Мемлекеттік рәміздерді құрметтей алмаған мекеме қалай шәкірт тәрбиелемек?
- авторjambylinfo.kz
- 10 қыркүйек, 2020
- 284
Егемен еліміздің дербес мемлекет екенін көрсететін, елдігімізді айшықтайтын мемлекеттік рәміздерімізді құрметтеу әрбір қазақстандыққа міндет. Өкінішке қарай айбынды айшықтарымызға лайықты құрметті өзге емес, өзіміз көрсете алмаймыз кейде. Тіпті заңмен бекітілсе де еліміздің басты символдарын құрметтеуде немқұрайдылық танытатындар, салғырт қарайтындар әлі де азаймай тұр. Бұл сөзіміздің айқын дәлелі Тараз қаласы әкімдігі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның отырысында байқалды.
Комиссия отырысында Тараз қаласында мемлекеттік рәміздердің пайдаланылуы туралы мәселе қаралып, селқостық танытқан бірнеше мекеменің ісі сынға алынды. Анығырақ айтсақ аталмыш комиссия 17-21 тамыз аралығында көне шаһардағы 80 мекемеге зерделеу жұмыстарын жүргізген. Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Ұлана Сламбекованың айтуынша, зерделеу жұмыстарының нәтижесінде көптеген мекемелерде «Мемлекеттік рәміздер туралы» заңнама талаптарының сақталмағаны анықталған. – Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік рәміздері туралы» Заңының 4-бабы, 1.1-тармағында Мемлекеттік Ту және 6-бабы, 1.1-тармағында Мемлекеттік Елтаңба мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарының, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың ғимараттарында міндетті (ұдайы) түрде орналастырылады (көтеріледі, тігіледі) деп көрсетілген. Алайда мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығы мен №2 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі ғимаратының сыртында Мемлекеттік Ту орналастырылмаған. Конституциялық Заңның 13-бабына сәйкес, әрбір Қазақстан Республикасының азаматы мемлекеттік рәміздерді құрметтеп ұстауға, оларға ұқыппен қарауға міндетті болса, бекітілген мемлекеттік стандарттарға сәйкес рәміздерді жыртылған, кірленген, тозған, сынған қалпында қолдануға жол берілмейді. Мүгедектерді оңалту және бейімдеу орталығында, саңырау және нашар еститін балаларға арналған «Мейірім» арнайы түзету мектеп-интернаты, облыстық ведомствоаралық психологиялық-медициналық педагогикалық консультациясы, көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы, соқыр және нашар көретін балаларға арналған облыстық «Болашақ» арнайы мектеп-интернаты, өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы, дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубы ғимаратының сыртында орналастырылған Мемлекеттік Ту кірлеген, тозған, –дейді бөлім басшысы. Мұндай олқылықтарға жол бергендердің қатарында Н.Тілендиев атындағы көпбалалы және аз қамтылған отбасы балаларына арналған мектеп-интернаты, дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» лицей-интернаты да бар. Бұл мекемелердегі Елтаңбалардың тозығы жеткен. Зерделеу кезінде мемлекеттік ұйымдарда Мемлекеттік Тудың стандартқа сай келмейтін ұштықтарын пайдалану да орын алыпты. Мысалы соқыр және нашар көретін балаларға арналған облыстық «Болашақ» арнайы мектеп-интернаты ғимаратының сыртындағы және №3 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі басшысының кабинетіндегі Мемлекеттік Тудағы ұштықтар стандартқа сәйкес келмейді. Зерделеу кезінде мекемелердің тағы да бір мәселеде салғырттық танытқаны байқалған. Еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдарға ұсынған Мемлекеттік Елтаңбаны кезең-кезеңімен ауыстыру мерзімдерінің кестесіне сәйкес 2019 жылдың соңына дейін мемлекеттік органдардың ресми сайттарында, ресми басылымдарында, бланкілерінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының бейнесін ауыстыру қажет болатын. Алайда облыстық тері-венерологиялық диспансерінің бланкісіндегі Елтаңба бейнесі зерттеу жүргізгенге дейін ауыстырылмапты. Сондай-ақ Конституциялық Заңның 4-бабы, 1.12-тармағына, 2007 жылғы 2 қазандағы №873 қаулысымен бекітілген қағиданың 2-бабы, 5-тармағында ғимараттардағы Мемлекеттік Туға қараңғы уақытта жарық түсуін қамтамасыз ету айтылған. Мүгедектерді оңалту және бейімдеу орталығы, Тараз қалалық ведомствоаралық психологиялық-медициналық педагогикалық консультациясы, өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы, дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» лицей-интернаты, «Айша бибі» атындағы дарынды қыз балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» лицей-интернаты, Д.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы, №1, 3, 4, 6, 7 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектептері, дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубы, «Тараз-Арена» спорт сарайы, жедел медициналық жәрдем стансасы ғимаратының сыртында орналастырылған Мемлекеттік Ту түнгі мезгілде жарықтандырылмаған. Байқағанымыздай, мемлекеттік рәміздерімізге лайықты құрмет көрсете алмағандардың көбі өскелең ұрпақ тәрбиелейтін мекемелер. Елдік нышандарымызға құрметпен қарамаған мұндай мекемелер қалай шәкірт тәрбиелеп, балғындардың бойына патриоттық сезімді қалай қалыптастырмақ? Ал «Тараз-Арена» облыс орталығына батыс жақтан кіретін меймандардың көзіне алғашқы болып түсетін еңселі ғимараттарымыздың бірі. Түнгі мезгілде әуежайдан келетін қонақтар зәулім «Тараз-Аренадан» туды көрмесе не ойлайды? Бұдан бөлек еліміздің Заңында мемлекеттік рәміздер міндетті түрде орналастырылатын мемлекеттік мекемелерде тұрақты жұмыс істейтін комиссия құру да қарастырылған. Бірақ мұндай комиссия құрылмаған мекемелер де баршылық екен. Бәлкім комиссияның зерделеуімен анықталған кемшіліктер талқыға салынғаннан соң олқылықтар ретке келтіріледі деген үміттеміз.
Қ.Рахметуллина
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Илья Ильин тағы бір қызметке тағайындалды
Ұқсас жаңалықтар
«Заң және тәртіп»: Жуалыда прокурорлар жастармен кездесу өткізді
- авторjambylinfo.kz
- 20 желтоқсан, 2024
Енді мұғалімдерді балағаттағандар қомақты айыппұл арқалайды
- авторjambylinfo.kz
- 18 желтоқсан, 2024