жұма, 22 қараша, 2024 22:56

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ай мен Айша

Ай мен Айша
ашық дереккөзі
Ай мен Айша
Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде «Шерхантану» ғылыми орталығы ашылғанда, алғашқы жылдары Шер-ағаң – Шерхан Мұртаза орталыққа жиі келетін. Әлі 80 жылдығын атап өтпеген кезі, бақуатты, әрі Тараз қаласында тұрады. Шер-ағаң кіріп келгенде, жұмыс үстінде әр алуан жағдайда отырған біз өре түрегелеміз. – Ассалаумағалейкүм, Шер-аға! Аманбысыз? Шер-ағаның бір қасиеті – қолды қысып амандасады. Бетіңе зер сала қарайды. «Е-е...» дейді даусын созып. Содан соң бір қабырғаны алып тұрған кітаптары, суреттері жайғасқан қоңырсары шкафқа беттейді. Әр суретке ұзақ үңіледі. Ойына қимас күндер, сағынышты сәттер, алыс жылдар оралатын болар. Оралмағанда ше?!. Әр суретте тұнып тұрған сыр бар ғой. Міне, мизамшуақ риясыздықпен өзара әңгімелесіп отырған сөз зергері Ғабит Мүсірепов пен «сары шал» Ғабиден Мұстафиннің қасында, екеуін қапсыра құшақтап тұр. Жап-жас кезі. Шашы қап-қара. Күлімсіреп қалыпты. Ал, мына сурет... Жазушы кідіреді. Айша анасы... Басында қақырадай аппақ кимешек, үстінде қара барқыт желбегей. Жұқа қара торы өңінен тағдырдың талай дауылдары соқса да, ықпаған қайсарлық табы аңғарылады. Бәлкім, Шер-аға Айша анасын, алыста қалған балалық шағын сағынатын болар. Бұл туралы «Ай мен Айша» романының прологында жазады. «– Сен қайдан келдің? – дегенде бір данышпан: – Мен балалықтың елінен келдім, – деген екен. Ересектерде сол «балалықтың елінен» келмеген ешкім жоқ. Анадан ешкім сақал-мұртымен тумайды. Мен де солардың бірімін. Анамның аты Айша еді. Аз ба, көп пе – алпыстан астым. Аз ба, көп пе – ірілі-уақты кітап жаздым. «Халық жазушысы» атандым. Жазғанымның бәрі алтын дей алмаймын. Бірақ, солардың көбі және дәмділері тек балалық шақтың нәрінен, балауса балғын шақтың әсерінен туған. Өсе келе көпті көрдім, дүниенің шартарабын араладым. Бірақ, соның бәрі мені балалық шағымдай байыта алмады. Парижде болдым – Париж түсіме кірмеді. Мысырда болдым – Мысыр түсіме кірмеді. Қытай, Моңғолстан, Үндістан, Пәкістан, Иран бардым. Мұхиттың арғы бетіндегі Техаста, Чикагода, Нью-Йоркта болдым – олар да түсіме кірмеді. Түсімде ылғи балалық шағымды көремін. Түсіме күн сайын Мыңбұлақ кіреді. Түсімде Ақсу-Жабағылыны көремін. Түсімде ылғи туған үйімді көремін. Түсіме ылғи Айша кіреді...» Анадан биік, анадан құдіретті ешкім жоқ. Алып та анадан туады. Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қоғам қайраткері Шер-ағаның – Шерхан Мұртаза болып қалыптасуында анасы Айшаның орны ерекше. Жазушы өзі айтқандай, әкесі Мұртаза түсіне сирек кіреді. Өйткені, әкесі ұсталып кеткенде, ол бес-ақ жаста екен. Елесі еміс-еміс қана есінде. Ал, содан кейінгі халық басына түскен 30-40-жылдардың ауыртпалығын Барсхан-Шерхан анасымен, інісімен бірге көреді. Оңай тимеді. Бала болса да, олардың көрген азабы мен қиындығы, оны жеңіп шыққан қажыр-қайсарлығы бір кітапқа жүк болды. Бұл жөнінде «Ай мен Айша» романында көркем суреттеледі. Жалпы, «Ай мен Айша» дилогиясы – жазушының анасына арнап сөзбен сомдаған сәулетті естелік-ескерткіші. Мұндағы Айша бейнесі – М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Зере әжемен, Ұлжан анамен, Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан» повесіндегі Ұлпанмен қатар тұратын образ. Заманы бөлек, тартқан қайғы-қасіреті әрқилы болғанымен, қазақ анасының барлық жақсы қасиетін, дәстүр-салтын бойына жинақтаған және бүгінгі жастарға үлгі боларлық қасиетті жан. Айша ана заманның «құйыны» соғып, шаңырақ шайқалғанда, қандай ауыртпалық кез болса да, жанкештілікпен төзіп, күресіп бақты. Мұртаза отбасының ошағын сөндірмеді. Сөйтіп жүріп, бүтін бір әулетті жетілдірді, жалғастырды. «Түн ортасы болар, мен Айшаның айқайынан ояндым. Елегізген шынысыз шамның сәулесімен сорайып-сорайып бөтен біреулер көрінеді. Олар Мұртазаны итеріп-итеріп, алдыларына салып алып кетті. Айша айқайлап арттарынан шықты. Дірдек қағып мен де шықтым. Серейіп-серейіп үш-төрт адам сай жаққа қарай кетіп бара жатыр. Сайдағы көпір сықырлады. Айша сайдың қабағына дейін қалмай еріп барып еді. Мұртазаның даусын анық естідім: – Қайт! Балалар қорқып қалады! – деді. Түнгі аяз бұл күнгі дауысты қайталап шыққандай болды. Сықыр-сықыр дыбыс алыстап, Айшаның аяғының астындағы қар ғана қаршылдайды. Айша есіктің алдындағы ербиіп тұрған мені көтеріп алып, бауырына қысып, аспандағы топ-толық Айға қарап: – О, жаратқан, басқа-басқа, мына үрпек балапандай үш нәрестенің не жазығы бар еді? – деді. Толықсып тұрған Ай бір аунап түскендей болды. Мен лезде есейіп шыға келдім. Енді мені қорғайтын Әке жоқ екенін сұңғылалықпен сезіп қойған сияқты едім. Жаңа ғана жарқырап тұрған Ай бұлттың ішіне сүңгіп кетті де, жетімдіктің алғашқы түні жан-жақтан қаптап келе жатты». Бұл Барсхан-Шерханның балалықтың алаңсыз әдемі, шуақты күндерімен қоштасуы еді. Бұл Айша ананың басына қасірет бұлтының үйірілу кезі болатын. Бұл – 37-нің ызғарлы шындығының шығармадағы көрінісі. Олардың бұдан былайғы тірлігі өмір, ұрпақ жалғастығы үшін күреске құрылды. Жазушы Барсхан мен Айша бейнесін жасауда жаратылыстың тамаша көрінісі Ай образын үнемі назарда ұстап отырады. Ай – символдық образ. Бірде ол қоғамның көрінісімен астасып жатса, бірде кейіпкер басындағы әр алуан күймен шектесе суреттеледі. Ай – жазушының бала кезінде басынан өткерген талай оқиғалардың куәсі іспетті. Ай – автордың көңіліне қозғау салады, алыста қалған оқиғаны еске түсіреді. Жоғарыда келтірілген үзіндіде де Ай өзіндік көркемдік қызметін мінсіз атқарған. Айшаның жүрегін қауып өткен қайғы-зары алдымен Айға айтылады. Қарғыс атқыр түннің жүректі жаншыған зілін енді кімге шақпақ? Кім ұғады? Қасындағы бес жасар Барсхан ба?! Жазушының суреттеуінде «толықсып тұрған Ай да бір аунап түскендей болды». Барсхан жетімдіктің жайын титтей бала болса да, алғаш рет сұңғылалықпен сезінгенде, «жарқырап тұрған Ай да бұлттың ішіне кіріп кетті», төңіректі қараңғылық басады. Әрине, бұл таратып айтуға болатын өз алдына үлкен желілі әңгіме, жазушы шеберлігінің көрінісі. Романда Айшаның басына бұлт талай үйіріледі. Тұрмыстың қиындығы, ертеден қара кешке дейін жегілген ауыр жұмыс – «көппен көрген ұлы той» ғой. Адамның адамға жасаған жәбірін айтсаңшы. Қоғамның кесапатына айналған Тасбеттен көрген қиянаты мен қорлығын Айша ана өмір бойы ұмытпай өткен шығар. Барсхан-Шерханның жан дүниесін де талай рет шоқ болып күйдірген. Тіпті, бірде бала Барсхан қолына айырды алып, Тасбетке қарсы ұмтылып, шаншып тастай жаздайды. «– Не болды, айтсаңшы, – деймін. – Ай, Барсхан, Барсхан! Не жаздық бұл қу құдайға! Ана Тасбет түп-тұқиянымыздан түк қалдырмай қорлады ғой, ойбай, қорлады ғой, – деп жұдырығымен жерді қойып-қойып қалды... – Сен жаңа атқа мініп қайда кетіп қалып едің? Балаң – бұзық, рұқсатсыз кетіп қалды, жұмысты тоқтатты, зиянкес, – деп мені жерден алып, жерге салды ғой Тасбет. Мыналар көріп тұр ғой, – деп қасындағыларды меңзеді. – Әке-шешеден, ата-бабадан түк қалдырған жоқ. Әлдеқашан айдалада сүйегі қурап қалған Мұртазаны да қорлады... ...Көкірегімді бір дүлей кернеп кетті. Не екенін білмеймін. Көзімнің алды бұлдырап түк көрінбей кетті. Жалғыз анам зар жылайды. Күлгенін, қуанғанын көргеніміз аз. Ол күлсе – күн күлгендей жарасады. Бірақ, күлгеннен зарлағаны көп. Неге? Қашанғы қорлана береді? Менен медет күткендей болды ғой, маған шағынды ғой. Бұрын да талай қорлық көргенде маған бүйтіп шағынбайтын. Онда менікі не тұрыс? Жүгіріп барып Молдарайымның бес ақалы айырын ала салып, маяның түбінде шалжиып, басы қисайып, ұйқылы-ояу мүлгіп отырған Тасбетке тұра жүгіріппін. Байқаусызда қапы қалмасын деген оймен: – Тасбет! – деп ақырып жіберіппін. Сөйтсем, даусым ақыруға жарап қапты, қанша дегенмен он екіге толайын дедім ғой. Селк етті. Бағжаң етіп көзі ашылды. Бес ақалы айырды қос қолдап ұсынған күйі кеуде тұсын ала періп кеп қалып ем, жантайып, жалтарып үлгерді. Бес ақалы айыр маяға бойлай кіріп кетті. Сол арада адамдар: Молдарайым, Әліқұл, Сүлеймен, Жолдасбек тағы басқалары лезде жиналып қапты. Айырды маядан қайта суыра беріп едім, бәрі бас салды. Бесақаны тастай салып, Тасбеттің алқымына қол салдым білем. Бәрі маған тағы жабылды. Ажыратып алды. Сонда да бұлқынып-бұлқынып араларынан шыға бергенімде, қайдан келгенін білмеймін, мұғалима апайдың алма бет қызы: – Болмайды, болмайды, – деп шырылдады. Шыр-шыр етіп қолын ербеңдетті. Сол екі арада молотилка басындағы әйелдер де жетті. Айша: – Барсхан, балам, қоя ғой. Бар екенсің. Тәуба, тәуба Құдайға! Менен туған ұл бар екен. Менің қорғаным бар екен, жұртым! Енді өлмейді екенмін, – деді». Романдағы қызу динамикамен, психологиялық дәлел-тереңдікпен жазылған осы эпизодтан Айша ананың намысқойлығы, қайраты мен өткірлігі жақсы аңғарылады. Әулетін, көз жазып қалған ер-азаматын қорлауға жол бермей алысты. Алыса жүріп, ұрпағын шыңдады. Халқының сүйікті қаламгері, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның бойынан жұрты жалындаған өткірлік пен әділетсіздікке төзбейтін қайсарлықты, ұлт намысын бірінші орынға қоятын шыншылдықты көрсе, оның мұндай дара болмысының қалыптасуында Айша анасының ықпалы мол болғанын жоғарыдағы эпизодтан жақсы аңғарамыз. Бар қиындықты жеңіп, ұрпағын бүгінгі күнге жеткізген, әулетін жалғастырған Ана бақыты осында болар, бәлкім. Ана атын әуелетіп, мәңгілікке рухани ескерткіш қойған жазушы Шерхан Мұртазаның қаламгерлік бақытының бір сыры осында шығар, мүмкін.   Сәмен ҚҰЛБАРАҚ, М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің профессоры,  филология ғылымдарының докторы
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар