бейсенбі, 21 қараша, 2024 20:35

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Науқастарды дәретке отырғызып, астын тазалайды». Депутат санитарлардың жалақысын өсіріп, пәтер алуда жеңілдік беруді сұрады

«Науқастарды дәретке отырғызып, астын тазалайды». Депутат санитарлардың жалақысын өсіріп, пәтер алуда жеңілдік беруді сұрады
Ауруханадағы тазалық қызметкерлері. Коллаж: Ернар Балғабай
Мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіков Қазақстанның ауруханаларында ең ауыр жұмыстардың бірін атқаратын санитар қызметкерлердің жалақысын екі есе өсіріп, жылына бір рет демалысқа жіберу керек деген ұсынысын жария етті, деп хабарлайды jambylinfo.kz.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың атына медициналық әлеуметтік мекемелердің кіші персоналдардың әлеуметтік жағдайы туралы депутаттық сауал жолдаған ол жұмысшылардың осы санатына баса назар аудару керек деген пікірін жеткізді.  


«Әсіресе операциялық блокта жұмыс жасайтын медперсонал қызметкерлері. Операциядан соң жуатын да, тазалайтын да солар. Отадан кейінгі орынды тазалау да оңай емес. Медициналық қоқыстарды шығару да солардың мойнында. Себебі қоқысты жоятын арнайы мамандарға уақытылы дайындап қою керек. Және де операциялық құралдардан, жуатын химиялық заттардан болатын радиация да бар. Және де психо-эмоцианалды көрсеткіш үшін дәрігерлерге, медбикелерге үстемақы төленеді, кіші персоналға төленбейді», - дейді Мәжіліс депутаты. 


Таңсәуле Серіковтің айтуынша, реанимацияда жұмыс істейтін де осы кіші медициналық персонал қызметкерлері, ауыр халде жатқан адамдарға, жандарын шүберекке түйіп, көздері жәутеңдеп көмек күткен науқастарға көмектесетін де осы кіші қызметкерлер. 


«Тіпті, ұлы сөзде ұят жоқ, дәретке отырғызу, орнын тазалау, тағы да басқа қызметтер жатады. Және кіші персоналдар үшін ауыр жұмыстың бірі ол хосписте. Әрине, ондағы жағдайды ешкімге тілемейміз, бірақ онда соңғы күндерін өткізіп жатқан ауыр науқастар жататыны белгілі. Ол жерде кіші медперсонал қызметкерлері ауыр жұмыстар атқарады. Сонымен қатар олардың қатарында психодиспансер мен туберкулездік диспансерлердегі медициналық кіші қызметкерлер бар.  Олардың  күнделікті жасайтын жұмыстары, оның ішінде төсектен тұрғызу, киіндіру, жуу, тамақ сусын ішкізу, дәретхананы пайдалану, күту сияқты т.б қызметтер жатады», - дейді ол. 


Серіков осынша ауыр жұмыс жүктелген санитар дәрігерлердің жалақысы тіпті 100 мың теңгеге де жетпейтінін айтып, мәселе көтрді. 


«Міне, осындай ең ауыр жұмыстарды атқаратын қызметкерлердің, хирургиядағы санитарлардың жалақысы өте аз. Деректер бойынша 90 мыңның шамасы. Тіпті кереметтей үстемақы қосқанның өзінде 100-120 мыңнан аспайды. Неге? Себебі олар кіші медициналық персонал! Сонда әділдік қайда? Биылғы жаңа жылдан бастап 25 пайыз қосылды деді, бірақ ол 5-6 мыңды ғана құрайды. Оның өзінде ол ақша әлі бөлінбеген. Иә, ем жасайтын дәрігерлердің еңбегі бар, бірақ ауыр жұмыстар атқаратын осы қызметкерлердің еңбегі неге бағаланбайды? Ауылдық жерлердегі осы санаттағы қызметкерлерге ауылдық квота мүлде қосылмаған», - дейді депутат. 

Осыған байланысты ол Үкіметке мынандай ұсыныстарын жария етті: 

 

  •  Осы қызметкерлердің жалақысы кем дегенде 2 есе көтерілсін. 
  •  Жылына бір рет санаториялық профилактикалық орындарға жұмыс беруші есебінен жолдама берілсін.
  •  Пәтер алу үшін жалақысын ескере отырып, жеңілдетілген несие берілсін.

Бұл ретте шетелдің тәжірибесіне сүйенген Таңсәуле Серіков Германияда санитар дәрігерлерге медбикелердің көмекшілері (ассистенттері) деген мәртебе берілгенін, мұндай мемлекеттік сектор қызметкерлерінің жалақысы 1800-ден 2600 еуро, яғни, теңгемен есептегенде 900 мыңнан 1 млн 300 мың теңге аралығында екенін атап өтті. 


«Германияның мемлекеттік бюджетінің деңгейі Қазақстанның республикалық бюджетінің деңгейімен салыстыруға келмейтіні түсінікті. Алайда, Қазақстанда жұмыс істейтін азаматтарға көңіл бөлінбейінше, еңбекке қабілетті азаматтар шетелге кете береді. Және де санитар атауын медбикенің көмекшісі немесе ассистенті атауына өзгерту керек деп санаймын. Себебі, санитар дегенде қоқыс жинап, тек тазалық жұмысын атқаратын сияқты көрінеді. Керек десеңіз санитарлар науқасқа екпесін да салып, берілген дәрісін де ұсынып, медбике қызметін де атқарады», - дейді ол.

Нұргүл Әубәкірова
Автор

Нұргүл Әубәкірова

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар