Ерлан Қарин: Әйелдер мен балалардың іргелі құқықтарын қорғау – мемлекеттік саясаттағы басымдықтың бірі
- авторjambylinfo.kz
- 12 сәуір, 2024
- 484
Бұл туралы ол өзінің телеграмм арнасында жазды.
«Мемлекет басшысы 2023 жылғы Жолдауда тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтуді тапсырған болатын. Көп ұзамай Мәжіліс депутаттары жаңа құжатты әзірлеуге кірісті. Бұл жұмысқа Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, сондай-ақ Ұлттық құрылтайдың мүшелері белсене атсалысты. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қылмыс деп танылуы, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрлері үшін жазаның күшейтілуі және отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға арналған түрлі шаралардың белгіленуі заңның негізгі жаңашылдығы деп атауға болады. Әйелдер мен балалардың іргелі құқықтарын қорғау – мемлекеттік саясаттағы басымдықтың бірі. Бұл мәселе қашанда Мемлекет басшысының басты назарында. Президент Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында тұрмыстық зорлық-зомбылықты ымырасыз күрес жүргізуді қажет ететін әлеуметтік кеселдің бірі ретінде атап өтті», - деп жазды Ерлан Қарин.
Естеріңізге сала кетейік, Сенат «Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» заң жобасын мақұлдап, президенттің қол қоюына жіберді.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз