ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің тапсырысы аясында «Kazakh Tourizm» Ұлттық компаниясының ұйымдастыруымен еліміз бойынша жасалатын ең ірі экспедиция ретінде «Караванинг – қазіргі заманғы көшпенділердің туризмі» жобасы қолға алынған болатын. Алматы өңірінде басталған аталмыш экспедиция өңірге табан тіреді.
Аймаққа ат басын бұрған экспедиция алдымен «Ақыртас» қалашығында болып, ондағы тарихи орынның қыр-сырына қанықты. Мұнан соң облыс орталығына аялдап, «Көне Тараз» тарихи этно-мәдени кешенімен танысты. Расында, соңғы жылдары елімізде дамуы кенжелеп қалған туристік салаға көптеп көңіл бөліне бастады. Ол үшін сала мамандары туристік өнімді жасауды қолға алған болатын. Бұл тұрғыда «Ұлы Жібек» жолы ешқандай дайындауды қажет етпейтін дайын өнім. Сондықтан мамандар «Ұлы Жібек» жолы бойында авто туризмді, караванинг, кэмпингті дамыту қолға алған. Бүгінгідей әлемдік пандемияның кезінде туризмнің бұл салалары өте қолайлы екен. Өйткені, көлікте не бары 2-3 адамнан оқшауланып саяхаттайды. Экспедицияны бастап келген «Kazakh Tourism» Ұлттық Компаниясы, туристік өнімді дамыту департаментінің директоры Даниел Сержанұлының айтуынша, туризмнің аталған салалары ешқандай қауіп төндірмейтін көрінеді.
– Экспедиция Алматы облысының Жаркент қаласынан бастау алды. Одан соң Жамбыл облысының «Ақыртас» қалашығына келіп тоқталдық. Аталған қалашықты жергілікті әкімдіктің келісімімен кэмпинг немесе туристік тұрақ ретінде белгілеп кеттік. Міне, бүгін «Көне Тараз» тарихи этно-мәдени кешеніне табан тіредік. Бұл экспедицияны өткізудегі мақсат – «Ұлы Жібек» жолында авто туристік тұрақтарды белгілеп, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп құрылысын бастау. Мәселен, осы экспедиция бастау алған «Іле-Алатау» ұлттық паркінде алғашқы тұрақтың қазығын қақтық. Сол секілді дайын тұрақтарды арнайы туристік жол-сілтемеге орналастырып, туристерге насихаттаймыз. Себебі, біз жүріп өткен жолмен болашақта туристер де жүретін болады, – дейді Даниел Сержанұлы.
Жалпы, бұл экспедицияның құрамында бірнеше отандық тур-операторлар, еліміздегі караванинг, кэмпинг туризмі қауымдастығының өкілдері бар. Сондай-ақ өңірдегі туристік орындарды кеңінен насихаттау мақсатында блогерлар мен елімізге танымал видеограф-фотографтар да тартылған.
Айта кетерлігі, саяхатшылар «Көне Тараз» тарихи этно-мәдени кешенінен соң «Қарахан» және «Айша бибі» кесенелерінде де болды. Мұнан соң олар көршілес Түркістан облысына аттанып кетті. Тағы бір тілге тиек ете кетерлігі, экспедиция құрамы қайтар жолда Т.Рысқұлов және Меркі аудандарына арнайы аялдап, туристік тұрақ салуға ыңғайлы орындарды зерделеп көрмек.
Шынболат Сейдуалиевjambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Ұқсас жаңалықтар
Мәдениет министрі Аида Балаева халыққа үндеу жасады
- авторМағжан Орынбасар
- 17 желтоқсан, 2024
Бүгін қазақтың аңыз әншісі Бибігүл Төлегенованың туған күні
- авторjambylinfo.kz
- 16 желтоқсан, 2024