Ойпырым-ой, ата-бабаларымыздың түсіне де кірмеген аста-төк бір керемет той болып жатыр. Дәулетті әулеттің дастарқанында не жоқ?! Бабымен піскен балық, қуырылған тауық, сыймағандықтан табақтың сыртына шынжырдай асылған қазы-қарта, талантты қылқалам шеберлері салған натюрморттай жемістердің түр-түрі. Тіске басардың бәрі – аспаздық өнердің шыңы сынды. Мейрамхана да сәні келіскен салтанатты, құдды патша сарайы ма дерсің!
Арнайы билет алып концертіне жолың түсе бермейтін әншілердің өзі кезегімен алдыңа келіп ән салып тұр ғой, құдайым-ау. Бұл не деген ғажап күн! Шүкір-шүкір.
Бірақ әнге елітіп отырған адамдар да некен-саяқ, өнер жұлдызының жүзінде жігер мен шаттық неге жоқ? Бұл келіп тұрған әншінің жүзінші тойы шығар, әй жарайды. Жүрегімен айтпағанннан соң, жүректерге жетпей жатқан болар. Құттықтауы ақыл айтуға ұласып кеткен жанды тыңдап отырған кім бар, сірә?!
Ойпырым-ой, ұзатылып жатқан қызға өмірінде ақыл айтып көрмеген туысқанның жұртты иіріп қойып, тойдың үстінде тәрбиелей қалғаны. «Енеңе үйтпе, атаңа сүйтпе...» Бұл лекция қашан бітеді?
Бір кезде көзім айналамда отырған адамдардың жүзіне түсіп кеткені. Тымырайған беттер, томсырайған жүздер. Осындай ғаламат тойда қуанбаған адамдар өзі қай кезде күлімсірейді екен? Бұлардың көбі неге хан-дастарқанда, ғажайып тойдың өзінде шаршап отыр ғой. Жарайды, ана бір әдемі келіншекті қойшы, күйеуінің қолы рюмкаға барған сайын сұрлана түседі. Мінезі шатақ шығар? Өзінің көйлегін өзгелермен салыстырып, басқа сылқымдардың киімінің бағасын, матасын, маркасын зерттеп отырғандарға да өкпе жоқ. Тойдан кейінгі «талқылауларға» қажетті материал жинап отыратындардың да өз өмірі бар.
Неге бұл адамдар күлмейді? Неге қуана алмайды? Біздің кішкентай кезімізде дастарқанда қант болса қандай қуанушы едік қой. Ауылда ең жұпыны тойдың өзінде жұрт түгілі сол көшенің, көршінің иттеріне дейін шетке ұшып кеткен сүйек-саяққа шаттанып, құйрықтары бұлғаң-бұлғаң етіп қалатын. Ауыл-аймақ, бота-тайлаққа дейін жақсылықтың лебін сезетін. Сол тойға арнайы шақырылмасақ та, думанның дүбірі жақындаған сайын бала жүрегімізге қуаныш кернеп, мәре-сәре болып жатқан жегжат-жұраттың сыртынан бақылаған да бір ғанибет еді. Әсіресе, үстіне әдемі жабу жауып әкелген бота-тайлақтарды тізіп байлап қоятыны да, суретшінің қылқаламына сұранып тұратыны да көз алдымызда.
Ол тойлар қазіргідей хан сарайындай тойханаларда өтпесе де, табиғаттың сұлу келбетінің астында ауылдың жаңасы бар, ескісі бар, алаша-кілемдерін керіп-ақ, керім өтетінін қалай ұмытарсың. «Ел іші – өнер кеніші» деген, бір ауылдан кемі бірнеше талант табылады. Құдайдың берген тамаша дауысымен әуелетіп салған әндері түнгі саф ауада Қазығұрттың басына дейін естіліп жатқандай көрінетін. Алма бағының ортасында П әрпі сияқты қолдан құрастырылған үстелдердің үстінде дәл қазіргі заманның керемет салаттары мен сусындары болмаса да, дәмділігін айтсаңшы! Сол тойлардың мәзірі мен мерекесі бала таңдайымызда тәп-тәтті болып мәңгі қалды. Ал ол кезде аты ұлтқа мәшһүр болған атақты әншілер тек теледидарда болады. Зәуеде біреуі ауданға гастрольдік сапармен келе қалса, тағатсыздана күткен ол күннің жеткізбей қоятыны тағы бар. Оның әңгімесі мен естеліктері айта-айта жүретіндей бір, заманауи ертегі.
Айтпақшы, мына адамдар неге күлмейді? Бұлар қуануды қай кезде ұмытты екен? Тойда отырған көпшіліктің көбінің тымырайып, түнеріп отыруы адамға әсер етпей қоймайды екен. Әлде аспандағы Ай, жұлдыздар теріс қарап жатыр ма? Дегенмен, небір тойлардың өзінде кеткенше дегбірі қашып, қажып отыратындар көбейгені анық. Дастарқан жарыс, тіл безеу, бірінен бірі қайталай беретін сөз нөпірі де діңкелеткені даусыз. Бірақ, бәрібір қуана білу қасиетін жоғалтпауымыз керек қой.
Осылай керемет тойда ойға батып отырғанда, мессенджермен бір ақпарат келіпті. Адамдарға күлуді ұмытып, күйзеліске шақыратын картина көптеген жәйттерден құралмақ. Соның ең бастысы адамдардың табиғат пен табиғилықтан қол үзуі көрінеді. Мәселен, Лейпцигте жұртты торығудан қалада көгалдандыру, көшет отырғызу ісін өркендету керек деп шешім қабылдаған. Сұрқай, саябақтары жоқ, көп қабатты үйлердің тұрғындары антидепрессанттар қабылдауда алда екен...
Ал күлмейтін адамдарды табиғат пен шынайылық құтқара алады.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Ұқсас жаңалықтар
Валюта ауырбастау пункттерінде доллар нешеден саудаланып жатыр
- авторjambylinfo.kz
- 23 желтоқсан, 2024
«Заң және тәртіп»: Жуалыда прокурорлар жастармен кездесу өткізді
- авторjambylinfo.kz
- 20 желтоқсан, 2024