«Балалар телефоннан бас тартып жатыр». Әлеуметтік желіде таралған бейнежазба ата-аналарға көмегін тигізе ме, балаға зиянын келтіре ме
- авторМағжан Орынбасар
- 4 сәуір, 2024
- 1.8k
Әлеуметтік желіде таралған балалар дәрігері Жұлдыз Рахметованың бейнежазбасы біраз әулеттің әуресін жеңілдеткендей. Бейнежазбада көрініп тұрғандай, дәрігер баланың ата-анасына қоңырау соққандай болады да «балаңыздың аты кім, жасы нешеде» дей келе қазір баратынын, «екпе» салатынын айтады. 10 жасқа дейінгі балаларға арналған контент қазір көптің қажетіне жарап жатыр екен. Таңнан кешке дейін телефонға байланған бүлдіршіндер салауатты өмірге бет бұрған.
"Осы әдісті қолданғалы бір апта болды. Нәтижесі керемет. Екі баламның қолынан телефон түспейтін, қазір жағдай басқаша. Сабақ оқиды, бос уақытында далаға шығып серуендейді. Естерінен шыға бастаса, қалтафондағы дәрігермен бір тілдесемін, мәселе бірден шешіледі",- дейді Тараз қаласының тұрғыны Индира Байғонысова.
Аталған бейнежазба қазір өте танымал болып келеді. Жазылған пікір де алуан түрлі. Алғыс айтқандар да, балаларды дәрігермен қорқытудың жақсы іс еместігін ескерткендер де бар. Оған 12 жылдық тәжірибесі бар ақ халаттының жауабы дайын. Айтуынша, ол өзінің ісін дұрыс деп санайды.
"Таңертеңнен кешке дейін телефонға қарап, ақыл-есінің дамуынан артта қалып жатқан балаларды күніге көріп отырған дәрігермін. Цифрлы аутизмды көзбен көрген дәрігермін. Қорқытып тәрбиелеуге мен де қарсымын. Телефоннан психология ғана емес, психика бұзылып жатыр ғой. Және ол балалардың саны өте көп. Бала жүгіруі керек, секіруі керек деп қанша айтсаң да балаларына телефон ұстататын ата-анамен жұмыс істеп жүрген дәрігермін",- дейді Жұлдыз Рахметова.
Психолог Гүлзира Қалдыбаеваның сөзінше, баланы дәрігер атымен қорқыту тіпті дұрыс емес. Өйткені бала сәл есейгенше аталған әдіс пайдасын бергенімен, кейінірек қолданыстан шығады. Ал, ақ халаттыларға деген баланың қорқынышы мәңгілік сақталады.
"Баланы дәрігер арқылы қорқытуға болмайды. Рас, телефонның зияны өте көп. Бірақ бұл іспен ата-ана ғана айналысуы керек. Біріншіден бала телефонды бірден тастай алмайды. Күніне 1 сағаттық режимге қою керек. Дәрігермен 1-2 рет қорқытар, бірақ дәрігерге деген қорқыныш мәңгілік қалады. Ауруханаға барғанда бала қорқады. Өйткенше, баланы басқа жолдармен тыйған дұрыс",-дейді Гүлзира Қалдыбаева.