Қазақстанда бала тапқан аналарға тісін емдету үшін біржолғы ақшалай төлем беру ұсынылды
- авторjambylinfo.kz
- 6 наурыз, 2024
- 891
Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров көпбалалы аналарға тісін емдету үшін бір реттік ақшалай төлем жасауды ұсынды, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Amanat партиясы фракциясының мүшесі премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған депутаттық сауалында ерекше ұсыныс жасады. Сайыровтың айтуынша, ана бала көтергенде құрсақта нәрестенің қалыптасуына кальций көп жұмсап, өз тісінен айырылатыны – медициналық факті.
«Көпбалалы ана атанған 543 мың әйелдің барлығының басында бар зор проблема – ол тістің түсуі. Қазақстанда стоматологияның бағасының күйіп тұрғанын бәріміз жақсы білеміз. Сондықтан бірінші кезекте көпбалалы зәру аналарға тісін емдеу үшін бір реттік қаржылық төлем қалыптастыру маңызды. Бала тапқан әйелдердің денсаулығын қалпына келтіріп, ұстап отырудың мемлекеттік стандарттарын жасау керек. Осы мәселе бойынша үкімет нақты қадам жасауы керек», деді мәжілісмен.
Сондай-ақ ол елімізде көрші Ресейдегі секілді ана капиталын енгізуді ұсынды.
«Елімізде бала туғаннан кейін берілетін жәрдемақылар бар. Оның мөлшері бір-үш балаға – 140 мың теңге, ал төрт және одан көп балаға 232 мың теңгені құрайды. Бірақ шынына келсек, бұл әйелге өтемақы емес, баланың күтіміне берілетін сома. Ал Ресейде ана капиталының сомасы бірінші балаға – 639 мың рубль немесе 3 195 000 теңге, ал екінші балаға – 883 мың рубль не 4,4 млн теңгеге тең. Сондықтан елімізде де әділетті, лайықты ана капиталын жасақтайтын уақыт жетті. Бұл кезек күттірмейтін мәселе», деп мәлімдеді Сайыров.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз