Жуырда мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевқа арналған сиықсыз ескерткіштің төңірегіндегі дау-дамай әлеуметтік желіде қызу талқыланып, артынша шала-жансар қашалған жұмыс тоқтатылған еді. Алматы облыстық мәдениет басқармасының өкілдері мүсінге бөлінген 12 миллион теңге демеушілердің есебінен төленгенін айтып, «тендер мен жемқорлыққа арналған ескерткіш» деп шулаған жұрттың аптығын басқандай болған.
Осынау жағдайдан соң елдегі ескерткіш орнатуға қатысты қалыптасқан үрдіс жайында белгілі мүсіншілерді әңгімеге тартқан едік. Жағдай анау айтқандай мәз емес болып шықты. Олардың айтуынша, шығармашылық жағдай жоқ, тендерге байланған өнер тамыр-таныстың жетегінде кетіп жатыр.
Өнердің өлшеусіз тәрбиелік мәні жайында айтқанымызда, сұлу сөзге қамшы салдырмаймыз. Шынтуайтында сәулет мүсіншілері мен суретшілердің бүгінгі жағдайы, монументалды үгіт-насихаттың жалпы үрдісі жайында үнсіз қалу мүмкін болмай отыр. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, суретші-монументалист, мүсінші Сембіғали Смағұлов – 100-ден аса монумент жұмыс пен кескіндеме туындының авторы. Соның ішінде ақ мәрмәрдан Тәуелсіздік алаңының қақ ортасында бой көтерген «Қазақ елі» монументінің авторы ретінде танылған. Осынау хас өнердің бүгінгі атқарар міндеті мен мүмкіндігі жайында сөз қозғаған Сембіғали Абзалбекұлы қордаланып қалған бірқатар мәселені ашық айтып берді.
– Озық талапты сырт көзге халық руханияты деңгейінің көрсеткіші саналған суретші мамандардың хал-әлеуеті қандай деген сұраққа жауап айтпаса да белгілі. Кез келген халықтың осы саладағы мәдениетінің дамуы, өрлеу кезеңдері биік өнер потенциалына зәру аристократия өкілдерінің немесе биліктің оң көзқарасына тікелей байланысты. Өркениеті озық елдерге сапарлап барғанымызда сол елдегі «суретшінің көзі» ұшақ табалдырығынан түскеннен бастап байқала бастайды. Біздегі қала безендіру мәдениеті мерекелік «қызылды-жасылды» көңіл күй емес «көк ала қойдай» деген реңдік қатынасқа көбірек саятыны, жарнама атаулының көркемдік әсерінен гөрі өндірістік алаңдарда тұруға лайықты прайскурантарға көбірек ұқсайтыны рас. Мыңдаған жылдық қала мәдениеті қанына сіңген Лондон, Амстердам сияқты шаһарларға барғанда елімізде өріс алған көптеген кемшіліктің жауабын оқимыз, – дейді суретші-монументалист.
Ал еліміздегі мүсін қою үрдісінде көптеген маңызды кәсіби талаптарды өрескел бұрмалаушылық, сондай-ақ билік ресурсының шығармашылық шешімдік процестерге тікелей араласуы өнер адамдарының психологиялық-моральдық тұрғыда өздерін кінәлі сезінуіне әкеліп соқтырып отырғанын жеткізді.
– Кеңес уақытында әдеби шығармаларды безендірген бейнелеу өнері майталмандары мен ақын-жазушылардың шығармашылығының ұштасуын бүгінгі жағдаймен салыстыруға да келмейді. Айта берсе көп мүшкілдіктің бір ұшы айтулы саланың кәсіби білім беру жүйесіне және олардың техникалық базасына тікелей тиетіні де өткір шындық, – деген суретші қазіргі таңдағы зергерлік өнер де балғаның мүмкіншілігімен ғана шектеліп отырғанын, қоғам сұранысы да соған сай екенін күйінішпен жеткізді. Оның айтуынша, Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Монументтік өнер құрылыстарын орнату жөніндегі комиссия мүшелері жең ұшынан жалғасып, тапсырысты өздері таңдап алған суретшілерге ғана беретін бұлжымас «дәстүр» қалыптастырып алған.
– Бұл мәселені айтып, Президентке ашық хат жазсам деп те жүргенмін. Мемлекеттік комиссия өздерінің талаптарымен ғана іріктейді. Қазір бізді «сен кімсің» деп музейге де кіргізбейді. Жастарға бағыт-бағдар беретін аға буын өкілдері санаулы ғана қалды. Біз кеткен соң барлығы құриды. Суретшілер мен мүсіншілерді өнер академиясының бір бұрышына тығып қоймай, өз алдына жеке отау құрып шығару керек, – дейді Сембіғали Смағұлов. Монументтік өнер құрылыстарын орнату жөніндегі комиссия жұмысына наразы болып отырған жалғыз пікір бұл ғана емес, металды өңдеу техникасымен жұмыс істейтін бірден-бір маман, мүсінші Шоқан Төлештің де пікірі осы арнаға саяды.
– Мемлекеттік комиссия тапсырыстарды арнаулы топтарға ғана таңдап береді. Қалғанымыз қала береміз, мүлде назар аудармайды. Отырғандарына қанша жыл болды, комиссия құрамын құрғанда екі жыл сайын алмастырып тұрса деймін. Өздерінің таныстарына ғана тендерді ұтып береді. Жиналып алған 5-6 адам бірінен кейін бірі жыл сайын өте береді, ұялмайды, – деп ренішін жасырмаған Шоқан Әлмахамбетұлы бейнелеу өнері саласында еңбектеніп жүрген жастарға қолдаудың жоқ екенінде айтты.
– Бізде дарынды жастар көп. Үлкен ақсақалдардың көбі кетіп қалды. 70-тің ар жақ-бер жағындағылар санаулы қалдық. Кейінгі жастарды жігерлендіретін ештеңе қалмады, талпыныс жоқ. Жаңа бағыттарды жан-жақтан үйреніп келгенмен, ұлттық бояудан ажырап барады. Оны насихаттайтын не арна, не радионы көрмейсің. Әншілер тойға шығып жан бағады, ал суретшілер қалай күн көреді? Саяси науқандар кезінде портреттер салуға тапсырыстар түсіп жататын кез болады, бірақ ол шығармашылықпен айналысу емес. Жастар шетел асып кетіп жатыр, өйткені билік тарапынан жүйелі қолдау таба алмай келеді. Сонша талантты бола тұра бірде-бір рет көріне алмай, өмірден өтіп кеткен, талантты суретшілер мен мүсіншілер қаншама?! Жаның ашиды. Анархистердің заманындағыдай қазақ суретшілері бас басына бытырап жүр. Суретшілер одағына ренжитін ештеңеміз жоқ, ол – ешқандай қаражаты жоқ бірлестік қана, – деген мүсінші пікірін тыңдап бас шайқадық. Ерекше қолтаңбасымен Батыс пен Шығыстың стилистикасын біріктіріп, жаңаша бейнелеп жүрген мүсінші Шоқан Төлештің он жұмысы Кипр заманауи өнер музейінде қойылған. «Ақсақал» атты туындысы музейдің кіреберісіне көрнекті жерге орнатылыпты. Өзінің айтуынша, біздегі мәдениет пен өнер де осындай қамқорлыққа зәру.
– Өздеріңізге мәлім, Түркия азаматы Гюнсал Суаттың басшылығымен «Түркі әлемі» музейін ашу мақсатында түркі мәдениетін танытатын экспонаттар мен картиналарды дүниежүзінен жинақтап жатыр. Сол симпозиумға мен де қатысып, жұмыстарымызды қойдық. Гюнсал Суаттың өзінің ықылас танытуымен, менің «Ақсақал» деген 2,5 метрлік ескерткішімді музейдің кіреберісіне орнатты. Үлкенді сыйлау мәдениеті жалпы түркі әлеміне тән қасиет, сондықтан ақсақал идеясы елді бәтуаға шақырған данагөй абыз кейпінде сомдалды, – деп түйіндеген мүсінші өнерге мән-мағына беру арқылы ізгілікті қоғам қалыптасатынын айтады.
– Ауыз ашып қарап отыра беретін емес, астанадан кішігірім өнер орталығын ашып, балаларды өнерге баулып келемін. Айына бір рет шеберлік сыныптарын өткізіп тұрамын. Тағы бір айтарым, әкім-қаралар ауысқан сайын бастамалары да аяқсыз, жалғаспай қалып кете береді, бірізді жүйе жоқ. Осыған алаңдаймыз, – дейді.
Бейнелеу өнерінің бір түріне жататын мүсін жанры – ұлттық мәдениетіміздің дамуында орасан орны бар шығармашылық сала. Кеңес дәуірінен кейін Едіге Рахмадиев, Нұрлан Далбай, 3D өлшеммен жұмыс істейтін жалғыз мүсінші Мұрат Сыдықов, Эстония өнер академиясының түлегі Асқар Нартов сынды өнер майталмандары мүсіндеме бағытын әлемдік құндылықтар мен ұлттық салт-дәстүр ерекшеліктерімен ұштастыра дамытып келеді. Кезінде қазақ мүсін өнерінің негізін салған Хакімжан Наурызбаев бейнелеген Абай ескерткішінің орнатылуына, оның композициялық шешімінің ойдағыдай шығуына Мұхтар Әуезов көп ықпал еткендігі жайында әдемі әңгіме айтылады. «Тапсырма алуын алғанмен, енді мұны қалай орындаймын деп уайым шектім. Бірді-екілі кездескенде менің осы қалпымды байқап қалған болу керек. Мұқаң: «Әй, Хакімжан, жасыма, жігерлен. Абай ағаңның аруағы қолдайды, батыл іске кіріс. Ойлануға уақыт жоқ» деп қайрап қойды. Сонымен, ақын образын мүсіндеуге кірісіп те кеттім. Мүсін өнерінің өнердің өзге түрінен көп өзгешелігі бар десек, соның бірі болашақ туындының жер жағдайымен, геокеңестікпен үндесіп жатуы. Жасалатын ескерткіштің болашақ тұратын орны мұқият еске алынуы керек. Осы шарт ойдағыдай орындалғанда ғана ескерткішке «жан бітеді», деп жазады халық суретшісі Наурызбаев өз естелігінде. Мұнан кейін де кемеңгер ескерткішінің тұғырлы тұлғасы түрлі композициялық шешімдермен мазмұн жағынан әр алуан бейнеде сомдалып келеді. Жуырда ғана Абай бейнесін силиконнан айнытпай жасап шыққан гиперреалист-мүсінші Айдос Есмағамбет – табанды еңбегінің арқасында танылып келе жатқан жастардың бірі. Шығармашылығын жаңа қырынан танытып жүрген мүсінші бейнелеу өнерінің толық бағаланбайтындығын, насихаты кемшін екеніне налиды.
– Үлкені де, кішісі де өз бетінше тендер ұтып алуға тырысады. Заманауи өнерді бағалайтын түсінік таяз болып тұрғанда, толымды нәтижеге қол жеткізу қиын. 2010 жылдан бері мүсін саласына ден қойып келемін, бірақ шынайы бағалау, түсіну көрмедім. Жастарға барлық жағынан қолдау көрсетіліп, назар аударылса, көрмелер жиі өткізілсе деген тілегім бар, – дейді ол.
Қазақстанның бейнелеу өнерінің беталысы жайында сұрастыра келе, бүгінгі қоғамның шындығы терең өнерге атүсті қарауға болмайтындығын, ұлттық бейнелеу өнерінің шектеулі мүмкіндіктері көкейкесті мәселелерге айналып отырғанын көрсетіп отыр. Түптеп келгенде қазақ бейнелеу өнері қамқорлыққа зәру, жаңаша ұлттық мектеп қалыптастыруды қажет етеді. Сондықтан өзгеру, өсу кезеңіндегі бүгінгі мәдени құбылысты көркемдік дәстүрлер негізінде зерттеп, саралау, нақты шешім қабылдау керектігін айтып дабыл қаққан өнер жанашырларына құлақ түрсе, қанекей?! Әйтпесе Алматыдағы 23 миллион теңгеге (оның 15 миллионы бюджет есебінен) сабаннан тұрғызылған алып тиін сияқты талғамсыз ескерткіштер есімізді тандырудан танбай келеді.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз