жұма, 27 желтоқсан, 2024 5:07

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Үлгілі ауылдағы ілкімді іс

Үлгілі ауылдағы ілкімді іс
ашық дереккөзі
Үлгілі ауылдағы ілкімді іс

Шалғайдағы Мойынқұм ауданының  Биназар батыр атындағы ауылы аудандағы қандайда бір игі бастамаларды алдымен қолдап, оны жүзеге асырып келе жатқан ынтымағы жарасқан ауыл. Ауылдағы 252 отбасында 1320 адам тату-тәтті тұрады. Мұндағы Жандосов атындағы орта мектеп, «Балдәурен» балабақшасы, дәрігерлік амбулатория, клуб, кітапхана басқа да әлеуметтік орындар халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді. Жастарға салауатты өмір, танымды тәлім-тәрбие беруде «Қасымбек ата» мешітінің де өзіндік орны бар.

       Облысымыздағы «Үлгілі ауыл» конкурсына қатысып жатқан бұл ауылда атқарылып жатқан игілікті істерде аз емес. Ауылда «Жастар» саябағы ашылып, көшелерге электр жарығы қойыла бастады. Күні кеше ғана ауылдың Әлімқұлов, Қыдырбаев көшелерінің жол  жамылғысына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ауылдың көркі көркейе түскен еді. Енді міне облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың «Асарлатып үй салу» бастамасын олар ауданда алғашқылардың бірі болып қолдай жөнелді.

– Алдымен  ауылда қауымдастық, ардагерлер ұйымы, іскер әйелдер қауымдастығы мүшелерінің басы қосылған жиында ауылдағы көп балалы Мамыр Болысбаевтың отбасына асарлатып үй салып беруге келісімге келдік. Мұны ауыл халқы, жастар да бірауыздан қолдады. Себебі, Мамыр мен Жанар үш бала тәрбеиелеп отырған, басында баспанасы жоқ жандар еді. Көп ұзамай Мамырдың балалық шағы өткен Қуанбай Имашев атындағы көшеден арнайы жер бөлініп, үйдің іргетасын қалау жұмыстары басталып кетті,- дейді округ әкімі Бағдат Наурызбаев.

         Иә, округ әкімі Бағдат Балтабайұлының ұйымдастыруымен бұл жұмыс бүгінде қызу жүргізілуде. Алдымен үйге қажетті 6 мың дана саман кірпішті ауыл жастары бар болғаны оншақты күнде құйып тастаған екен. Сондай-ақ мердігерлер тарапынан жерді тегістеу, қажетті топырақтарды дайындау жұмыстары күні-бұрын дайындалды.

        Біз жақында ертемен құрылыс басында болғанымызда мұндағы қайнаған қызу еңбектің куәсі болдық. Құрылыс бригадирі Қалдыбек Әбішевтің басшылығымен ауылдың 20 жас жігіті үй қабырғасын көтеруде. Олардың арасында жұмыстан бос кезінде ауыл әкімшілігі, мектеп, балабақша, мал дәрігерлік бөлімінің жастары да өз көмектерін беруде. Ал ауыл жастары күнде осында екен.

      Осы күні қабырғасы жартылай көтерілген құрылыс алаңына аталған көшенің тұрғындары, ауыл әжелері Рәт Қыбыраева, Анаркүл Шыныбалаева, Үміт Сарыбаевалар да келіп, күні ертең-ақ өздерімен көрші болатын екі жасқа өздерінің ақ тілектерін айтты.  Асарға қатысып жатқан ауыл жастарына ризашылықтарын білдіріп, жағалай шашу шашты.  Ал ауыл ағасы Мұқан Мұсатаев ақ батасын берді. Аталған іс-шараға ауданнан арнайы келген қонақтарда өздерінің ақжарма тілектерін жеткізді.

– Соғылып жатқан үйге өз ауылымыз ғана емес осындағы екі көшені жөндеген «HUNTER-A» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Алпысбаев Дәурен Замирбекұлыда   өз үлесін қосып отыр. Ол құрылыс басына бірнеше көлік топырақ түсіріп беріп, 70 мың теңге ақшалай жәрдем берді. Ауыл маңында үлкен жолды салып жатқандар да сауабы мол игілікті істен тыс қалмады. Олар ауыл әкімінің сұранысын жерде қалдырмай қажетті топырағымызды жеткізіп беріп отыр. Аудан әкімі Мәден Мұсаевтың көмегі арқасында үйге қажетті есік, терезелерді Абай, Төлепбергенов атындағы мектептерден алдық,- дейді осы жұмыстың басы-қасында жүрген әкімшіліктің бас маманы Жанат Көпбаев.

       Округ әкімінің ұйымдастыруымен осы күні асарлатып салынып жатқан үйдің жанында қой сойылып, құдайы тамақ берілді. Оған қатысқандар аталған іске ақжол тіледі. Ал ауылдық округтің әкімі Б.Наурызбаев қалған жұмыстарды да ұйымдастыра отырып, көп ұзамай қоныс тойын тойлауды жоспарлап отырғанын  жасырмады.

      Өздеріне осындай асарлатып үй салып беріп жатқандарына Мамырдың жұбайы Жанар дән риза. Ол бұл үшін облыс, аудан, ауыл әкімдеріне, ауыл азаматтарына, басқа да көмек қолын созып жатқан мейірімді жандарға алғысын білдіріп отыр.

     Биназарлық жастардың  бүгінгідей еңбек қарқынына қарағанда ауылдағы қоныс тойын тойлайтын күнде алыс емес.

Сүндетулла ӘБІЛОВ,

Мойынқұм ауданы.

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар