Мойынқұмда Канн кинофестиваліне қатысатын фильм түсірілуде
- авторjambylinfo.kz
- 21 қыркүйек, 2020
- 255
Облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен облыстық «Кино орталығы» мекемесі мен Тараз кино мектебі бірлесіп, «Зере» атты фильм түсіріп жатыр. Аталған фильмді түсіру үшін Мойынқұм ауданының Мыңарал ауылдық округі таңдалған. Осыған орай аталған фильмнің режиссерлары мен актерлері Тараз қаласындағы Т.Рысқұлов саябағындағы амфитеатрда киносүйер қауыммен кездесу өткізді.
Кездесуді режиссер Дәурен Қамшыбаев ашып, фильмге еліміздегі талантты жас актерлер шақырылғанын, олар әлемнің ең үздік кино жұлдыздарынан үлгі алып, жақсы тәжірибе жинаған мамандар екенін айтты. Мұнан соң осы фильмде басты рольдердің бірін ойнап жатқан актер Елжас Рахым аталған киноның таңдалған жері, желісі, оқиғасы өзіне ұнағанын айтты. Ал, актер Сануржан Сүлейменов фильмде Талап деген кейіпкердің рөлінде ойнайтынын, Тараз қаласында бұрын болғанын, осы көне қалада кино мектебінің жұмысына риза екенін жеткізді. Кинодағы басты роль – Зерені ойнаған актер Адина Бажанның сөзін де көпшілік қызыға тыңдады. Екінші режиссер Анастасия Бирючева, актриса Ольга Ландина да өз ойларымен және кино түсіру барысындағы қызықты сәттермен бөлісті. Дегенмен, қонақтар киноның негізгі мазмұны мен тақырыбын құпия ұстауды жөн көрді. Бұйыртса, жаңа фильм келесі жылдары кинотеатрларда көрсетіле бастайды. Қонақтар БАҚ өкілдері мен көрермендер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Өз кезегінде Дәурен Қамшыбаев кездесуге уақыт бөліп келген тараздықтарға алғысын білдірді.
– Аталған фильм орыс тілінде түсірілгенімен, мұнда қазақтың салт-дәстүрлері қамтылады. Бірақ, әзірге көп мәселелер құпия ұсталуда. Келесі жылдың алғашқы айларында «Зере» фильмі халықаралық Канн фестиваліне қатысады деп жоспарлануда, – деді облыстық «Кино орталығы» мекемесінің директоры Ерлан Өтебаев. Есет Досалыjambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз