сенбі, 4 мамыр, 2024 8:22

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыныз

Байланыс

Нұржан шайырдың «Жүрек өрті» жарық көрді

Нұржан  шайырдың «Жүрек өрті»  жарық көрді
ашық дереккөзі
Нұржан шайырдың «Жүрек өрті» жарық көрді

Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығында «Әулиеата үміті-2020» облыстық жастар сыйлығының иегері, ҚР Жазушылар одағының ең жас мүшесі, облыстық «ARAI» жастар газетінің «Мәдениет және әлеумет» бөлімінің редакторы, өңірге танымал ақын Нұржан Қадірәлінің тұңғыш «Жүрек өрті» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Ақынның тұңғыш жинағының тұсаукесер рәсіміне облыстың зиялы қауым өкілдері, жас ақындар мен әріптестері қатысты. Осынау салтанатты шарада алғаш болып сөз тізгіндеген Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының директоры Сауран Қалиев биылдан бастап орталық тарапынан жас ақындардың жинағын шығаруды қолға алғандарын жеткізді. – Біздің мекеме жыл сайын жас ақындарды қолдап, олардың шығармалар жинағын шығаруды мақсат етіп қойып отыр. Осы орайда, біз қыркүйек айында «Шынның жүзі – Шераға» атты мүшәйра ұйымдастырған болатынбыз. Оның жеңімпазы Нұржан Қадірәлі болды. Шерхан Мұртазаның туған күніне орай өткізілген байқауда жеңімпаз ретінде танылған ақынның алғашқы кітабын шығарып беріп отырмыз. Айта кетерлігі, бұл байқау жыл сайын ұйымдастырылатын болады, – деді С.Қалиев. Мұнан соң елімізге белгілі жазушы Елен Әлімжан, журналистика саласының ардагері, публицист Бекет Момынқұл және облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ілесбек Амалов ақынның «Жүрек өрті» кітабының лентасын салтанатты түрде қиды. Осылайша, кітапты қолына алған Елен Әлімжан шығармашыл адам үшін алғашқы жинағын шығарудан асқан бақыт жоқ екенін жеткізді. – Бұл сенің поэзия әлеміндегі төлқұжатың. Алдағы уақытта жазатын өлеңдерің жинаққа енген шығармаларыңнан төмен болмауы қажет. Жалпы, сенің нағыз ақын екеніңді кез-келген шығармаңның бір-екі жолын оқып қана көз жеткізуге болады. Расында, мықты ақынсың! Әрдайым үздіктер қатарынан табыл, – деді Е.Әлімжан. Сондай-ақ салтанатты шарада «AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Бас директоры Нұрбек Бекен жас ақынның алғашқы кітабына жоғары бағасын беріп, алдағы уақытта электронды нұсқасын да шығару туралы ойын ортаға салды. Сонымен қатар облыстық «ARAI» жастар газетінің бас редакторы Дәулет Төлендіұлы ақын өлеңдерінің өресі биік екенін жеткізіп, оған шығармашылық табыс тіледі. Ал Тараз қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің директор-бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали, облыстық «Aq jol» газетінің бөлім басшысы Табиғат Абаилдаев пен тілшісі Есет Досалы Нұржан Қадірәлінің өлеңдері көптің көңілінен шығатынын алға тартып, толайым табыс тіледі. Өз кезегінде қаламым қаруым, өлеңім өмірім деп жүрген әріптесімізге шығармашылық табыс тілейміз! Жазарың таусылмасын, Нұржан шайыр!

  Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар