Мынау жарық жалғаннан сіз де кеттіңіз бе, жан аға! Пенде біткеннің бәріне түптің түбінде бір уыс топырақ бұйырарын білсек те, үмітіміз үлкен ғой. Бұрыннан сырқаттанып жүретініңізді білемін. Бірақ, қатты сырқат екеніңізді мүлдем кеш естіп, сізбен бір жүздесіп, қоштаса да алмай қалдым-ау! Өмір деген осы екен. Осы көктемде жазушы Ерғали Сағат ағамыз бақилық болғанда қатты толғанып, күйзеліске түсіп едім. Оны әлеуметтік желіде де бөлісіп едім. Бір кездескенде: «Ерекеңді сонша жүрекпен жоқтадың ғой інім. Маған ерекше әсер еткені: «Енді іздеушің мен боламын» деген жерің. Ерекеңді біраз білемін ғой, саған мен көмектесем» деп едіңіз риза кейіппен. Соңғы рет сізді бір ай бұрын облыстық драма театрда өзіңіздің шығармаңыз «Айша бибі» қойылған күні көріппін. Сол жолы театрдың 85-маусымының ашылуымен көпшілікті құттықтап, толғанып сөйлеп едіңіз. Қойылым басталарда көрерменнің арасында отырған мені қасыңызға шақырып алып, «Жақсы-жайсаңдармен бірге отырсаңшы!» деп әдемі әзілдеп едіңіз. Біздің әулетке құрметіңіз бөлек еді. Жарымжан, ақын Несіпбай көкемнің мұраларын қастерлеп, ұрпақтары туралы менен қызыға сұраушы едіңіз... Жалпы, облыс журналистикасына, әдебиеті мен өнеріне, театрына сіңірген еңбегіңізді өзге кісілер де айтып жатқан болар. Сейсекүл Исматова ұстазбен хабарласып едім, ол да жүрегі егіліп: «Анамдайсыз. Анамның аты – Сейсекүл» деп жылы сөйлеуші еді», деп қимай жатыр. Сізді қимайтындар көп. Сіз менің жүрегімде аяулы аға, ұлағатты ұстаз, көшбасшы жетекшіміз, жылы жүректі адам ретінде мәңгі сақталасыз. Жаныңыз Жаннатта болғай, жан аға!
Жүрегі мейірімді қайран ағам!
Демейміз-ау сынақ сәт туып қалар, Ажал жетсе, үмітің ұмыт болар. Соншама ауыр екен: «Болат ағай, Өмірден өтті» деген суыт хабар!
Ініңнің жаны жылап бір ұққаны, Шықпайсың қарсы алдымнан күліп тағы. Желдей боп ызғар шашты суық хабар, Боп кетті төңіректің суық бәрі!
Көз ілмей жаттыңыз ба түндер қинап, Қалғандай бар дүнием мүлдем қирап. Көңіліңді сұрауға бармақшы едім, Өртендім өкініштен... Үлгермей қап!
Жаттың-ау, кірпік ілмей, сірә жүдеп, Қап бармадым... Отырмын кінәлі боп. Барғанымда тілдесіп қалар ма едік, Қолымды қысар ма едің разы боп?!
Сізге қарап өзімді өсіріппін, Көсілсеңіз, мен де бір көсіліппін. «Болаты жоқ облыстар бар» деуші едің, Мағынасын сол сөздің кеш ұғыппын.
Еске түсер бірге өтіп мол көктемім, Жанымды кім жазады емдеп менің? «Aq jol», «ARAI», телеарна, театр бар, Айтылар ұлағатты еңбектерің!
Пейіште болғай аға мәңгі жаның, Топырақ бұйырыпты дәл жұма күн. Сізді іздеп ақтарамын енді үнемі, Ағатай, «Шымылдықтың арғы жағын».
Алла – Хақ, хабарым бар Құран жайлы, Мұнда ел сізді есінен шығармайды. Алладан сізге Жаннат тілеймін мен, Көңілім көпке дейін жұбанбайды!
Есет ДОСАЛЫ, ақын, шәкірті
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз