Құмар ойынға тәуелді адамға бірінші кім көмектесе алады - психолог маманның пікірі
- авторИндира Тәліпқызы
- 5 шілде, 2024
- 590
Лудомания – қоғам дерті. Бүгінгі таңда құмар ойынға ес ауғандардың саны күн сайын көбейіп келеді. Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығының психологы Жанар Байгүтдиева науқасқа жақындары көмек қолын созып, арнайы мамандарға апаруы керек деген кеңес беріп отыр, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Жанар Байгүтдиеваның айтуынша, құмар ойынның құрығына түскен науқастарға уақытында көмек көрсетілмесе, олар суицидке де баруы ықтимал.
«Құмар ойындардың салдарынан адамның әлеуметтік қарым-қатынасы ғана емес, оның физикалық денсаулығы да нашарлайды. Адам психикалық тұрғыда шаршайды, сыртқы келбеті ішімдікке және есірткіге тәуелді адамға ұқсайды. Ойынқұмар адам өзін науқаспын деп санамайды. Оны кез келген кезде қоя саламын деп ойлайды. Бірақ әдет жалғаса береді. Ал жан-жақтан қарыз қысып, шешім таппаған кезде мұның арты депрессияға алып келеді. Осы кезде ішімдік пен наркатроптық препараттарға да әуестігі басталады. Осылайша науқастың санасында өзін алдау процессі жүреді. Мұның соңы қылмысқа апаратын жағдаймен жалғасын тауып жатады. Сонымен қатар суицидке апаруы да әбден мүмкін. Көбінде науқас өз проблемасын түсініп, дәрігерге бара алмайды, сондықтан оның жақындары маманға жүгіну мәселесін өз қолдарына алуы керек», - деді психолог.
Сондай-ақ, Жанар Байгүтдиева амбулаториялық жағдайда құмар ойындарға деген тәуелділікті тоқтату қиын екенін, сол себепті, науқастың стационар жағдайында ем алғаны дұрыс екенін алға тартқан.
«Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығында мамандар азаматтарға құпия және тегін түрде көмектесе алады», - деді психолог.
Айта кетейік, Қазақстанда орта есеппен 350 мың адам құмар ойынның құрбанына айналса, олардың орташа қарызы 10 млн теңгеден асады. Ал елімізде 10 жұптың 7-еуі құмар ойынның кесірінен ажырасады деген бейресми мәлімет бар.
Ұқсас жаңалықтар
Енді мұғалімдерді балағаттағандар қомақты айыппұл арқалайды
- авторjambylinfo.kz
- 18 желтоқсан, 2024