Қазақстандағы амнистия: сотталғандардың алғашқы легі бостандыққа шықты
- авторБақытжан Бекболат
- 2 шілде, 2025
- 248

Қостанай облысында амнистияға іліккен алғашқы азаматтар түрмеден босатылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Қазіргі таңда өңірдегі түзету мекемелерінде 2000-ға жуық адам жазасын өтеуде. Солардың ішінен 300 адамға амнистия қолданылмақ. Бүгін, 2 шілдеде алғашқысы бостандыққа шықты.
«Бұл оқиға – олардың өміріндегі жаңа кезеңнің бастамасы. Енді олар бәрін қайта бастап, қоғамға толыққанды мүше ретінде оралуға мүмкіндік алды. Амнистия – тек кешірім ғана емес, бұл – әр азаматтың түзеліп, ел дамуына үлес қосуына жол ашатын болашаққа бағытталған қадам», – деп атап өтті ҚАЖ комитеті.
Бостандыққа шыққандарға қоғамға бейімделу үшін қолдау көрсетіледі. Оларға жұмысқа орналасуға, құжаттарын қалпына келтіруге және әлеуметтік байланыстарын қайта орнатуға көмектеседі.
Айта кетейік, 23 маусым күні Президент Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына орай амнистия туралы заңға қол қойған болатын. Бұл құжат 15 мыңнан астам адамға қатысты болады. Соның ішінде шамамен 2000-ы түрмеден босап шықса, қалғандарының жаза мерзімі қысқартылады. Амнистия негізінен ауыр емес және орташа ауыр қылмыс жасаған азаматтарға, әсіресе әлеуметтік осал топтарға – баласы бар әйелдерге, қарттар мен кәмелет жасына толмағандарға қатысты қолданылады. Әр іс бойынша шешімді сот жеке тәртіппен қабылдайды.