сенбі, 28 желтоқсан, 2024 1:55

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Мейірім» жобасы Жамбылда жалғасын тапты

«Мейірім» жобасы Жамбылда жалғасын тапты
ашық дереккөзі
«Мейірім» жобасы Жамбылда жалғасын тапты

Осыдан 10 жыл бұрын облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен «Мейірім» жобасы қолға алынған болатын.  Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды әлеуметтік тұрғыда қолдауды мақсат еткен жоба Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында іске қосылып, өзінің тиімділігін көрсеткен еді. Бүгін аталмыш жасампаз жоба Жамбыл облысында жалғасын тапты. Осыған орай М. Үркімбаев атындағы Жастар сарайында жиын өтіп, жобаның тұсауы кесілді. Салтанатты рәсімге аймақ басшысы Б. Сапарбаев, облыс әкімінің орынбасары Е. Жылқыбаев, облыстық мәслихаттың хатшысы Б. Қарашолақов және әкімдік басқармалары мен өзге де мекемелердің басшылары қатысты.

Жиын Тараз қаласындағы «Мейірімділік мекені» балалар әлемінің тәрбиеленушілері туралы дайындалған бейнероликпен ашылды. Онда балдырғандардың күнделікті тұрмыс-тіршілігі көрсетілді. Ананың аялы алақанын, әкенің мейірім толған көзін көре алмай өсіп жатқан жеткіншектерді туған үйінен кем қылмай, қамқорлығына бөлеп отырған орталықтың жан-жақты жұмысы таныстырылды.

Сонан соң сөз кезегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа берілді.

– Қадірлі жерлестер! Қамқорлыққа мұқтаж азаматтарға қол ұшын созып, демеу көрсету – атамыздың қанымен, анамыздың сүтімен бойымызға сіңген қасиет. Жалпы, адам баласы қаншалықты бір-біріне мейірбан, қамқор болса, ол да қоғамның ізгілене түсуіне қосқан үлесі, азаматтық борынышың орындалуы деп білемін.

Қазақ – жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған халық. Оны өз тарихымыздан жақсы білеміз. Мәселен, өткен ғасырдың басындағы ашаршылық пен қуғын-сүргін уақытында елімізге қоныс аударған қаншама өзге ұлт өкілдерін туысынан кем көрмей, бауырға басты. Бұл бізге үлкен өнеге болды. Сондықтан, мұқтаж жандарға  көмек беру аймақтағы кәсіпорын басқарып, өз кәсібімен айналысатын атпал азаматтардың бір міндеті деп білу қажет. Бұл – әркімнің өскелең ұрпақ алдындағы әлеуметтік парызының орындалуы деп ойлаймын.

Қазір аймақта жұмыс істеп жатқан бірқатар өнеркәсіп орындары облыс тұрғындарына жан-жақты көмек беріп жатқанынан хабардармыз. Ендігі кезекте бұл жұмыстар жалғасын табуы үшін аталмыш жобаны іске қосқалы отырмыз.

Елімізде әлеуметтік ахуал жақсарған сайын балалар үйі тәрбиеленушілерінің саны азайып келеді. Дегенмен, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балақайлар әлі де бар. Біздің міндетіміз – оларға барынша қолдау көрсетіп, қоғамның толыққанды мүшесі атанып, еліне адал қызмет ететін азамат болып өсуіне, өмірден өз орнын табуына жәрдемдесу, – деген аймақ басшысы осылайша жетімдер үйінің тәрбиеленушілеріне сапалы білім алып, мамандық иесі атануға, жұмысқа орналасуға, баспаналы болып, отбасын құруға қолдау білдіру қажеттігін айтып өтті.

Аймақ басшысының айтуы бойынша, жоба тұжырымдамасына сәйкес, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекемелердегі асыраушысынан айрылған 134 балақайдың өмір сүру сапасын әлеуметтік және құқықтық кепілдіктерді қамтамасыз ету арқылы жақсартуға бағытталған жұмыстар жүргізілмек. Бұл мақсатта 87 мемлекеттік мекеме мен ірі кәсіпорындардың басшылары жауапты тұлға есебінде бекітілген екен. Бұл азаматтар балалардың қанаты қатайып, үлкен өмірге қосылғанынша есепшоттарына қаржы құйып, өзге де мәселелер бойынша қолдау көрсетеді. Сондай-ақ, тұрақты жұмысқа орналасып, баспаналы болуын да өз бақылауларына алады.

Келесі кезекте сахнаға балалар үйінің тәрбиеленушісі Альбина Қадырова көтеріліп, аймақ басшысына өзі секілді бүлдіршіндерді қамқорлығына алғаны үшін алғысын айтты.

– Мен 6 сыныпта оқимын. Оқу үлгерімім жақсы. Болашақта оқу грантын иеленіп, өзім армандаған маман атансам деймін. Үлкен үйім болса деп армандаймын. Бүгін сол арманыма бір табан жақындаған сияқтымын. Облыс əкімінің қолынан қаржылай сертификат алғаныма қуанып тұрмын,- дейді Альбина Қадырова.

Өз кезегінде Бердібек Машбекұлы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» шотына баспана алу үшін Альбинаның есепшотына бастапқы жарна есебінде құйылатын 1 млн. теңгенің сертификатын табыстады. Сондай-ақ, балаларды өмірлік сүйемелдеу туралы үшжақты әлеуметтік келісім шартқа қол қойды.

 width=

Бұдан бөлек, жиын барысында ҚР Еңбек Ері, «Казфосфат» ЖШС бас директоры Мұқаш Ескендіров  Данил Котурбаевқа және Татьяна Шевелеваға, облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов Аркадий Овчинниковқа, «Altais Grop» ЖШС директоры Әлімбек Жұмабаев Николай Морозовқа, «Арайстроймаркет–2003» ЖШС директоры Арман Еділбаев Виктория Онищенкоға да осы сомма көлеміндегі сертификаттар табыстады.

 width=

Сонан соң балалар үйіндегі жеткіншектерге жәрдемін беріп жүрген жамбылдық жомарт жандар туралы дайындалған бейнеролик көрсетілді. «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы» басшысы Айжан Мейірханова облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа баянды бастаманың Жамбылда жалғасын тапқаны үшін алғысын айтып,  барша жүрек жылуын аямаған азаматтарға ізгі тілегін білдірді.

Шара соңында орталық тәрбиеленушілері өз алғыстарын әнмен жеткізіп, жиылған жұрттың жүрегін тебірентті.

 width=
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар