Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Сарысу ауданына жұмыс сапарын аудан орталығынан шалғайда жатқан, Төменгі Шу бойында орналасқан Жайлаукөл, Қамқалы ауылдарынан бастады.
Алдымен ауылдың кіреберісіндегі аркаларды дұрыстауды тапсырған аймақ басшысы Жайлаукөл орта мектебіне бас сұқты. 1978 жылы пайдалануға берілген білім ошағына соңғы жөндеу жұмыстары осыдан үш жыл бұрын жүргізілген екен. 450 орындық мектепте бүгінде 110 оқушы екі ауысымда білім алуда. Жаратылыстану-математикалық бағыттағы білім ошағының спорт залы, робототехника кабинетімен танысқан Бердібек Машбекұлы оқушылармен де тілдесті. Мектептің ішкі жабдықталуын ретке келтіріп, ғұламалардың дана сөздерін көрнекі етіп іліп қоюды тапсырды. Бұдан соң мектеп жанындағы шағын орталықтың жұмысын көрді.
Облыс әкімі ауыл қарияларымен кездесіп, маңызды мәселелер турасында сөйлесті, сауалдарына жауап берді. Тұрғындар талай жылдар арман болған Қамқалы-Жайлаукөл-Шығанақ жолының жөнделгеніне алғыстарын айтып, енді Жаңатас қаласымен арадағы жолды қолға алуды сұрады. Бердібек Сапарбаев ауыл қарияларынан карантин талаптарын сақтауға, той және сол сияқты көпшілік жиналатын шараларды өткізбеуге бас болып, жастар тәрбиесіне үлес қосуға шақырды.
Жеке кәсіпкер Мақтабек Жусанбаев Қамқалы ауылында тұз өндірумен айналысады. Ол 10 адамды жұмыспен қамтып отыр. Мұнда жылына 14 мың тонна тұз қазылып алынады. Кәсіпкердің демеушілігімен Шығанақ ауылынан жаңа мешіттің құрылысы басталды. Ал жылына 2 мың тонна тұз өндіретін жеке кәсіпкер Ғалымжан Түсіпбеков 5 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ғ. Түсіпбековтің демеушілігімен Қамқалы ауылында 2017 жылы ветеринарлық пункт ғимараты, ал келесі жылы мешіт салынғанын да айта кеткен жөн.
Облыс әкімі тұзбен айналысатын кәсіпкерлермен кездесіп, карьерді көрді. Жүк көлігінің салмағын тексеретін таразы орнату жайлы айтып, облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібековке тасымалдаушылардың тұзды шамадан тыс тиеп, жолды зақымдамауын бақылауды тапсырды. Кәсіпкерлерден жергілікті жерде әлеуметтік нысандар салуға көмектесуді сұрады. Олардың бірінің Бектөбе ауылында тұз өңдеу зауыты бар екен. Ол тұз өңдеу қуатын арттыруды жоспарлап, тағы бір зауыт салуды көздеп отыр. Сондықтан бұған дейін осы кәсіпкерлерден шикізат алып келген «Асылтұз» мекемесі шикізатсыз қалуы мүмкін. Аумақта барланбаған жерлер бар екенін алға тартқан аймақ басшысы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына аумақтағы тұз кен орындарының көлемін анықтауды тапсырды.
1975 жылы пайдалануға берілген «Ынталы» су қоймасының су сыйымдылығы 30 миллион текше метрді құрайды. Қазіргі таңда онда 5,837 миллион текше метр су қоры бар. Суармалы жер көлемі 3525 гектар. Су қоймасын жарықтандыру жұмыстарына жалпы құны 584 миллион теңге қаралған. Осы бөлінген қаржыға «Ынталы» су қоймасы мен Шабақты өзенінің Бас су реттегіш құрылымдарына дейін жарық жүргізу, маңайын жарықтандыру, ашып-жабатын қондырғыларды автоматтандыру жұмыстарын жүргізу жобаланған. Қазір «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ұйым ауылындағы «Жаңа кәрітоған» суару жүйелерін ағымдағы жөндеуге (1-ші және 2-ші кезеңі) 88 632 746 теңге және «Сарыөзек» суару жүйелерін жөндеуге 41 485 763 теңге қарастырылған. Мердігер компания «Байтұр-2050» ЖШС бұл жұмыстарды алдағы желтоқсан айында аяқтауы тиіс.
Аудандағы 5003 гектар суармалы жер үшін маңызы зор су қоймасында атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысқан Бердібек Сапарбаев алдымен соғылып жатқан су арналарын екі жылдың ішінде аяқтау керектігін баса айтты. «Суды тиімді пайдалануымыз керек. Ол үшін науалар салу керек. Тоғандардың біразы бетондалмағандықтан жіберілген су жер астына кетіп, рәсуа боп жатыр. Бұған дейін де айтқанмын, тағы қайталаймын, ауданда қанша тоған, арық бар, оның қаншасын жөндеу керек, мүмкін бәрін жөндеу керек шығар, олар жөнделсе қанша су болады, нәтижесінде қанша қосымша суармалы жерге қол жетеді, оған қанша қаражат кетеді, осыны анықтап, бізге құжатын беріңіздер. Ал басқару істерін автоматтандыру, жарықтандыру жұмыстарын содан кейін де қолға алуға болады ғой. Алдымен су арналарын жөндеп бітіру керек», деген Бердібек Машбекұлы аудан әкіміне жұмысты неғұрлым тезірек аяқтауды, сөйтіп суармалы жерлерді көбейтуді, ең бастысы, жұмыстың сапасын қатаң бақылауды тапсырды. Айта кету керек, бүгінге дейін су арналарының 600 метрі жөнделіп, онда 18 адам жұмыс істеуде.
Саудакент ауылының тұрғыны Бақытжан Сармолдаевтың тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсарту пилоттық жобасы аясында 2,5 пайызбен несие алып, 4 сотық жылыжайда қияр және лимон өсіруі құптарлық іс. Жоба құны – 6 миллион 200 мың теңге. Бақытжанның айтуынша, негізі биыл лимон егуі керек еді, алайда елдегі карантин жағдайында ол ойы жүзеге аспай қалған. Есесіне, биыл тамшылатып суару жүйесімен 4,5 тонна қияр алып, ауыл, аудан тұрғындарына сатқан. Лимонның «мейер» сортын өсіруді ақпан айында қолға алмақ. Жылыжайға арнайы бас сұққан облыс басшысы кәсіпкердің тірлігіне ризашылық білдіріп, лимон өніміне сұраныс қашанда көп болатынын құптады.
Ауданның ветеринарлық стансасына барған облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа мекеме басшысы Ұласхан Егеубаев ветеринарлық жағдайдың тұрақты екенін баяндады. Ауданда жекеменшікте 22 мың құс бар. Құс ауруы тіркелмеген. Жыл басынан бері 6 мүйізді ірі қара, 76 ұсақ мал бруцеллезбен ауырған. Малдардың 87 пайызына аусылға екпе және қайталап екпе (ревакцинация) салынған. Бердібек Машбекұлы екпе салу арқылы аурудың алдын алудың маңыздылығын ұмытпауды ескертті. «Тұрғындар неге малдарын дер кезінде тіркей алмайды, осы жайында маған көп шағымданады. Жарты жыл жүреміз, сырға жоқ дейді», - деп сұраған облыс әкімі Ұ. Егеубаевтың: «Ұсақ малға сырға жетпейді. Жылқыға чипті мал иесі өзі сатып алуы керек. Мал тіркеуге келсек, ол 3 күн ішінде орындалады», деген сырғытпа жауабына қанағаттанбады.
Саудакент ауылы және Жаңатас қаласындағы денсаулық сақтау нысандарын аралап, жұмыстарымен танысқан облыс басшысына ауданның бас дәрігері Бағила Бегманова осы саладағы ахауалды жан-жақты баяндап берді. 16 төсектік Саудакент ауылдық ауруханасының ғимараты 1987 жылы пайдалануға берілген. «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында биыл 218,9 миллион теңгеге жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталған.
Жаңатас қаласындағы аудандық орталық ауруханаға қарасты 40 төсектік жұқпалы аурулар бөлімшесі 1989 жылы пайдалануға берілген. «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жөндеу жұмыстарына бөлінген 308,2 миллион теңгенің 261 миллионы игерілген. Ғимараттың шатыры, жылу, су, кәріз жүйесі, жарық, сигнал беру жабдығы, қасбеті толық жөнделген. Мердігер «Райша-3» ЖШС басшысының айтуынша, қалған жұмыс екі апта ішінде аяқталады.
Төрт қабатты, 42 төсектік аудандық аурухананың емдеу бөліміне де жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бұл үшін 88,2 миллион теңге қарастырылған.
Жоғарыда аталған үш денсаулық сақтау нысанындағы жөндеу жұмыстарын жіті қарап шыққан облыс әкімі көңілі толмаған жайларға тоқталып өтті. Саудакент ауылдық ауруханасындағы жағдай нормативке сәйкес келмейді. Төсек саны – 16, қаралуға келетіндер 50-60 адамнан аспайды. Сонда бір ауруға екі қызметкерден айналады екен. Жұқпалы аурухананың жөндеуі де көңіл көншітпейді. 200-ден аса миллионның жұмысы көрініп тұрған жоқ. Тек әктеу, бояу, ауыстыру жұмыстары ғана жүргізілген. Жаңадан орнатылған есіктердің өзі арзан көрінеді. «Оданда, осы үшеуінің орнына бір ауруханаға жақсылап күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп алу керек еді», – деді облыс әкімі денсаулық сақтау басқармасының басшысы мен аудан әкіміне қаратып.
Бұдан басқа Бердібек Машбекұлы тұрғындарға екпе салуды жеделдетуді, әсіресе жасы ұлғайған кісілер, арнайы есепте тұрған сырқаттар және балалар қамтылуы керектігін баса айтты. Саудакентте 6 мыңнан аса тұрғынның тек 2 мыңға жуығына ғана екпе салынғанын сынға алды. Барлық денсаулық сақтау нысандары 1,5-2 айға жетерліктей дәрі-дәрмек қорымен қамтамасыз етілуі міндетті. Аймақ басшысы медицина қызметкерлерімен кездесуінде олардың жалақысы туралы, пәтермен қамтамасыз етілу жайын сұрауды да ұмытпады. Пандемия кезіндегі ерен еңбектері үшін алғыс айтты.
Облыс әкімі жұмыс сапарының соңында «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 59,6 миллион теңгенің жөндеу жұмыстары жүргізілген Жаңатас қалалық орталық қазандығын көрді.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП,Сарысу ауданы.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз