы ойшылдың өсиетіне әрдайым берік болсақ, ел ретінде еңселене түсетініміз анық. Абай Құнанбайұлының биылғы 175 жылдық мерейтойы және ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген Абай күні мерекесі ұлы ойшылдың мұрасын дәріптеу жұмысына ерекше серпін беретіні сөзсіз. Халқымыздың бойтұмары – Абайдың өнегесін өскелең ұрпақтың бойына сіңіру – баршамызға парыз. Сондықтан ұлтымызды ұлықтайтын осындай игі бастамаға жұрт болып жұмыла білейік! –деді Д. Ынтықбайұлы. Жалпы байқауда14-35  жас аралығындағы 60 үміткер 5 номинация  бойынша сынға түскен. Ал облыстық шығармашылық байқауға дәстүрлі әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутай, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Әбубәкір Қайран, жазушы, мәдениеттанушы Бердалы Оспан, суретші, қолөнерші Алмас Серікұлы қазылық етті. Кіл жүйріктің арасынан үздік шыққан жеңізпаздарды  Дауыл Ынтықбайұлы мен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің төрағасы Арман Серікұлы марапаттады. Сонымен шілде айында басталған байқаудың «Үздік гуманист» номинациясы бойынша I орынды Ақжігіт Жетпісбай иеленсе, «Үздік поэзия» және «Үздік бейнелеу өнері» номинацияларын Жұматай Көксубай мен Сейтжапар Елнария жеңіп алды. Сол секілді «Үздік бейнеролик» номинациясына Мерей Бает, «Үздік Абай әндерін орындаушы» аталымы бойынша Ербосын Қасымбеков жеңімпаз деп танылды. Сондай-ақ «Мәңгілік елдің алыптары» эссе байқауының бас жүлдесіне Талшын Биболқызы ие болды. Бірнеше қатысушы ынталандыру сыйлығына ие болды. Байқау жеңімпаздарына және өзге де жүлдегерлерге қаржылай сыйлықтар табыс етілді. Шара барысында Абай әндері орындалып, кештің сәнін кіргізді. Талғат Нұрханов
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар