Жұман болыс туралы не білеміз?
Қазақстан –тәуелсіз ел. Сол тәуелсіздік жолында халқымыз «талай тар жол тайғақ кешулерді» бастан өткерді. Еліміздің басынан азап та, аштық та, сұм соғыс та өтті. Әсіресе, ХХ ғасыр қазақ халқы үшін ауыр тиіп, қабырға қайыстырар қайғыға толы кезеңімен есте қалды. Өткен ғасырда жүргізілген байлар мен болыстардың, қазақтың маңдайына біткен жақсылардың мал-мүлкін тәркілеу – бұл да бір нәубеттің бірі еді.
Халық даналығында «Жаман адам болыс болмайды, жалқау адам бай болмайды» деген сөз бар. Байлық та табан ақы, маңдай термен келетін дүние. Осындай атақ-абырой басына қонған Жалайыр елінің болысы Жұман Бөлекбаевты біреу білсе, біреу білмес. Ол еліне сыйлы, халқына қалаулы, ел-жұртты әділ басқарған азамат ретінде көпке танылды. Жүрегі кең Жұман болыс талай жанды жұмыспен қамтып, нәсібесін табуға қол ұшын беріп отырған. Жүздеген адамның қысы-жазы мініс аты, киер киімі, ішер асы Жұман тарапынан болған. Яғни, қазіргі тілмен айтқанда, ірі кәсіпкер, ырзығын еңбегімен тапқан адам.
Сондықтан да, Жалайыр елі Жұманды өздеріне болыстыққа сайлаған. Ресейді билеген Романовтар әулетінің 1913 жылы өткен 300 жылдық тойына біздің өңірден барған екі ғана адам бар. Оның бірі – Жаңабай болысы Бұралқы Сұлтанбекұлы, екіншісі – біз сөз етіп отырған Жалайыр болысы Жұман Бөлекбаев. Ресей патшасы Николай II екі болысқа да шен тағып, шекпен кигізіп, төрге отырғызған. Ресей империясы армиясының полковник дәрежесін берген. Мұндай құрмет екінің біріне жасалмағаны белгілі.
Қолда бар деректерге сүйенсек, Жұманның үш әйелі болған. Осы үш әйелден төрт ұл, үш қыз сүйген. Жұман болысты Кеңес өкіметі отбасымен бірге тұтқындағанда кенже ұлы Уайділда 6-7 жастағы бала екен. Бұрынғы Әулиеатаға (қазіргі Тараз) Жұман болыстың туысқандары іздеп барып, тергеушілерге Уайділданың тым жас екендігін, дұрыс тәрбиелесе Кеңес өкіметінің нағыз азаматы болып шығатынын айтып жүріп, түрмеден босатып алған. Уайділда 1953 жылдың жаз айында қайтыс болыпты.
Ел аузындағы деректерде Жұманның ұлдары Жұмаділдада 4, Ибаділдада 3, Зияділдада 1, Уайділдада 3 баланың болғандығы айтылады. Айта кететін бір мәселе, осы Жұмаділда мен Зияділданың балалары туралы ешқандай дерек жоқ. Тірі болса, мүмкін бір жерде жүрген болар. Түрлі себептермен тегін (фамилиясы) айтпауы да мүмкін. Сондықтан да, осы балалар туралы аз да болса дерек білетін адамдар немесе ұрпақтары менімен хабарласар деген ойдамын.
Қазір Жұман Бөлекбайұлынан еркек кіндіктен ұрпақ жоқ. Кеңес өкіметі оны үш баласы – Жұмаділда, Ибаділда, Зияділдамен қосып, болыстың тұқымы деп 1931 жылы атып тастаған. Ал, Жұман болыстың Ибагүл, Раушанкүл, Ділдакүл атты үш қызынан ұрпақтар бар.
Орайы келгенде айта кеткен жөн, Жұман болыстың іздеушісі болып менімен бірге шырылдап жүрген Уайділданың қызы Қалкен. Қазір ол Астана қаласында тұрады.
Нағашым Жұман Бөлекбайұлы және оның балалары, оның ішінде шешемнің әкесі Ибаділда, түп нағашымыз Жаңабай болысы Бұралқы Сұлтанбекұлы туралы мәліметтерді іздеп жүргенімде құмөзектік Аман Мұхатаевтан «Зерде» баспасынан 1998 жылы «Азалы кітап» деген атпен кітап шыққанын, онда Жұман баласы Ибаділда туралы дерек бар екенін естідім. Нағашыларым жайлы деректер жинастыра жүріп, Тараз қаласының тұрғыны, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің оқытушысы, «Азалы кітаптың» авторларының бірі Сейдахмет Бақтыораздан Жұманның баласы Ибаділда туралы бірқатар мәліметтер алдым. Тынбай еңбектенгеніміздің арқасында азды-көпті ақпараттарға қол жеткіздік. Әлі де алда қыруар жұмыстар күтіп тұр.
Айта кеткен абзал, 2016 жылдың қазан айында Жұман атаның ұрпақтары Мақсұт және Махмұт Еркебаевтар «Жұманның ит жоны» деген жерге ескерткіш тақта орнатса, Уайділда қызы Қалкеннің бастамасымен Мойынқұм ауылындағы «Мойынқұм» мейрамханасында аталары Жұман мен оның балаларына арналып ас берілді.
Ал, осы мақала арқылы нағашыларым туралы қолымда бар деректерді қалың оқырманмен бөлісе отырып, қандай да бір мәлімет білетін адамдар болса, 87712355324 нөмірлі телефонына хабарласуын сұранамын.
Мұханбетқұл САБЫРОВ,
Жұман болыстың жиені,
Мойынқұм ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы,
Мойынқұм ауданы
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала