сенбі, 23 қараша, 2024 10:15

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Қариялармен өткен кездесу

Қариялармен өткен кездесу
ашық дереккөзі
Қариялармен өткен кездесу
«Қариясы бар елдің – қазынасы бар» деген дана халқымыз. Әрдайым қарияларды қадір тұтып, олардың өнегеге толы өмірінен тәлім алған, ақыл кеңестерін сұраған алдыңғы буынның ұрпағымыз. Өскелең ұрпаққа ұлағатты өсиетін айтып, ізінен ерген жас буынға ізетін аямайтын қарттар қашанда құрметке лайық. Халқымызды өзгелерден дара ететін бір ерекшелік те осы. Қарияларды құрметтеу, олардың сөзіне құлақ асу – бабадан балаға сіңген қасиет. Осы орайда жылына бір рет келетін Қарттар күні елімізде кең көлемде атап өтіледі. Қазіргі таңда ауданымызда 8002 зейнеткер, оның ішінде Ұлы Отан соғысының 1 майдангері, 237 тыл ардагері бар. Ардагерлерімізге құрмет көрсету мақсатында ағымдағы жылы Ұлы Отан соғысының ардагеріне 1 млн теңге көлемінде қаржылай көмек берілді. Сонымен қатар тыл еңбеккерлеріне 50 мың теңге көлемінде тұрақты әлеуметтік көмек көрсетілуде. Бүгінде аудан көлемінде 1 аудандық және 17 ауылдық ардагерлер кеңесі жұмыс жасауда. Аудан ардагерлері мемлекетіміздің салиқалы саясатын жүзеге асыруға қолдау көрсетіп, ел бірлігі мен қоғамдық келісімді сақтауға, жастар тәрбиесіне, өңір келбетін абаттандыруға, көгеріштендіруге сүбелі үлес қосып, игі істерде белсенділік танытып жүр. Айтулы күні аудан әкімі Сәкен Арубаев аудан ардагерлерін арнайы қабылдады. Оларды төл мерекесімен құттықтап, бірқатарына марапат ұсынды. «Халықаралық қарттар күнін әлем жұртшылығы атап өтуде. Бүгін қадірменді қарияларымыздың, яғни сіздердің мейрамдарыңыз. Сондықтан да бүгінгі барлық игі лебіздер сіздерге арналады. Қарт деген ол кәрілік емес, өмірден көрген-түйгендері көп, тәжірибелері мол абзал жандар. Адам жасы ұлғайған сайын мол тәжірибе жинақтап, ақыл, ой-өрісі кеңейіп, еңбегінің зейнетін көре отырып, жас ұрпақты тәрбиелейді. Құрметті тау мүсінді, қазыналы қариялар! Сіздердің ел игілігі жолында сіңірген еңбектеріңіз, толағай табыстарыңыз өте ауқымды және қоғам үшін өте маңызды. Біз сіздердің жас ұрпақты адамгершілік пен адалдыққа, парасаттылық пен пайымдылыққа, еңбек сүйгіштікке тәрбиелеудегі үлгі-өнегелеріңізді әрдайым мақтан етеміз. Біздің ең басты міндетіміз – сіздерге қамқорлық жасау, бірлесіп өскелең ұрпаққа саналы тәрбие беру. Сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін», – деді өңір басшысы өз сөзінде. Мерекелік қабылдауда сөз сөйлеген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев, Бесағаш ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жетібай Бөрібеков өздеріне құрмет көрсетіп жатқан Сәкен Қаланұлына рақмет айтып, жұмысына табыс тіледі.  width= Жылы лебіздер легінен кейін аудан ардагерлерінің бірқатары марапат алды. Ел бірлігі мен ұрпақ тәрбиесі жолында белсенді қоғамдық қызметі мен ардагерлер қозғалысын дамытуға елеулі үлес қосқан Жамбыл ауданының Құрметті азаматы Жақсылық Сәлемов «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 75 жыл» мерейтойлық медалімен, ауданның белсенді ардагерлері – Тастемір Бижігітов, Рахымберді Саламатов облыстық ардагерлер кеңесінің Құрмет грамотасымен, Кеңес Тойбаев, Түлебек Оршыбеков облыстық ардагерлер кеңесінің Алғыс хатымен, Шаяхмет Болысбеков аудан әкімінің Құрмет грамотасымен, Төрегелді Үсіпбеков, Сейдуалы Қабылов, Естай Алиев, Сайлаубек Ережепбаев, Рахымбек Жапаров аудан әкімінің Алғыс хатымен, Тоқтар Төлегенов, Кендебай Оңғарбаев Nur Otan партиясы аудандық филиалының Құрмет грамотасымен, Жұмабек Дәулетқұлов, Қалдыбай Білешбаев, Тойшыбек Жарасов Жамбыл ауданының Құрмет грамотасымен, Әбдімәжит Жанқоразов, Шарыпбай Ақшалов, Сұлтанмахмуд Атабаев аудандық мәслихаттың Алғыс хатымен марапатталды. Ардагерлерге марапатты аудан әкімі Сәкен Арубаев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев табыс етті.  width= Қабылдаудан кейін аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында өңір басшысы ардагерлермен бас қосты. Олармен емен-жарқын әңгімелесіп, ауданда атқарылып жатқан ілкімді істерден хабардар етті. Ардагерлер өз кезегінде жеке бастың емес, елге ортақ мәселелерді қаузады. Ел ішінде ынтымақ-бірлікті арттыруға атсалысатындарын жеткізді. Қоғамда орын алып жатқан түрлі жайттарға пікір білдірді. Келелі жиыннан соң ардагерлер үйіне көтеріңкі көңіл-күйде тарқасты. Ильяс Қалыбеков, «Шұғыла».
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар