Әлеуметтік желінің әлегі
Бүгінде адамзат баласының тұрмыс-тіршілігін, өмір сүру барысын интернетсіз елестету қиын. Электр қуаты қаншалықты маңызды болса, ғаламтор желісі де содан бір елі кем емес маңызға айналды. Әсіресе, әлемді пандемия жайлап, жұмыс, оқу барысы онлайн режімге ауысқанда интернетсіз жұмысымыз жүрмей, қолымыз байланатын болып барады. Алайда таяқтың екі ұшы барын да ұмытпаған жөн. Бұл шекарасы жоқ шексіздіктің игілігімен қатар өзіндік зияны да бар. Соның ішінде кәмелеттік жасқа толмаған балаларға кері әсер тигізетін кездер жиілеп кетті.
Ішкі істер министрлігі де осыған алаңдап отыр. Себебі интернеттегі құқыққа қарсы контенттің балалар мен жасөспірімдерге теріс әсер етіп жатқанын ең алдымен осы ведомствоның мамандары біледі. Сондықтан, интернет өмірдің барлық салаларына еніп, мемлекеттік және жеке қызметтер онлайн режімге ауысып жатқан кезде жаһандық желінің құқыққа қайшы тұстарын ұмытпаған дұрыс болар еді.
Мәселен, жүзіқаралар анонимді интернет-серфинг мүмкіндіктерін пайдаланады. Себебі, жеке парақшаларын құру кезінде өздерінің шынайы сауалнамалық деректерін көрсетудің қажеті жоқ. Мұндай бет-жүзін, шынайы аты-жөнін жасырған адамдар ең алдымен балалардың интернетті бақылаусыз пайдалануы кезінде ерекше алаңдаушылық тудырады.
– Желіде пайдалы контент қана емес, сонымен қатар балаларға, олардың денсаулығы мен психикалық дамуына теріс әсер ететін ақпарат кездеседі. Ата-аналар тарапынан отбасыларда және жақын ортада бақылаудың болмауы салдарынан балалар түрлі жайсыздыққа ұрынады. Интернетке олардың қадағалауынсыз кірген балалар зорлық-зомбылық пен порнография насихаттарын қарауы да ықтимал. Мұндай жағдайларда бала тек қарап қана қоймай, зорлық-зомбылықтың құрбаны да болып жатады. Немесе өздері қылмыс жасауына итермелейді, – дейді Криминалдық полиция департаменті киберқылмыспен күрес орталығы бастығының орынбасары Рүстем Дүйсетаев.
Мәселен, осы орталықтың мамандары интернет желісіне мониторинг жүргізу кезінде «Вконтакте» әлеуметтік желісінде порнографиялық фото және бейнематериалдардың таралу фактісін анықтады. Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері қызылордалық әріптестерімен бірлесіп, осы өңірдің 15 жастағы тұрғынын құрықтады. Тәртіп сақшылары тексеру жүргізіп, соның барысында порнография бейнелерін сату фактісін анықтады. Қамқоршысының және балалар психологының қатысуымен сұрақ алынған кезде күдікті жыл басынан бері әлеуметтік желілерде порнографияға интернет-сілтемелер сатып алып, оларды қымбат бағамен сатқанын мойындады. Бүгінде осы іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалды.
Сонымен қатар биылғы маусым айында Ақтау қаласында 35 жастағы ер адам ұсталды. Ол «Вконтакте» әлеуметтік желісінде 13 жастағы қызбен хат алмасып, оған интимдік сипаттағы суреттерін жіберуге мәжбүрлепті. Хат алмасу кезінде күдікті кәмелетке толмаған баланы жалаңаш фотосуреттерін жіберуге көндіріп, қосымша фотосуреттер жібермесе оны әлеуметтік желілер арқылы бөлісемін деп қорқытқан көрінеді. Бұл азамат кәмелетке толмағандарды азғырғаны және порнографияны таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Сондықтан, аталған ведомство ата-аналарды балаларын интернет желісінде қызықтыратын дүниелерді мұқият зерделеп, кәмелеттік жасқа толмағандардың телефондарында заңмен тыйым салынған материалдардың бар-жоғын тексеруге шақырып отыр.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала