Гетеден Паустовскийге дейін
Марлен Дитрих кітап оқуды жақсы көріп, сүйікті қаламгерлеріне Тәңіріндей сыйынған деседі. Оның «ұлы» жазушыларының ең басында Иоганн Вольфганг Гете тұрыпты. Актриса өзінің өмірлік қағидаттары мен адамдық ұстанымдарын жастайынан оқыған кітаптарынан түйгенін жиі айтатын. 1920 жылы 19 жастағы Мария Магдалена Дитрих скрипкашылық өнерін дамыту үшін туған жері – Берлиннен кетеді. Қоныс аудару ол үшін әрі ауыр сынақ, әрі үлкен қуаныш болды. Қуаныш дейтініміз, актриса Гетенің теңдессіз шығармалар жазған Веймар қаласына келді. Ол ешқашан өз «тәңір-жазушысымен» мұндай рухани жақындықты сезінген емес.
Марленнің келесі әдеби махаббаты – ақын Райнер Мария Рильке. «Рилькеден кейін менің жанымның тереңін қозғайтын поэтикалық шығарма тууы мүмкін еместей», дейтін Дитрих. Олар замандас болғанымен, актриса ақынмен кездесіп үлгермеді Һәм бұған өмір бойы өкінді. Рилькенің шығармашылығымен танысқан уақытта Марлен кәсіби музыкант болудан бас тартқан еді.
Ал атақты актриса атанған соң Дитрих ХХ ғасырдың талантты жазушыларымен – Эрнест Хемингуэй, Эрих Мария Ремаркпен араласа бастады. Әсіресе – екінші адаммен Венецияда бастау алған таныстық ұзақ әрі баянды достық пен махаббатқа ұласты. Бұл туралы Ремарк «Салтанат қақпасы» («Триумфальная арка») романында жазады.
Дитрихтің оқырмандық жанын жаулаған соңғы жазушы – Нобель сыйлығына төрт рет ұсынылған Константин Паустовский. Онымен кездесуді көптен бері ойлап жүрген актрисаның қалауы тек 1964 жылы ғана орындалды. Алайда «мен оны тым кеш жолықтырдым», деп өкінеді. Әлқисса.
Сахнадағы кездесу
Гастрольмен әлемді аралап жүрген голливудтық актриса Марлен Дитрих бірде жолы түсіп, Кеңес Одағына келеді. Әдеттегідей, аэропортта киножұлдызды камера арқалаған журналистер мен алқызыл шоқ гүлдер қарсы алады. Сонда репортерлардың бірі: «КСРО-да кімді немесе нені көргіңіз келеді? Кремль, Үлкен театр, Мавзолей?» деп сұрайды. Жаттанды әрі қарапайым сұрақтың жауабы өте шынайы боларын ешкім күткен жоқ. Дитрих өзінің Паустовский қаламына деген құрметі шексіз екенін һәм оның ағылшын тілінде оқыған «Телеграмма» әңгімесінен сұмдық әсер алғанын айтады. Қалаға көшкен соң ауылдағы анасын ұмытқан жас әйелдің мұңды оқиғасына тебіренген актриса сүйікті авторының еліне келіп тұрып, қалай кездеспей кетсін?.. Талайдан бергі ізгі арманы орындалар шақта әлем жұлдызы 62 жаста еді. Бұл 1964 жылдың жазы болатын.
Әдебиетшілердің Орталық үйіндегі концертте Дитрих сахнаға шықпас бұрын аудармашыдан Паустовскийдің залда отырғанын естиді. Инфарктан енді тұрған адамның осында келгеніне қатты таңғалады. Сахнаға Паустовский көтерілгенде Дитрих бір ауыз орысшасын айта алмай, тізе бүгіп, жазушының қолын сүйеді. Бұл тарихи сәттің естелігі қаламгер музейінде сақталған.
«Телеграмма» әңгімесіндегі мына бір сюжет голливудтық актрисаның бұл шығармаға неге сонша ынтық болғанын көрсететіндей. «Қымбаттым менің, – деп жазады Катерина Петровна. – Мен бұл қыстан аман шықпайтын сияқтымын. Ең құрығанда бір күнге келіп кет: қолыңды ұстап, жүзіңді көрейін. Қартайдым, бойымнан қуат кетті. Жүру тұрмақ, жантаю мен отырудың өзі мұңға айналды. Өлім маған келер жолды ұмытқан сияқты. Бақ қурап жатыр – бұрынғыдай емес. Тіпті оны көрмеймін де. Биылғы күз де сүреңсіз. Бар ғұмырым осы күздей ұзақ болмаған секілді».
Осы сапар туралы әнші: «Маған шығарма да, жазушы да беймәлім болды. Әңгімені оқыған соң сол бір бөтен есімдер мен оқиғаларды ұмыта алмадым. Алайда автордың басқа да кітабын іздеп табу бұйырмады. Ал гастрольмен Ресейге барғанымда Паустовскийді арнайы сұрадым. Ол сол уақытта ауруханада жатыпты. Кейін «Өмір туралы ертегінің» екі томын да оқып, оның прозасына мас болдым. Содан бері осы шығармаларды жазған автордың қолын сүюді мақсат тұттым. Қысқа ғұмырда сол ой-арманымды орындап үлгергеніме қуаныштымын», деп жазды.
Ақиқатында, Паустовский үшін де Дитрихтің таланты ерекше орын алған екен. Ол сүйікті акрисасының өнерін бетпе-бет тамашалаудан құр қалмас еді. Сол үшін де аурухана дәрігерінің сөзіне құлақ аспай, әйелі мен үй дәрігерін ертіп, концертке келеді. Айтпақшы, жазушы сонда 72 жаста болатын.
Сол кездесуде Дитрих жазушыға автографпен сурет қалдырса, Паустовский «Жоғалған романдар» шығармалар жинағын сыйлайды. Онда «Марлен Дитрих, егер мен енді «Телеграмма» сияқты жақсы шығарма жаза алсам, оны міндетті түрде Сізге арнаймын» деп жазылған. Алайда қаламгер бұл «уәдесін» орындай алмады.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Қазақстан әлем чемпионаттарының ордасына айналды
Ұқсас жаңалықтар
Бүгін қазақтың аңыз әншісі Бибігүл Төлегенованың туған күні
- авторjambylinfo.kz
- 16 желтоқсан, 2024