«Көп адамға дәретхана қағазы болып еді...»: Тоқтар Серіков неге ешкімге жалтақтамайтынын айтты
- авторМағжан Орынбасар
- 5 маусым, 2024
- 1.2k
Өнер иесі «Уақыт көрсетеді» бағдарламасына берген сұхбатында дөкейлерге жағынып, проблемасын шешуіне баласы кедергі болғанын айтты, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Танымал әнші сұқбатта «Өнер адамы қай кезде қадірін жоғалтып алады» деген сұраққа жауап бере отырып, өнердің қадірін түсіріп жүрген әншілердің басты кемшілігін атап өтті.
«Біржан салдың киносында "өнерді патшалардың, бай-манаптардың алдына апарып, өзінің қадірін түсіріп ала ма деп қорқамын" деген жері бар. Біржан сал ол кезде дәл бұлай айта қоймаған шығар. Досхан Жолжақсынов (Біржан сал фильмнің режиссері әрі басты рөлдегі актер - ред.) бізді меңзеп тұр. Сарай әншісі, жағымпаз әнші болып қадірімді кетіріп аламын ба деп жанталасып жүрген адамдардың құрметіне айтылған сөз. Кімнің не істеп жүргенін уақыт көрсетеді. Мен қандай да бір бастама бастағанда, жолымда қолында үлкен билігі бар кісілер кездесіп қалады. Олармен сөйлессең біраз проблеманы шешіп алуға болады негізі. Бірақ, мені ар жібермейді. Менің арымның ар жағында ұлым тұр ғой. Ұлым мені бәрінен биік қойып, "менің әкем Құдайдан басқа ешкімге бас имейді" деп айтады. Сол сөзінің өзі маған мотивация. Ертең мен дүниеден өтіп жатсам, біреу менің ұлыма келіп "сенің әкең сарай әншісі, жағымпаз, елдің артын жалағыш, туфли сүрткіш, көп адамға дәретхана қағазы болып еді" десе, менің балам сол жерде жарылып өліп қалады ғой. Мен солар үшін өмір сүріп жүрмін. Болашақта балам тік жүру үшін шамам келгенше адал болмақпын. Ешкімнен атақ та, қызмет те, үй де сұрамаймын, ешнәрсеге мұқтаж емеспін», — дейді өнер иесі.