Жақсы кітап қашанда жан азығы. Көркем дүние өз оқырманын өрге жетелеп, өркениетке баулитыны айдан анық. Осы орайда, аға буын өкілдерінің басым көпшілігі кітап оқуға бала кезден бейімделдік деп сендіреді. Ал, бүгінгі бүлдіршіндердің болмысы қандай? Неге жас жеткіншектердің бойынан «кітапкеміргіштік» қасиет байқалмайды? Әлде, балалардың «тіліне жеңіл, жүрегіне жылы тиетін» дүниелер жазылмай жатыр ма? Біз бүгін осы сұрақтарға жауап іздеуге тырысып көрдік.
«Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» дейді француздың әйгілі философы Дени Дидро. Қуанарлығы, біз әлі ойдан арыла қойған жоқпыз. Тазша баланың тағдырын кешкен балалар әдебиеті қазақта жоғалып кетті деп айтудан аулақпыз. Бір бала кітап оқыса, қасындағы он балаға үлгі болары белгілі. Мәселе оның қандай кітап оқитындығында. Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесіндегі Қожа, Сайын Мұратбековтің «Жабайы алма» повесіндегі Аян, Мұхтар Мағауиннің «Қияндағы қыстау» әңгімесіндегі Едіге бүгінгі бүлдіршіндердің талғам-таразысына тапталып, шаң басып жатқаны жасырын емес. Себебі, әр заманның өз үні бар. Өресі биік өрімтал ұрпақтың үдесінен шығу оңай шару емес екендігі бүгінгі балалар әдебиетінің әлсіреуінен-ақ байқалуда. Мәселенің мән-жайын айтып, аталмыш мәселеге байланысты Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбайдың пікірін білген едік.
– Бүгінгі балалар әдебиетінде үлкен мәселелер баршылық. Шыны керек, Бердібек Соқпақбаевтан кейін балалар жазушылары азайып кетті. Кейінгі жылдары балалар әдебиетін ақын-жазушылар Қастек Баянбай, Жақан Смақов, Ермек Өтетілеуовтер жалғастырды. Былтыр «балалар жазушылары қартайып кетті, жастар арасында ешкім бұл тақырыпқа қалам тартпайды» деген мәселе көтердік. Осы мақсатта оныншы мәрте «Балауса», «Дарабоз» байқаулары ұйымдастырылды. Ал таяуда «Қазақмыс» корпорациясының қолдауымен балаларға арналған шығармалардың конкурсын өткіздік. Аталмыш додаларда жастар арасында Алмат Исаділ, Серікбол Хасан, Бейбіт Сарыбайлар бәйге алып жүр.
Тағы бір айта кетерлігі, ресейлік балалар басылымдары керемет безендіріліп, көп таралыммен шығады. Сондықтан да, олар үлкен сұранысқа ие. Бізде бұл мәселемен Ескен Елубаев тікелей айналысып, түрлі форматтағы кітаптар шығарды. Негізінде, балаларға арналған басылымдар заманауи бағытта дұрыс шықса, тіл, тәрбие мәселесін бүлдіршіндерден бастап шешуге болар еді, – дейді ол.
Қалай дегенмен, текті сөздің төркінін тануға талпынған баланың танымында төрт аяғын тең басып тұрған, ауыз толтырып айтарлықтай көркем әдебиет заман көшінен қалып келеді. Мәселеге орай 2015 жылы өткен «Дарабоз» байқауында 500-ден астам үміткердің арасынан үздік атанып, бас жүлдені иеленген жазушы, сарысулық Пернебай Дүйсенбиннің де өз айтары бар.
– Балалар әдебиеті қай кезде де жас ұрпаққа саналы тәрбие берудің тиімді құралы. Көне замандардан келе жатқан бесік жыры, жұмбақ, жаңылтпаш, санамақ балауса балдырғандар үшін рухани байлық болды. 1970 жылдан бастау алған республикалық «Жалын», «Балауса» баспаларының Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесіп өткізген жабық бәйгелері шет аймақтарда танылмай жүрген көп таланттың бағын жандырып, әдебиетке келуіне жол ашты. Мен, ауылда тұрсам да сол байқаулардың бес дүркін лауреаты атандым. Балаларға арналған шығарма жазу байқауларының бір ерекшелігі – жүлде алған туындылар жеке жинақ болып, қалың оқырманға жол тартатын. Соның арқасында шығармаларымыз сыншылардың назарына ілігетін. Және ол жинақтардың бағасы да қолжетімді болған. Кейінгі дағдарыс жылдары балалар әдебиеті де тоқырауға ұшырады. Қазақстан Жазушылар одағы сол тығырықтан шығу жолдарын қарастырды. 2005 жылы белгілі меценат, «Жер-Су» корпорациясының басшысы Бауыржан Оспанов Одақтың ұсынысына орай 85 миллион теңге қаражат жұмсап, 11 жыл қатарынан балалар жазушыларына арналған халықаралық «Дарабоз» байқауын ұйымдастырды. Нәтижесінде, балалар әдебиетінің қоры тың туындылармен толығып, жүлдегерлердің шығармалары «Кәусәр бұлақ» жинағына енді және қазақ, орыс тілдерінде қатар шығып отырды. Жүлде қоры да қомақты еді. Өкінішке қарай, кейінгі жылдары сол жинақтың таралымы екі мыңнан аспай қалды. Өткен жылы Президентіміз алғы сөз жазып, батасын берген «Тәтті алма» атты қос томдық балалар антологиясының өзі 3 мың данадан асқан жоқ. Кейінгі жылдары Қазақстан Жазушылар одағы «Қазақмыс» корпорациясымен бірлесіп, 2-8 жас аралығындағы сәбилер мен бүлдіршіндерге арналған «Балауса» байқауын өткізді. Дегенмен, ондағы жүлдеге іліккен шығармалардың көркемдік сапасы төмен, сосын бала танымына сәйкес келмейді. Шығарма жазуда, жинақ шығаруда бала талғамы мен психологиялық аспектілері, тіпті техникалық оқу жылдамдығы да ескерілуі керек. Осындай әдеби байқауларды жүйелеп, жандандыру қажет деп ойлаймын. Дегенмен, қазіргі балалардың 95 пайызы кітап оқымайды. Барлығы әлеуметтік желілердегі желөкпе жазбаларға жиі мойын бұруда, – дейді жазушы.
Біз көтеріп отырған мәселеге байланысты өлеңдері орыс, украин, өзбек, түрікмен, қарақалпақ, әзірбайжан, қырғыз тілдеріне аударылған жерлес жазушы Сұлтан Қали «…көптеген қаламгер балалар әдебиетінен «қашып» кеткен. Мұның себебі, балалар әдебиетіне көзқарастың және балалар жазушыларының жағдайының төмендігінен деп ойлаймын» деп ой түйген екен. Өзіміздегі қолдаудың аздығынан бүлдіршіндерге фэнтэзи жанрындағы шетелдік «шедеврлер» қызығырақ болып тұрғаны жасырын емес. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі балалардың басым көпшілігі фантастика фанаты. Олар үшін Стефани Майердің «Ымырты» мен Джордж Мартиннің «Құпия батыры», Фредерик Браунның «Жұлдызды шеңбер» әңгімесі, Сьюзен Коллинзтің «Аштық ойындары», Питер Дэвидтің «Соққы аймағы», Сонни Купердің «Қара оты», Клиффорд Саймактың «Қаласы», Антуан де Сент Экзюперидің «Атажұрты», Жюль Верннің «Он бес жасар капитаны» секілді қиял-ғажайып сюжетке толы туындылары көш басында тұр. Ал, қазақ әдебиетінен тек бұрынғы шығармалар ғана өтімді. Оған руханият ордасына бас сұққанымызда көз жеткізгендей болдық. Дегенмен, кітапхана ұжымдары тарапынан жас оқырмандарды «ой орманына» тарту бағытында түрлі қызықты шаралар ұйымдастыру жолға қойылған.
– Кітапхана мақсатты түрде әріп танымайтын, оқи алмайтын, естімейтін және әлсіз, нашар еститін балаларға заманауи 3D форматындағы кітаптармен жабдықталған. Сондай-ақ, сөйлейтін, әр түрлі жануарлардың дыбысын салатын және сиқырлы, пазлды, электронды дискідегі кітаптар да жетерлік. Осы орайда, бүлдіршіндер секторында «Жас талант» драмалық үйірмесі 2012 жылдан бастап жұмыс істейді. Онда драмалық, көркем шығармаларды негізге ала отырып, қазақ тілін, өнерін, мәдениетін, тарихын, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін бүлдіршіндер санасына сіңіріп, жас ұрпаққа сапалы тәрбие беру көзделген. Жас оқырмандар арасында «Букроссинг», «Жазғы оқу», саябақтарда «Оқимыз, демаламыз!» библио-десанты дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Бүлдіршіндердің ең көп оқитындары І.Есенберлин, М.Әуезов, Ә.Нұршайықов, Ә.Нұрпейсов, Ш.Мұртазаның шығармалары. Ал, жергілікті ақын-жазушылардан Күләш Ахметова, Ескен Елубаев, Нарша Қашағанов, Серік Томанов, Үміт Битенованың еңбектерін сұрап жатады, – дейді Жамбыл облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы директорының орынбасары Жанат Айтжанова.
Абай атындағы орталық кітапханаға бас сұққанымызда жас оқырмандармен тілдесудің сәті түсті. Әділет Абдулади есімді жеткіншек «Мен күн сайын кітап оқимын. Және бір кітапты бастасам, оны дереу тауысып тастауға асығамын. Осы уақытқа дейін «Тұлғалар» сериясы бойынша жарық көрген «Кенесары Қасымов», «Абылай хан», Абай Құнанбаевтың «Қара сөздері», «Қазақ ертегілері», «Әжемнің ертегілері» кітаптарын оқыдым» – деп көңіл қуантты.
Ал, М. Әуезов кітапханасында болғанымызда тұрақты оқырман Ақбота Нұрланова Оралхан Бөкейдің «Қар қызы», «Кербұғы», «Атау кере», «Үркер ауып барады», «Біздің жақта қыс ұзақ», Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» атты повестері мен әңгімелерін оқығандығын айтып, ағынан жарылды. Жас оқырмандардың арасында Джоанна Роулинг секілді авторлардың «Гарри Поттерімен» де әуестенетіндері аз емес екен. Дегенмен, әлемдік бәсекеде білім брендіне айналған бестселлерлердің қатарында қазақ авторлары жоқтың қасы. Бұл мәселе де жүре түзелетін көштің еншісінде тұр деп тұжырымдадық.
Тілші түйіні: Қазақстанның халық жазушысы Фариза Оңғарсынованың «Кітап оқымаған адам – тамырсыз қаңбақ» деген ойы қазіргі кезеңге дөп басып айтылғандай. Ең көп кітап оқитын ел деп танылған жапондықтардың жетістігін қазір әлем мойындап отыр. Екінші орында Германия, үшінші орында АҚШ тұр. Қазақстан 41-қатардан әлі асқан жоқ. Қалай десек те, компьютер мен смартфонды ойлап тапқандардың өзі кезінде кітаптан қара танығанын ұмытпағанымыз абзал.
Балаңыз кітап оқи ма, ардақты ата-ана? Осы тұрғыда ой бөлісейікші...
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Ай мен Айша
Ұқсас жаңалықтар
Енді мұғалімдерді балағаттағандар қомақты айыппұл арқалайды
- авторjambylinfo.kz
- 18 желтоқсан, 2024