Асылы, жазушыға ең алдымен көкірек көзі керек. Қаламгердің өткір де көреген көзі арқылы жазылатын болашақ шығарманы, әрине, аса бай, бояулы тілі оқырманның жүрегіне жеткізіп, толғандырады, ойландырады.
Көркем шығарма жазған адам мейлі əңгіме, мейлі повесть, мейлі роман болсын, ең алдымен оқырманының көп болғанын емес, сол көзі қарақты оқырмандарының өзі жазған шығармасына немқұрайды, жайбарақат қарамағанын қалайды. Басқаша айтқанда, оқырман жазушының айтарымен келісе ме, келіспей ме бəрібір, тек оқып болып, сол бойда шығарманың өн бойындағы оқиғаны да, кейіпкерді де ұмытып, кітапты тастай салмаса болғаны. Өйткені оқырманын əрі-сəрі күйге салып, жан дүниесін бір ысытып, бір суытпаған шығарманың өмірі қысқа болады. Ал шығарманың өн бойынан сол заманның көрінісі сұлу өріліп, кейіпкерлері есте қаларлықтай дараланған шығарма ұлттың рухани байлығына айналады. Ұлы жазушы Жүсіпбек Аймауытұлынша айтсақ: «Əр адамның, əр ақынның өрісі – бірінші заманға, екінші – туып-өскен əлеуметіне, үшінші – нəсіліне (тұқымына) байлаулы. Ақын ерікті-еріксіз өз заманының тонын кимеске, өз əулетінің мұңын жоқтамасқа, тілегін орындамасқа əдді жоқ». Жүсіпбек бабамыз осы тамаша ойларын кейінгі ұрпақ – Несіпбек Дəутайұлы сияқты жазушыларға аманаттап қалдырған сияқты. Өз басым Несіпбек Дəутайұлының «Кісі иесі» повестер мен əңгімелер жинағын оқып шыққаннан кейін осындай пікірде қалдым. Жинақта екі повесі мен он екі əңгімесінің барлығы да еліміздің тəуелсіздік алғаннан кейінгі социалистік реализмнен қазақ əдебиеті арыла бастағанда жазылған сойы бөлек, соны туындылар. Несіпбек шығармаларының қай-қайсысында да талайлы тағдыр иелері тəтті өмір мен ащы өлімнің арасындағы өмір деген күйкі тірліктің жетегінде ертеңгі күні үшін жанталасады, болашақ ұрпағы үшін басын қатерге тігеді немесе мəнсіз-мағынасыз өмірдің құрбанына айналады. Алайда Несіпбек жазушының басқа тұстастарынан айрықша ерекшелігі – оның кейіпкерлері «Ақкүшіктегі» ерлі-зайыпты қос мұңлық – Қалдыбай мен Бекзат, «Алтын балықтағы» қиялшыл бала – Бекенай. Əңгімелер: «Тағдырдағы» – бұрынғы меценат, зағип, «Қанқызыл жалқындағы» – Ерсуан, «Құмға қашқан құйындағы» – келісті келіншек, «Көгілдір көйлекті келіншектегі» – жалғызілікті келіншек, «Өнеш, комбинатор, алжапқыштағы» – Өнеш, «Архитектордағы» – Өркенбек, «Айғыркісідегі» – айғыр – Айғыркісі, «Мəкеңдер, Мəлсекеңдер заманындағы» – Мəндібай, «Мінездегі» – Ағасы мен Қалижан, «Кісі иесіндегі» – Кенжеғазы, «Тілалғыштағы» – Құлболды, «Батырдағы» – Батыр əдемі сюжетке құрылған сан алуан оқиғалардың кейіпкері ретінде өмірдің теперіші мен салтанатын қатар көріп жүріп, талай-талай жағдайларға ұшырап, тағдырымен бетпе-бет келсе де өзінің туа бітті адалдығы мен арын, өрлігі мен қайсарлығын жоғалтпай, адамдық қасиетін сақтап қалады. Бұл дағы қаламгердің қазақ оқырмандарының алдындағы моральдық кредосы, халқына деген шексіз сүйіспеншілігі жазушының осынау ерекше ұлттық қасиетін ендігі жерде əлем оқырмандары да сезінсе, шіркін деген көкейде бір арман қоздайды. Жиырмасыншы ғасырдағы Норвегтің аса ірі реалист-жазушысы Юхан Борген айтпақшы: «Жазушы болу – бұл дегеніңіз өз жаныңды жұртқа сеніп тапсыру ғой». Мына «Кісі иесі» шығармалар жинағын мұқият оқып шыққан оқырманның ойына ең алдымен оралатыны – жаңа қазақ əдебиетіне тағы бір тегеурінді таланттың келгені жəне прозаның шағын жанрлары повестер мен əңгімелерге елеулі жаңалық əкелгендігі. Біріншіден, ол қазақ прозасында символдық (нышандық) кейіпкердің мүлдем жаңа бейнелерін жасауымен ерекшеленеді. Айталық «Ақкүшік» повесіндегі кіп-кішкене сүйректей ақ күшіктің бойында оқырманның жанын буырқантып жіберетін бұла күш бар. Ақкүшік аспанда қалықтап жүріп, Қазақстанның өткені мен бүгінін, болашағын ой елегінен өткізетін ақбас бүркіт емес, бар болғаны ерлі-зайыпты иелеріне əбден бауыр басып, шын берілген ит деген хайуанның күшігі ғана. Жазушы ажырасудың аз-ақ алдында, əзір бөлек тұрып жатқан ерлі-зайыпты екі мұңлықты қимай, жаны қиналып жүрген ақкүшіктің бейкүнə, аңқау бейнесі арқылы бұрын-соңды қазақ əдебиетінде кездесе қоймаған мүлдем жаңа символдық образ жасайды. Ақкүшік – ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген адалдығы, пəктігі. Ақкүшік – екі адамның арасындағы махаббат сезімі. Ақкүшік – екі адамның арасындағы қимастық. Ақкүшік – екі адамның біріне-бірі айта алмай жүрген трагедиясы. Ақкүшік екі ауылдың арасын тоздырып, екі иесінің неге бөлек тұрып жатқанынан бейхабар күйде жаны қиналып шапқылап жүргенде, көктемгі су тасқыны алып кеткен көпірмен бірге ағып кете барады. Өзеннің екі жағында ерлі-зайыпты қала береді. Бітті! Көркем əдебиеттің қатаң шешімі осы. Бірін-бірі қадірлейтін, қимайтын ерлі-зайыпты екеудің соңғы үміті – Ақкүшіктің «аянышты» жағдайы оқырманның жанында ұзақ сақталады, маза бермейді. Жазушының «Қанқызыл жалқын» əңгімесінде символдық бейне – қанқызыл түлкі. Бұл өзі біздің заманның баюдан басқа мақсаты да, арманы жоқ жаңа қазақтардың құлқынның құлы бола бастаған бейшара бейнесін жасаған əңгіме. Алайда қаламгердің түпкі мақсаты бұл емес, осы құлқынның құлы бола бастаған, байшыкештерге қызмет етіп жүрген қарапайым адамдардың тағдыры. Əңгіменің кейіпкері – Ерсуан қанқызыл түлкінің соңына сарала тайған тазысымен бірге мықтап түседі. Бірақ өзі үшін емес, бүгінгі қожасы Ожданбай үшін. Ожданбайлардың ақшасы мол, сондықтан да күші көп, пəрмені зор. Олар қанқызыл түлкіні ешқашан өздері ауламайды. Біреуге аулатады, қызығына, пайдасына кенелетін, əрине өзі. Жазушының символдық «Қанқызыл түлкісі» – талай қарапайым, адал адамдарды адастырып, алжастырып жүрген елес, ол – қызыл жалқын. Əңгіме жанрындағы жаңа серпін, жаңа өріс – «Кісі иесі» əңгімесінде ерекше байқалады. Біз айтар едік, бұл əңгіме қазақ əдебиетіндегі алабөтен құбылыс. Əрине, қазақ қаламгерлері отызыншы жылдардағы коммунизмді қолдан жасаған зауал – ашаршылық туралы аз жазған жоқ. Қазақта бұл қасіретті тақырыпқа жазылған сəтті-сəтсіз шығармалар баршылық. «Кісі иесі» əңгімесі де осы тақырыпты қамтыған. Алайда жазушының концепциялық тұжырымы ерекше. Бір ғана эпизодқа назар аударайықшы. Арқарлыдан ауып келе жатқан екеу, «Кенжеғазының иығында ала қоржын, қолында ұңғысы ұзын қара мылтық. Əйелінің арқасында бала. Үлкен орамалмен шандып байлап алған... («Кісі иесі» 197-бет) Аштықтан ағайын іздеп босып келе жатса да, жағдайлары жаман емес, қыста атып алған құланның етін пісіріп, диірменнің қуыс-қуысында қалған талқанды қоржынға салып алған. Үнемдеп жеп, ілбіп келе жатқан жайлары бар. Күні кешегі ауқатты диірменшінің баласы еді, ендігі жағдайлары мынау... Алдарынан аш-жалаңаш, өрім-өрім үш адам кездеседі. Əңгіменің шырқау шегі осы тұс, жан түршігерлік көрініс. Ана үшеуі көптен нəр татпаған аш адамдар. Бұрын əжептəуір атағы бар кісілер, қазір аштықтан аңға, жыртқышқа айналған. Қыбырлаған жан болсын, жəндік болсын тарпа бас салып, жұлып жеуге əзір. Бойларында адамдық сезімнен ештеңе қалмаған, аштық алды-артына қаратпайды, ақылға салдырмайды. Іштеріндегі еңселілеуі өңмеңдей келіп, «таста баланы» деп айқайлайды. Бұның ақыл-есі дұрыс, өйткені қарнында аз да болса ел бар, жаңа бір əзірде ғана құлжаның етінен бір кесіп алып, талғажау етіп келе жатқан. Ана тірі аруақ үшеуі еңпеңдеп арттарынан қалар емес, «таста баланы» деп айқайлаумен келеді. Бұл əйелін «жүре бер» деп жолға салып жіберіп, ентелеп келе жатқан үшеуге мылтығын кезеніп тұра қалады. Жазушының шеберлігі осы жерде əбден байқалады. Бұның қолында қара мылтық, үш оғы бар. Үшеуін əп сəтте жайратып салып кете беруіне əбден болады. Бірақ тірі адамдарға мылтық кезесе де, атып салуға дəті бармайды. Өйткені бұл аш емес, адамгершілігін жоғалтпаған, бір оғын далаға атып аналарды сескендірмек болып еді, онысынан ештеңе шықпады, үшеуі тіпті жақын қалды. Ол бəрібір ата алмады... Ал тəлтіректеп, аштық жайлаған үшеудің сыртқы бейнесі адам болғанымен, өздері əлдеқашан жыртқыш аңға айналған еді... Артына қарай-қарай біраз ұзап кеткен, бала арқалаған жас келіншек əбден сілесі қатып, бір жайдақ сайға жеткенде тізе бүккен... Күйеуінің мылтығы екі рет атылды да үні өшті... Осы сəтте ол көк бөріге ұшырасады... Өз адамгершілігінің құрбаны болған Кенжеғазының əйелі мен баласын баяғыда, бозбала кезінде қуғыншылардан құтқарып қалған «көк бөрі» əрі қарай қамқорлыққа алып, барар жеріне аман жетуіне себепші болады. Жазушы осы бір жан түршігерлік оқиғаны өте шебер суреттеген. Аштық жылдарындағы аш адамдардың психологиялық мінез-құлықтарын өте шеберлікпен бере білген. Аштық туралы жазылған көркем шығармалардың арасындағы шоқтығы биік, бітімі бөлек шығарма «Кісі иесі» əңгімесі. Жинақтағы «Тілалғыш» əңгімесі бір қарағанда қарапайым дүние. «Е, өмірде бұндайлар да болады» деп қоя салуға да болар еді. Бірақ бұл əңгіме қазақ əдебиетіне қосылған шедевр. Бұлай дейтініміз, əңгіменің кейіпкері Құлболды біраздан кейін ойыңды шырмап, қыр соңыңнан қалмай қояды. Оңға қарасаң да Құлболды, солға қарасаң да Құлболды, алдыңда да Құлболды, соңыңда да Құлболды. Мінбеде сөйлеп тұрған дөкей де Құлболдыға ұқсайтын сияқты, тəрбиеден сабақ беріп тұрған мұғалім де Құлболды болып кеткендей. «Апырмай» дейсің сонда өз-өзіңнен, қоғам түгел Құлболдыға айналып кеткен бе?!. Осы шағын əңгіменің кереметтігі сол – кейіпкер Құлболдыны аяп, мүсіркей алмайсың, қайта бойыңда бір керемет жиіркеніш пайда болады. Сірə, қалам құдіреті деген осында жатса керек! Жазушының енді бір бітімі бөлек туындысы – «Батыр» əңгімесі. Əңгімедегі Батыр бейнесі бұрын-соңды қазақ əдебиетінде кездесе қоймаған ерекше образ. Оның батырға тəн кесек тұлғасын айтпағанның өзінде, мінезіндегі өрлік, бірсөзділік, көзіндегі айбар мен сұстың өзі неге тұрады. Қаншама шалт қимылдап, қатал шешім қабылдағанымен, жүрегінің жұмсақтығы кең-мол тұлғасын одан сайын сомдандырып, жоталандырып тұрғандай. Ол бір айтады, кесіп айтады. Айтқан сөзде тұрады, əділ шешімге тоқтай біледі. Жазушы Несіпбек Дəутайұлы Батыр бейнесін есте жоқ ескі заманда біздің бабаларымыз осындай дүр болған деп жасағандай. Батырда бір ғана өкініш бар – ұрыста жау қолынан шейіт болмағандығы. Бұл дағы тек қазақ батырына тəн наркескен қасиет. Батырдың жаудан тартып əкелген тоқалымен арадағы қысқа диалогте мынадай ғажайып сөздер оқимыз. Тоқал: – Үйден мүлде шықпайтын болдыңыз. Атқа мініп біраз сейілдемейсіз бе? Батыр: – Одан не шығады? – Сергисіз. – Адам атқа мініп, дала кезбек түгілі, қанат байлап көк зеңгірге ұшса да, жанын жеген ойдан қашып құтыла алмайды. – Сізді азапқа салатын не? – Жау қолынан өлмедім. – О, құдай, сұмдық қой мұныңыз! – Атадан қалған мұра. – Түркіменде мұндай жоқ. – Қазақта бар... Жалпы жазушы Несіпбек Дəутайұлының диалогтерінде Хемингуэйдің əңгімелеріндегідей арам етсіз дəлдік бар. Ол өзінің қысқа да ауқымды диалогтері арқылы көпсөзділіктен бойын аулақ салады. Бұл да жазушының қазақ əдебиетіне қосқан жаңалығы десек, ешкім кінəлай қоймас. Жазушы Несіпбек Дəутайұлы шығармаларында аңыз-əңгімелерді мол қолдана білетін шебер. Оның аңыздары шығарманың ішіндегі новелла секілді əсер береді, əңгіменің ішкі композициясын күшейте, тереңдете түседі. Несіпбек Дəутайұлы шығармаларымен мұқият танысқанымнан кейін, бір кезде оқып, есте қалған мына бір таныс ойлар еске түседі. «Қысқа əңгімеге «жақсы сюжет құрастырушы» жазушы өзі ойлап тапқан оқиғаны əрі қарай дамыта түссе, қашанда керемет романның деңгейіне жеткізе алады», дейді америкалық жазушы Эдит Уортон. Несіпбек қаламгердің əңгімелері де романға сұранып, жұтынып тұр. Ол осы заманның көркем бейнесін жасауда, қазаққа тəн мінез-құлық пен талайлы тағдырларды сомдауда қатарларының алдында келе жатқан суреткер. Жазушы Несіпбек Дəутайұлы ана тіліміздің бар жауһарын бойына сіңірген, халқымыздың ұлттық психологиясының уызынан жарыған, сонымен қатар əлем əдебиетінің озық үлгілерінен көп үйреніп, көп түйген терең де мазмұнды қаламгер. Оның «Кісі иесі» жинағына енген шығармаларының қай-қайсысы да Мемлекеттік сыйлыққа лайықты шоқтықты туындылар.
Мереке ҚҰЛКЕНОВ, жазушы-публицист
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз