Кітап оқу мәдениеті қалыптасып келеді
Bolashaq қауымдастығы жастарды кітап оқуға баулитын Bolashaq Books және іскер өрендерді қолдауға бағытталған «Жастар және инновациялар» жобаларын қорытындылады.
Қос жоба да Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен іске асқан. Халық арасында кітап оқуды насихаттауға бағытталған Bolashaq Books жобасы кітап оқу мәдениетін қалыптастыруды ғана емес, сондай-ақ жас азаматтардың білім көкжиегін кеңейтуді көздейді. Ол үшін еліміздің барлық өңірінде қоғамдық кітап сөрелері орнатылды. Жоба үйлестірушісі Жұлдыз Жүнісова биылғы жылдың қорытындыларын шығара келе, алдағы жоспарларына тоқталды.
«Қауымдастық бұл жобаны әрі қарай да жалғастыруды көздеп отыр. Осы жылы құрылған әуесқойлар клубы мен әлеуметтік желілердегі парақшалар жұмысын жалғастыра береді. Сондай-ақ қауымдастық аймақтарда қойылған сөрелердің жаңа кітаптармен толықтырылуына және олардың сақталуына жауап береді», деді жоба үйлестірушісі.
Отандастарымызды кітап оқуға қызықтыру үшін жаңа технологиялар арқылы ақпарат беріп, әлеуметтік желідегі парақшаларда пайдалы мәліметтер жарияланып отырған. Одан бөлек Ұлттық аударма бюросы, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі және Қазақстан волонтерлер лигасымен меморандумдарға қол қойылған. Сауда және ойын-сауық орталықтарында және жоғары оқу орындарында kitap.kz электронды кітапханасындағы кітаптарға сілтемелер ілінді. Бұл – арнайы QR код арқылы қалаған кітапқа жедел қол жеткізуге ыңғайлы. Сөрелерді жаңа кітаптармен толтыруға облыстық кітапханалар да атсалысқан екен. Жастарға кітап оқып қана қоймай, ол туралы пікір алмасу да қызықты екені сөзсіз. Сол себепті өзі оқыған кітапты алмастыруға мүмкіндік беретін шаралар да ұйымдастырылған. Жоба авторлары осы секілді қызықты шаралар арқылы жастар арасында кітап оқуды қызық әрі пайдалы дағдыға айналдыруға болатынына сенімді.
Жұлдыз Жүнісова жастарды ынталандыру үшін арнайы байқаулар да ұйымдастырылғанын айтып берді.
«Әлеуметтік желіде «Кітап әлемінен сүйікті кейіпкеріме косплей» атты байқау өткіздік. 123 жұмыс қабылданды. Нәтижесінде, ақтық сында 30 туынды жүлдеге таласты. Жеңімпаздарға ноутбук, планшет, ұялы телефон секілді қажетті гаджеттер мен кітап дүкендеріне арнайы сертификат табыс еттік. Бұл кішігірім шара қатысушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, қатарластарымен бөлісуіне сеп болады», деп атап өтті Ж.Жүнісова.
Пандемияға дейін тұрғындар сөрелердегі кітаптарды үйіне алып кетіп, не сол жерде оқуға мүмкіндік алса, карантин кезінде оқырмандарға арналған онлайн шаралар өте бастаған. «Кітапқұмарлар» клубы жиі кездесіп, сүйікті кітаптарын, қай кітап бойынша кино түсіруге болатынын және өзге де тақырыптарды талқылап тұрған. Бұл шаралар жастарды кітап оқуға ынталандырып, ортақ қызығулығы бар өрендердің басын қосуға таптырмас алаңға айналды.
Іс-шарада тағы бір жобаның қорытындысы таныстырылды. «Жастар және инновациялар» жобасы іскер жастардың дегеніне жетіп, өз арасында кәсіби қоғамдастықтар қалыптастыруына жағдай жасауға бағытталған. 29-30 қазанда Bolashaq қауымдастығы осы мақсатта онлайн форум өткізді. Спикерлер инновация және кәсіпкерлік саласындағы соңғы жаңалықтарды айтып, өз тәжірибелерін ортаға салды.
Bolashaq қауымдастығы атқарушы директорының орынбасары Әлішер Дунгенин форумның халықаралық сипатқа ие болғанын атап өтті. «Шараға қатысуға Ресей Федерациясы мен Өзбекстан Республикасының азаматтарынан 500-ден астам өтінім келіп түсті, бұл ТМД елдері жастарының инновацияны оқуға және зерделеуге қызығушылығын көрсетеді», деді Ә.Дунгенин.
Қорытынды презентацияға 50-ден астам көрермен қатысты, олардың ішінде жобаның қатысушылары мен волонтерлер, әріптес ұйымдардың өкілдері бар.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала